Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Вторник, 03 Ноябрь 2015 17:48

Мешіттің нағыз жанашырлары

Бүгін әңгіме арқауына айналып отырған бауырларымыз Руслан және Раушан Шакаровтардың аты-жөні Қостанай өңіріне кеңінен белгілі. Олар бұл күндері облыс орталығында тұрады.

Алайда өздерінің туған жерлерін ешқашан да ұмытпайды. Қолдарынан келгенше қайырымдылық мақсатында көмек көрсетіп келеді. Бұл орайда олардың аудандық «Балықты» мешітінің тұрақты демеушілері екендігін айтып өткендігіміз лазым.

Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік. Бұл күндері елімізде 2016 жылға баспасөзге жазылу науқаны қызу жүріп жатыр. Қостанайдағы ерлі-зайыпты Руслан мен Раушан Шакаровтар қазақ тіліндегі діни басылымға жазушыларға қолдау көрсетуді өзіміздің ана тілімізге көрсетілген құрмет деп түсінеді.

Сондықтан да болар, жуырда ғана олар ауданда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көп балалы аналарға, мұғалімдерге және басқа да азаматтарға 50 дана республикалық «Ислам және өркениет» газетін өз қаражаттарына жаздырып берді.

Әрине, қайырымдылық, адамгершілік секілді қасиеттер адам баласының бойына жастайынан ата-аналарынан алған тәрбиесінен дариды деп босқа айтылмайды. Бұл өте орынды да.

Отағасы Русланның әкесі Төлепберген ағамыз бен анасы Мағира апамыз есімдерін ел сыйлаған ардақты жандар. Екеуі де бүкіл ғұмырларын елі мен халқына адал қызмет етуге арнаған құрметті кісілер. Төкеңнің кісілігін, парасаттылығын, ұлтжандылығын замандастары кезінде өзіне үлгі тұтты.

Кейінгі жастар одан өнеге алып, туған жерлерінің нағыз патриоттары атанды. Ұзынкөлдіктердің мақтанышы болды. Оны барша қауым өзіміздің Төкең деп отыратын.

Ал шаңырақтың сәні мен мәнін келтірген Мағира апамыз да ұлтымыздың іскер де білікті қыздарының бірі. Ол жастайынан адам жанының арашашысы, яғни ақ халатты абзал жан болуды армандайтын. Өсе келе осы мақсатына жетті.

Халық: «Мағира апамыз науқастарды тек ем-домымен емес, жылы сөздерімен де емдейді, онымен сөйлесіп ақыл-кеңесін тыңдаудың өзі бір ғанибет»,- дейтін.

Шынында да, ол осындай кәсібіне деген сүйіспеншіліктің арқасында тек Қостанай облысының ғана емес, күллі республикамызда үлкен абыройға бөленді. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері атанды. Әріптестері оны өнегелі тәлімгер деп үнемі сыйлады. Жастардың нағыз білікті ұстазы болғаны да жерлестерімізге мәлім.

Осындай ата-анадан тағылым алған Руслан да қазақтың парасатты әрі білімді азаматы болып қалыптасты. Ол осыдан ширек ғасыр бұрын ұлтымыздың көрікті де инабатты қызы Раушанмен көзқарастары бір жерден шығып, жеке отау көтерді. Содан бері де арада қаншама жылдар өтті.

Ана өнегесі

Раушан да беделді де көпшілікке шарапаты тиген шаңырақта өсті. Себебі, оның әкесі Ғалымжан аға мен анасы Бибіжамал апамыз кішкентайынан қыздарының білімге құштар, өз ұлтының барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген дарынды перзент болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

Бұл шаңырақтың иелері де өз ортасында беделді әрі іскер мамандар ретінде дараланды. Отағасының бойынан нағыз азаматқа тән қасиеттің бәрі де табылатын.

Өзі кез келген кісімен бұрыннан білетіндей сөйлесіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білді. Ғалымжан ағамыздың осындай қырлары барша Қостанайлық зиялы қауымның есінде. Өзі туып өскен Ұзынкөлдің өркендеп өсуіне қомақты үлес қосты.

Осы отбасының ырыс-берекесін арттырып, шырайын келтірген Бибіжамал апамыз да өте сыйлы да ардақты жан. Оның мейірімділік қасиеттерін жерлестері және онымен араласқан құрбылары қашанда ауыздарынан тастамай айтып отырады.

Шаңырақтың сәнін келтірген қайырымды кісі жетім-жесірдің, көмекке мұқтаж жандардың қолдаушысы. 73 жастағы апамыздың көптеген ізгі қырлары сүйікті қызы Раушанға да ерте жұқты. Үнемі анасының ақыл-кеңесін басшылыққа алып отырады. Қарындасымызды мешітке тұрақты демеуші етіп отырған да осындай асыл да ерекше қасиеттерінен болар.

