«Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең», «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. «Аға буын өкілдерін, қазыналы қарттарымызды құрметтеу, бүгінгі ұрпақ яғни біздің басты парызымыз. Қарияларымыздан әрдайым үлгі аламыз және соларға еліктеп өсеміз.
Биылғы Халықаралық Қарттар күні мерекесі қарсаңында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, бірқатар мешіт қызметкерлері мен шәкірттер «Қарттарға құрмет-ұрпақ парызы» - деген атаумен шаһардағы жасы ұлғайып, қамқорлыққа мұқтаж жалғызбасты қарттардың үйіне арнайы барып, хал-жағдайларын білді.
Көпшілікке белгілі,қоңыр күз келіп, күн суыта бстады. Сондықтан олардың жайын ойлап, ағаш жарып, қыстық отындарын дайындауға көмектесті.
Сонымен қатар қалалық мешіттің қарт намазхандарына арнайы дастархан жайылды. «Қыздар және әйелдер секторы» ақжаулықты аналарға құрмет көрсетіп, «Қарттарым – асыл қазынам» атты шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Мұнда иләһи және дәстүрлі ән-жырлар, тағылымды да ғибратты көріністер қойылды. Қатары сирей бастаған қарттарымыз бен ақжаулықты аналарымыз басқосу барысында өздеріне осындай ілтипат көрсеткен мешіт ұжымына алғыстарын жаудырды.
Кездесу соңында шақырылған қонақтарға мешіт атынан бағалы сыйлықтар мен діни кітаптар тарту етілді.
Қарияларды құрметтеу шарасы Арқалық қаласына қарасты мешіті бар ауылдарда да жалғасын тапты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының РАНТ мүшесі Ризабек Батталұлы өңірімізде іс-сапармен болды. Есімі елімізге танымал дін қайраткері облыстық мешіттің жамағатымен жүздесіп, «Мешіт әдебі» тақырыбы аясында уағыз өткізді.
Сонымен қатар республикамызға белгілі теолог Рүстем Сыздықов та Қостанай облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасында, №1 және №3 қалалық емханаларда жұртшылықпен кездесті. Ол жиналғандарға терроризм мен экстремизмге қатысты дәріс оқыды.
Мәселен, дін істері жөніндегі басқармасындағы жүздесуде жергілікті ақпараттық насихат тобындағы имамдар, діни мәселелерді зерттеу орталығының қызметкерлері және сол мекеменің мамандары көп жайға қанықты.
Осы басқосуда жиналған жұртшылық РАНТ мүшелеріне көкейде жүрген нақты сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды.
Жалпы, мәртебелі қонақтары өңірге сапары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жерлестеріміз ұмытылмас әсерге бөленді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Cенатының депутаттары Қостанай өңіріне арнайы іс сапармен келген болатын.
Олар пайдалануға берілгеніне 1 жыл ғана болған облыс орталығындағы «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіне атбасын бұрды.
Мәртебелі қонақтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет қарсы алды.
Сенат депутаттарына өзінің ризашылығын жеткізіп, олардың ата-бабаларының аруақтарына бағыштап Құран оқыды. Мешіт ұжымының алда тұрған келелі міндеттері жайлы әңгімеледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен ауыл имам-молдаларының аймақтық семинары болып өтті. Оған облыстық мешіттің найб имамдары, Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелді аудандарына қарасты ауыл молдалары, қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы қатысты.
Бұл семинардың басты мақсаты-ауылдық жердегі имам-молдалардың діни сауатын арттыру, ҚМДБ-ның тарапынан шығып жатқан пәтуалармен таныстырып, оны халыққа дұрыс жеткізе білу.
Семинарды Арқалық қаласының бас имамы Бектұрсын Уәлиев ашып, басқосудың негізгі мәнімен таныстырып өтті. Содан кейін облыстық мешіттің найб имамы Дархан Сыздықов сөз алып, барша қатысушыларға өкіл имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлының игі сәлемдемесін жеткізіп, оларға жұмыстарында нәтижелі табыс тіледі.
Белгілі дін қайраткері осы басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен және Ғұламалар кеңесінің бекітуімен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының ерекше мазмұнымен таныстырды.
Осынау құнды еңбекте бүгінгі таңда аса өзекті болып отырған жаназа намазы, жерлеу рәсімдері мен қабір зияраты, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жайлы жан-жақты айтылған.
Бұл кітапты шығарудағы негізгі міндет – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу екендігін баса айтты. Ондағы әрбір тарауға жеке-жеке тоқталды.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы аса маңызды тәртіпті сақтау, басшыға бағыну секілді өзекті тақырыптарда да әңгіме қозғап, ғибратты тәмсілдерін жүректерге жеткізе білді.