Бибіжамал апамыз Ислам дініне аса құрметпен қарайды. Намазхан. Мешіттегі барлық діни мерекелерге қатысып отырады. Міне, оның ұрпақтары осының бәрін де көңілдеріне түйіп, өзгелерге шапағаттарын тигізіп келеді.

Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, біздің кейіпкерлеріміз Руслан мен Раушан осындай ынтымағы жарасқан жанұяларда өскендіктен де шығар, бұл күндері бір отбасының тіректері.

Әрқашан да ойлары бір жерден шығатын ерлі-зайыптылар қос қыздарының бойына сонау мектеп қабырғасынан бастап, нағыз қыз баланың табиғатына тән қасиеттерді сіңіруге тырысты. Олар да әке-шешелерінің сенімін ақтады.

Тұңғыштары Жанар өзінің білімге деген шексіз құштарлығынан да болар, Лондонда оқыды. Сүйген жігіті Дияр екеуі шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасына айналды. Олар бұл күндері мұнайлы өңір Атырау қаласында тұрады. Өздері ғұмыр кешіп жатқан шаһарда сыйлы да беделді.

Екінші қыздары Сәбина облыс орталығындағы М.Горький атындағы гимназияда 7 сынып оқушысы. Ата-анасы бұл перзенттерінен де үлкен үміт күтеді.

Руслан мен Раушанның айтуына қарағанда, өздері ата және әже атанды. Өздері Нәдір есімді немерелерін ерекше жақсы көреді. Олар екі жақтағы ата-әжелерінің көз қуанышы. Болашақта ол тәуелсіз еліміздің нағыз тірегі болса екен деп армандайды.

Міне, біздің қос аққудай жарасқан әрі бүгінгі уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысып, айналасындағыларға шуағын шашып келе жатқан бауырларымызға әрдайым Алла-тағаланың нұры жауа берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіргіміз келеді.

Олармен сұхбат алған кезімізде Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі демеушілері жөнінде ойын былайша түйіндеді:

- Имандылықты әрқашан да жоғары қоятын әрі мешіттің тұрақты қамқоршысы Руслан және Раушан Шакаровтарға алғысым шексіз. Олар қашанда киелі орынға қолдау көрсетуде баршаға өнеге.

Осындай жанашыр кісілер бар кезде Ислам діні өркендеп, руханиятымыз барынша жандана беретіндігіне нық сенімдімін.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Вторник, 03 Ноябрь 2015 17:40

Орыс қызы ислам дінін қабылдады

Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің жұмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұл елді-мекенде біраз уақыттан бері өз саласын білетін дін қызметкері, Нұрлан Сейілханұлы бас имам болып қызмет атқарады.

Ол таяуда бізге көпке өнеге боларлық жағымды жаңалықты жеткізді. Оның айтуына қарағанда, жуырда аталмыш ауданның Буревесник ауылының тұрғыны, аспазшы, орыс ұлтының өкілі Ольга Хусейевна өз еркі бойынша мешітке келіп, Ислам дінін қабылдады.

Осынау діннің адам баласы үшін алатын ерекше орнын жете түсінгендіктен, Ислам дінін қабылдауға бел буған. Әрине, оның бұл қадамы баршаға өнеге.

Ауданның бас имамы Нұрлан Сейілханұлы дін қабылдаған Ольга Хусейевнаға дініміздің негізгі ұстанымдары жөнінде түсінік беріп, алғашқы діни сауатын көтеруге септігін тигізетін діни кітаптарды сыйға тарту етті.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Вторник, 03 Ноябрь 2015 17:12

Қожа ауылында өткен кездесу

Жуырда Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің бас имамы Сыздықов Нұрлан Сейілханұлы және ауданның ішкі саясат басшысы Бахыт Исламқызы Науырзым ауданы, Қожа ауыл мектебінің акт залында ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен кездесу өткізді.

Бұл кездесуде ауданның бас имамы қатысушыларға Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы кеңінен насихаттап, діни басқарманың негізгі ұстанымы және қоғамға кері әсерін тигізіп жүрген түрлі диструктивті діни ағымдардан сақтану қажеттілігі жөнінде түсініктеме берді.

Сондай-ақ оқыту үрдісінің үздігі атанған ардагер ұстаз – Нұрсұлтан Шәйкенұлы кездесуге қатысқан оқушыларға аталық ақылын айтып, батасын берді де қаймана қазақтың ең көп шоғырланған ауылдарда аталмыш бейнедегі жиындардың көбірек өткізілгені нұр үстіне нұр болар еді деп тілегін білдірді.