Жиын соңында имам-молдалар қозғалған тақырыптарға байланысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды.
Семинарды «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Б.Торғайбайұлы қорытындылады. Басқосуға қатысқан ауыл имамдарына алдағы уақыттағы жауапты қызметтерінде табыс тілеп, мешіттерді нағыз парасат және рухани ордаға айналдыруы қажеттігін айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша жаңа оқу жылының алдында қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылатын «Біз мектепке барамыз» атты акциясына Арқалық қалалық мешіт қызметкерлері де өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Шаһарда орналасқан №12-ші жатақханада тұратын әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында 30 оқушыға мектепке қажетті оқу-құралдары мен киім-кешектер табыс етілді.
Бұл қайырымдылық шарасына қалалық білім бөлімі және мешіт қызметкерлері, сондай—ақ жергілікті кәсіпкерлер мен ата-аналар қатысты.
Осынау басқосуда қалалық мешіт бас имамы Бектұрсын Уәлиев өз сөзінде мектепке баратын жас ұрпаққа: «Сіздер жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Оқу инемен құдық қазғандай деп босқа айтылмайды. Сондықтан да алғашқы күннен бастап білімге ерекше ден қойыңыздар. Өздеріңізден үлкен үміт күтіп отырған ата-аналарыңыздың сенімін ақтаңыздар. Бәріңізге тек ғана сәттілік тілеймін„ деп, оларға ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, қаладағы мұндай игілікті шараны өткізудегі басты мақсат көп балалы отбасындағы ұл мен қыздарға қамқорлық көрсету болатын. Бұл ізгі ниет те ойдағыдай жүзеге асырылды.
Ең бастысы көмекке мұқтаж бүлдіршіндер ештеңеге алаңдамай сабақтарына кірісті. Ата-аналардың да көңілдері тоқ.
-Әрине бұл алғаш рет ұйымдастырылып отырған қайырымдылық шарасы емес. Бұдан бұрын да талай отбасыларындағы балдырғандарға қолымыздан келгенше қол ұшын бердік. Мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, -дейді «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінді.
Өз кезегінде мешіт тарапынан үлкен қамқорлықты сезінген ата-аналар оларға шын жүректен шыққан алғыстарын білдіріп, имандылық жолындағы жұмыстарында тек ғана табыс, отбастарына ырыс-береке тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен „Мектепке жол„ акциясы биыл да өткізілетіндігін жазған болатынбыз.
Жақында яғни қасиетті жұма күні облыстық мешітте ата-анасының қарауынсыз қалған және күнкөрісі төмен отбасыларындағы бүлдіршіндерге көмек көрсету мақсатында арнайы қайымдырылық шарасы болып өтті.
Бұл жиынды қадірменді ақсақал, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин ғибраты мол адамгершілік пен имандылық жайлы лебіздерімен ашты.
Алғашқы сөзді облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет алып, көпшілікке және басқосқан балдырғандарға бағышталған шын жүректен шыққан шынайы сөзін жеткізді. Сонымен қатар ол жаңа оқу жылы басталар күнге де санаулы уақыт қалғандығын тілге тиек ете келіп, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Содан кейін ол залда отырған балаларға ертең қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған ұл мен қыздарға, сондай-ақ өзге де қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндерге алдын ала дайындалған сөмкелер мен сабақ барысында қолданатын құрал-жабдықтарды тапсырды.
Осы басқосуға облыс бас имамының орынбасарлары да қатысты. Сондай-ақ өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де қалыптасқан дәстүр бойынша елеулі оқиғаға куә болды. Суретке түсіріп, ыстық ілтипатқа бөленген бірқатар балаларды әңгімеге тартты.
Біз де бірқатар балалар мен олардың ата-аналарымен сұхбаттастық. Мәселен, төрт баланың анасы Наташа Лисицына былай деді:
-Мен көп балалы анамын. Биыл үш перзентім жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Әрине, олардың бәрін алдағы білім ордасына әзірлікпен баруға дайындау да оңай емес. Қаншама қаражат қажет.
Сондықтан біздің жағдайымызды түсініп, өздерінің нағыз адамгершілік асыл қасиеттерін көрсеткен яғни Бахытбек қажы Нұрғабылұлы басқаратын облыстық мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан алғысымды білдіремін. Олардың жасаған қайырымдылығын ешқашан ұмытпаймыз.
Сонымен қатар облыс орталығындағы №9 қазақ орта мектебінің оқушысы, 9 жасар Кәмила Махметова да өзінің жан толқынысын жасыра алмай:
-Біздің қамымызды ойлап, осындай қайырымды шараны ұйымдастырған барша азаматтарға дән ризамыз. Бүгін алған сөмкем өзіме өте ұнайды,- деді.
Ал 15 жасар Сұлтан Карин биыл Қостанай шаһарындағы автокөлік колледжіне құжатын тапсырғалы отыр. Ол да өзіне қаржылай қол ұшын берген мешіт қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Жалпы алғанда облыс бойынша шара аясында мектепке қажеттi заттар, оқу құралдары, мектеп формасы мен қажетті спорт киімдермен 171 оқушы қамтамасыз етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша мұсылмандар қауымы Қостанай облыстық жаңа мешітіне ерте жиналды. Олардың арасында ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымыз бен жарқын болашағымыз жастар да көп болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі және облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет айтулы мереке Құрбан айттың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Әруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Құрбан айт намазынан кейін барша ағайындар Федоров трассасының бойында орналасқан «Қостанай мал базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы бөлінген орнына судай ағылып, құрбандық шалды.
Сонымен қатар осы күні облыстың Лисаков қаласында жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды. Оған облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы арнайы қатысып Мүфти хазреттің, жергілікті мұсылман бауырларымыз бен қонақтарға шынайы лебізін және мешіт нағыз имандылық ордасына айналсын деген игі тілегін жеткізді.
Міне, осылайша Құрбан айт барша жұртшылықтың есінде қалды. Әрине, жылдағыдай күнкөрісі төмен отбасылары мен қамқорлыққа мұқтаж жетім-жесірге де айрықша назар аударылып, құрбандық малынан ет таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мьянмада орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. Жергілікті тұрғындарға жасалған қасіретті қатаң айыптайды.
400-ден астам адамның өмірін қыршыннан қиған қасіретті оқиға әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман жұртының ғана емес барша адамзаттың алаңдаушылығын тудыруда.
ҚМДБ еліміздегі барша халықтан нақақтан құрбан болған, зорлық, зомбылық көрген адамдар үшін Бір Алладан дұға етуді сұрайды. Өйткені Алла елшісі: «Дұға мұсылманның қаруы» деген. Мьянмадағы адамды азаптап өлтірудің шектен шыққан бұл көрінісі біздің де жанымызға қатты батты.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамның қанын төгу – жер бетіндегі бүкіл адамды өлтіргенмен бірдей», – деп ескерткен. Алланың күллі адамзатқа жіберген бұл ашық ескертуін ұмытпауымыз керек.
Жаратушы Иеміз барша адамзат баласына мейірім-шапағат, бейбіт өмір, ынтымақ, сабыр берсін!
2017 жылдың 1 қыркүйегі – Құрбан айттың бірінші күні!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!
Сұрақ: Әһлі-сүнна ғалымдарының Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы туралы ұстанымы қандай?
Жауап: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы тозақ иелерінен емес. Керісінше, құтылушы топтардың қатарына кіреді. Бұл әуелгі (сәләфу солих) және кейінгі (хәләф) буын ұлы ғалымдарының көзқарасы. Сондай-ақ, әл-Азһар әш-Шариф ғұламалары әрі Мысыр елінің пәтуа комитеті осы пікірді ұстанады. Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі шейх Мұхаммед Бахит әл-Мутғи Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы иман келтірмеген деушілерге берген жауабында: «Расында, олар қатты қателеседі әрі күнәһар болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян берушілер тобына кіреді. Бірақ оларды күпірлікпен айыптамаймыз. Өйткені бұл мукәллафқа (ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен адам) егжей-тегжейін білуі тиіс болған діндегі маңызды нәрсе емес. Бұл шариғи дәлелдер құптайтын дұрыс пікір әрі бетке ұстар ғұламалардың көзқарасы».
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жөнінде жаман ойда болу Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәбір көрсету болып саналады. Алла Тағала Құранда:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ رَسُولَ اللَّهِ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Ал Алланың елшісін жәбірлегендерге ауыр азап бар»[1].
إِنَّ الَّذِينَ يُؤْذُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأَعَدَّ لَهُمْ عَذَابًا مُهِينًا
«Расында, Аллаға, Елшісіне реніш бергендер, соларға дүние, ақыретте Алла қарғыс беріп, оларға қорлаушы азап дайындады»[2], - дейді.