Кездесу соңында Нұрлан Сейілханұлы ұстаздар мен оқушылардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Вторник, 03 Ноябрь 2015 17:12

Шилі ауылында өткен кездесу

Жуырда Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің бас имамы Сыздықов Нұрлан Сейілханұлы және ауданның ішкі саясат басшысы Бахыт Исламқызы Науырзым ауданы, Шилі ауыл мектебінің акт залында ұстаздар мен оқушылардың және мекеме басшыларының қатысуымен кездесу өткізді.

Бұл кездесуде аудан бас имамы қатысушыларға «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» тақырыбында уағыз айтып, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар кездесуге қатысқан дүйім жұртқа Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы кеңінен насихатталып, діни басқарманың негізгі ұстанымы және қоғамда көрініс тауып жүрген түрлі диструктивті діни ағымдардан сақтану қажеттілігі жөнінде түсініктеме берілді. Мұндай жылы жүзді жүздесулер алдағы кездері де жалғасын таппақ.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Вторник, 03 Ноябрь 2015 16:54

Шолақсай ауылында өткен кездесу

Жуырда Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің бас имамы Сыздыков Нұрлан Сейілханұлы және ауданның ішкі саясат басшысы Бахыт Исламқызы Науырзым ауданы, Шолақсай ауылының орта мектебінде ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен кездесу өткізді.

Бұл кездесуде аудан бас имамы ұстаздар мен оқушыларға Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы атты құжатта көрсетілген діни басқарманың негізгі ұстанымы және теріс діни ағымдардан сақтану жөнінде түсінік берді. Кездесу ұстаздар мен оқушыларға үлкен әсер қалдырды.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 17:13

Колледжде өткен саминар

Лисаков қаласындағы техникалық колледжде «Исламски радикализм – фактор общественной угрозы и нестабильности» атты тақырыпта студент жастармен семинар өтті. Семинарда мешіт имамы Рахым Серік Темірбекұлы жиһад туралы, уахибилік ағым туралы түсініктер берді. Қазыргі болып жатқан жағдайларға тоқталып, «ИШИМ» т.б ұйымдардың исламға ешқандай қатысы жоқ туралы айтылды. Соңынан студеттердің сұрақтарына жауап берілді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Соңғы уақытта дүйім жұртты дүрліктіретін мәселенің бірі – өлген адамның басына қоятын мазардың түр-түрі. Тіпті тіршілікте жоқ туысына 3 қабатты сарай тұрғызып, оны арнайы адамдарға күзеткізіп, жуып-шаятын күтушілер жалдайтын байлардың ісінен молдалар жағаларын ұстап отыр.

Бүгін біз имамдарды шошытқан, сәулетшілердің ерекше жобасымен тұрғызылған мазарлар жайлы сөз етпекпіз.

Бет-әлпетін көрсетуден бас тартқан Мақсат есімді бұл шырақшының Кеңсай мұсылман қорымында қызмет етіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған. Міндеті – туысына келген азаматтардың сұрауы бойынша құран оқып, жөн сілтеу. Алайда имам азаматтарға ақыл айтып, шариат жолын түсіндіруге құлқы жоқтығын жеткізді.

«Алғашында мазар тұрғызып жатқандарға жөн-жосығын айтып, жол сілтейтінмін. Қазір олай жасамаймын. Себебі, адамдар түсінбейді. Анасының бейітіне зәулім сарай салып, мәрмәрмен қаптатып жатқан қазақ жігітіне бұл дұрыс емес, анаңа о дүниеде ауыр болады десем, «Өзім білем. Бұл менің анама жасаған соңғы сыйым» дейді. Тіпті бір-екеуіне “ей жігіттер тоқтатыңдар, Құран жолына қайшы” десем, мені әкімдікке жамандап жұмыстан қууды сұраған. Ақылды осылай қабылдайтындарға енді басымды ауыртқым келмейді», – дейді ол.

Шырақшының сөзінше, зиратта әр ұлттан жерленген мұсылмандар көп. Алайда о дүниелік болған адамға құлпытас пен көк тіреген күмбезді қоюдан алдына жан салмайтын қазақтар көрінеді. Имамның бұл сөзін зират аумағында мазар салып жатқан құрылысшылар да растап отыр.

«Жалпы ең жақсы тапсырысты тек қазақ байлары береді. Айтатындары – біздің мазар өзгеше болсын, ешкімдікіне ұқсамасын. Ең арзан мазардың құны 2 миллион теңгеден 150 мың долларға дейін жетеді. Оның қымбат болу себебі, таза ақ мәрмәр, құлпытастарды көбінесе Италия, Германиядан алдыртамыз. Ал кейбір күмбездерге бағалы металдар қойылады. Оның құнын мен сізге айта алмаймын. Себебі, ұрылар естімегені дұрыс. Ал кесененің кескінін арнайы сәулетшілер сызып дайындайды. Біз сол жоба арқылы оны тұрғызамыз. Былайша айтқанда, жыл бойына жұмыс бар. Тек мәрмәр мен граниттен қаланатын мазарларды жылы күндері жасаймыз», – дейді құрылысшы Еркін.