Әл-Қади: «Біз Раббымыз және Оның елшісі разы болатын нәрселерді ғана айтамыз. Сондай-ақ оның абыройына дақ түсірмейміз әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) разы болмайтын сөздерді айтып жәбір бермейміз», - дейді[3].
Шейх Шиһабуддин Ахмад әл-Халауани әл-Халижи әш-Шәфиғи «Мауакибу рабиғи фи маулуди әш-шафиғ» атты кітабында: «Жалпы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасын кәпір деп айту құрметсіздік және қателесушілік. Алла бұдан сақтасын. Кім бұл сөзді айтса Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян еткенмен тең.
Икрима бин Әбу Жәһил Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп адамдар әкесін балағаттап жатыр деп шағымданады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Марқұмдарды балағаттап тірілеріне зиян бермеңдер»[4] дейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірінде тірі екеніне күмән жоқ, оған біздің амалдарымыз ұсынылып тұрады. Егер Икриманың әкесін балағаттап зиян бермеңдер деп тыйым салған болса, онда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян бермеу одан да лайықтырақ. Сондай-ақ, Субайға бинт Әбу Ләһаб Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Адамдар маған тозақ отынының қызы деп айқай салып айтып жатыр» дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты ашуланып: «Менің тегіме, туыстарыма тиісіп, маған зиян берген адамдарға не көрінді. Біліп қойыңдар! Кім менің тегіме, туыстарыма зиян берсе, онда маған зиян бергені. Кім маған зиян берсе, онда ол Аллаға зиян бергені» деп айтады»[5].
Әһлі-сүнна ғалымдары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы құтылушы топтардан деген көзқарасты құптайтын бірнеше дәлелдер келтірді:
1) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келмей жатып қайтыс болған. Ал Алла Тағала бір қауымға ескертуші жібермейінше азаптамайды. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:
وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّى نَبْعَثَ رَسُولا
«Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз»[6]. Бұл аят Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы азапталмайтынына дәлел болады. Яғни оларға пайғамбарлар жіберілмеген. Олардың үкімі жөнінде Шатиби: «Алла Тағаланың пенделеріне жазып қойған хикметі жүзеге асады. Соның бірі істеген іс-әрекеттеріне пайғамбарлар жібергеннен кейін ғана жаза қолданады. Егер оларға құжат тұрғызылса, қалағанынша мұсылман болсын немесе қалағанынша кәпір болсын. Әркім істеген ісіне сай жазасы мен сыйын алады»[7], - дейді.
2) Ол екеуі Ибраһим пайғамбардың (а.с.) дінінде болған. Бұл бірқатар ғалымдардың көзқарасы. Солардың бірі Фахру әр-Рази өзінің «Әсрару әт-тәнзил» атты кітабында: «Осы көзқарасты құптаған ғалымдар мына аятты дәлел ретінде алға тартты. Алла Тағала Құранда:
ٱلَّذِي يَرَىٰكَ حِينَ تَقُومُ. وَتَقَلُّبَكَ فِي ٱلسَّٰجِدِينَ
«Сені (намазда) тұрған кезіңді көретін және сәжде жасаушылардың ішіндегі қозғалысыңды»[8]. Яғни Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәжде етушілердің беліндегі қозғалысы деген мағынаны білдіреді. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкесі мүшрік болмағанын аңғартады. Хафиз әс-Сиюти «әл-Хауи» атты кітабында имам әр-Разидің сөзін былай келтіреді: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкесі мүшрік емес екеніне Алла елшісінің: «Таза жандардың белінен таза әйелдердің құрсағына ауысып отырдым» деген хадисі дәлел болады. Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда:
إِنَّمَا الْمُشْرِكُونَ نَجَسٌ
«Расында, мүшріктер – нәжіс»[9] - деген. Сондықтан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-бабалары мүшрік болмаған деп айту уәжіп»[10].
3) Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасын тірілтіп, оған иман келтірген. Бұл Хафиз Хатиб Бағдади, Хафиз ибн Шәһин, имам Ибн әл-Мунаиир, имам әл-Мухиб әт-Табари, имам Құртуби, Хафиз Әбу Фаттах бин Сайдуннас, Хафиз ибн Насыруддин әд-Димашқи, Хафиз әс-Сиюти сынды бірқатар мухаддис т.б. ғалымдардың көзқарасы. Оған дәлел ретінде әлсіз хадистерді алға тартады. Бірақ ол бірнеше жолмен келгендігі үшін хасан дәрежесіне дейін көтерілді.
Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасына кешірім сұрауына тыйым салынған хадис туралы: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасының тірілуі жөніндегі хадис тыйым салынған риуаяттан кейін келіп оның үкімін жойған» деп жауап берді. Хафиз әс-Сиюти «әл-Хауи» атты кітабында имам Құртубидің сөзін былай келтіреді: «(Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасың) тірілтуі туралы хадис пен оларға жарылқау тілеуге тыйым салынған риуаяттың арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Ол екеуінің тірілуі туралы келген риуаят оларға кешірім сұрауға тыйым салынған хабардан кейін келген. Оған Айша анамыздан жеткен хадис дәлел болады. Өйткені ол қоштасу қажылығында еді. Сол себепті, Ибн Шаһин соңынан келген риуаят бірінші жеткен хабардың үкімін жояды деді»[11]. Хафиз әс-Сиюти: «Бірнеше хадис мамандары айтқандай, Алла Тағаланың Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасын тірілткені жайлы келген риуаят жалған хадис емес. Керісінше, ол ізгі амалдарға әсіресе осы мәселеге байланысты риуаят етуге рұқсат етілетін әлсіз хадистердің құрамына кіреді»[12] дейді.
Ал Муслим риуаятындағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббымнан анама жарылқау сұрадым, бірақ рұқсат бермеді. Қабірін зиярат етуді сұрағанымда рұқсат берді»[13], сондай-ақ: «Бір кісі: «Уа Алла елшісі! Менің әкем қайда болады?» деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тозақта»,-деді. Кері бұрылып кетіп бара жатқанда, оны шақырып алып: «Расында, менің әкем де, сенің әкең де тозақта»,-деді»[14],-деген хадиске келсек, бірінші хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасы тозақта деп ашық айтылмаған. Кешірім сұрауға рұқсат етпеу мүшрік екеніне дәлел емес. Өйткені оған қабірін зиярат етуге рұқсат берді. Ал мүшріктердің қабірін зиярат етуге болмайды. Екінші хадисте «әке» деген сөзді «көкесі» деп түсіндірсек болады. Өйткені Әбу Толиб пайғамбарлық келгеннен кейін қайтыс болды әрі шәһада айтып өтпеді. Арабтар көкесін «әке» деп те атаған. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:
وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ لأبِيهِ آزَرَ أَتَتَّخِذُ أَصْنَامًا آلِهَةً إِنِّي أَرَاكَ وَقَوْمَكَ فِي ضَلالٍ مُبِينٍ
«Сол уақытта Ибраһим әкесі Әзерге: «Бұттарды тұттыңдар ма? Расында мен сені де еліңді де анық адасуда көремін» деген»[15], - деді. Ибн Кәсир т.б. тәпсір ғалымдары Ибраһим пайғамбардың әкесінің аты Тарих болған дейді. Алайда аталмыш хадистердің түсіндірмесіне жүгінбей тікелей түсініп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы құтылмайды деп осы екі хадисті алға тартушыларға: «Бұл екі хадисті тікелей түсіну жоғарыда баяндап өткеніміздей аяттың мағынасына қарама-қайшы болғандықтан оны қабыл алмаймыз» деп жауап беріледі[16].
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жайлы Ибн Әбидин: «Жалпы кейбір ғалымдарымыз айтқандай бұл мәселені талқылау барысында әдептілік қағидасын ұстану керек. Өйткені мұны білмеген адам қабірінде және қияметте сұралатындай мәселе емес. Сондықтан бұл тақырыпты қозғағанда артық сөз айтудан сақтанып, тек жақсы сөз сөйлеген дұрыс»[17] деген пікір айтқан.
Осыған орай, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жөнінде жақсы пікірде болу баршамыздың міндетіміз. Алла толық білуші!
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі [1] «Тәубе» сүресі, 61-аят. [2] «Ахзап» сүресі, 57-аят. [3] Али Жума, «әл-Баяну әл-Қауим» 51-б. [4] Табарани риуаяты. [5] Мауакибу рабиғи фи маулуди әш-шафиғ, 356-б. [6] «Исра» сүресі, 15-аят. [7] Әл-Муафиқат, 3/377. [8] «Шұғара» сүресі, 218-219 аяттар. [9] «Тәубе» сүресі, 28-аят. [10] Әл-Хауи, 2/199. [11] Әл-Хауи, 2/218. [12] Әс-Сюти, «әт-Тағзиму уә әл-Минна», 3-б. [13] Муслим риуаяты, 2/671 [14] Муслим, 1/191 [15] «Анғам» сүресі, 74-аят. [16] Али Жума, «әл-Баяну әл-Қауим» 54-55. [17] Хашияту Ибн Абидин, 3/185. fatua.kz