Қорым аумағында кейбір мазардың бұзылып жатқандығын да көрдік. Алайда ол арнайы жасалған іс. Құрылысшылардың сөзінше, қалталы азаматтар жер қойнауындағы жақындарының мазарын 3-5 жыл сайын жаңартып тұрады.

Яғни пәтер секілді түгелдей күрделі жөндеуден өткені былай тұрсын, бұрынғы күмбезді сырып тастап, су жаңа дизайндағы мазар тұрғызуды әдетке айналдырған.

Әрбір мұсылман зиратында 20-30 шақты азаматтар тұрақты жұмыс жасайды. Олар қорымға күн сайын таңғы 9-да келіп, кешке қайтады. Қызметтері – бай-бағланның мазарын күзетіп, гүлдерін күтіп, бейіт басын күнделікті жуып-шайып отыру.

Бұл азамат жары екеуі – Кеңсайдағы он шақты бейіттің тазалаушысы. Әр мазардың күту жұмысына аумағына байланысты 10 мынан 15 мыңға дейін аламыз дейді. Тау басындағы қорымның кейбірі саябақ болса, кейбірі кілем төселген демалыс орнына көбірек ұқсайды. Тіпті жұмысшылардың іс-қимылы мен ұрылардан сақтайтын арнайы бақылау камералары әр қадам сайын қойылған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері болса, жарысып мазар тұрғызатын байлардың ісін «ысырапшылдық пен бәдіктікке» теңеді.

Дағдарыс қысқан заманда мазар салудан бір-бірімен жарысқан байларды тәубесіне түсірудің бір жолы – мемлекет тарапынан тыйым салу керек дейді ол.

«Шариғатта “өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой” деген. Ол дегеніңіз сарай тұрғызу емес, адамның беліне жетпейтіндей жеңіл қоршау тұрғызу. Ал бейіттің басына өскен шөпті жұлып, өртеп алысуға болмайды. Ол өзі қурап кетуі тиіс. Қайтыс болған адамға бұдан еш сауап жоқ. Одан да басына құран оқып, сол кісінің атынан садақа берсе, міне содан артық сауап жоқ. Мына тай-таласып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ысырапқа теңеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан, «өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші – халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші – жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса» деген. Одан да сол мазарға кеткен ақшаға тірілер жетім-жесір мен кедей-кепшікке үй әперіп, қатты науқас жанның еміне төлесе, содан артық сауапты іс жоқ. Ал ескірген мазарды жаңарту деген, тіпті жоқ. Себебі шариғат жолында зираттың үстіне 50 жылдан соң қайта адам жерлеуге болады деген рұқсат бар. Қазақтар бұл істерін тоқтатпаса, еліміз Қазақстан емес, қабірстан болып кетеді. Сондықтан «Жаназа пәтуасы» деген кітап шығардық. Әрбір жұма сайын жиылған халыққа осыны айтып, ысырапшылдыққа бармауды сұрап жатырмыз. Нәтижесін уақыт көрсетер енді», – дейді ҚМДБ шариғат пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.

NUR.KZ

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 12:26

Талаққа байланысты шешім

Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі өтті. Келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы шешім шығарылды.

«Қазіргі таңда талаққа (ажырасуға) қатысты кейбір мәселелер елімізде дауға айналып отыр. Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге берілген. Алайда белгілі бір себептер негізінде әйелдің қазиға шағымдануы арқылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі. Әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен мынадай жағдайларда ажырасуына құқығы бар:
1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.

Міне осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады.

Ескерту:
* Екі жақтың туыстары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінеді.
* Қази қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі атқарады», – делінген пәтуада.

ҚМДБ ғұламалар кеңесінің басты қызметі қазіргі таңда қоғамда туындап жатқан жаңа мәселелерге шешім, пәтуа шығарып, діни сауаттылықты арттыру.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 12:23

Жасанды ұрықтандыруға қатысты үкім

Еліміздегі әрбір бесінші отбасы бала сүйе алмайды. Сондықтан медициналық жолмен жасанды ұрықтандыруға барып жатады. Бұл - қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгін Алматыда өткен ҚМДБ ғұламалар кеңесінде аталған мәселенің шариғи үкімі талқыланып, пәтуа шығарылды.

«Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырының ішінде жүзеге асады. Сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа клеткасы жатырдың сыртында арнайы түтікшелерде ұрықтандырылу арқылы іске асады. Бірақ екі жағдайда да баланың дамуы, өсуі жатырдың ішінде болады.

Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі.

а. Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы орналастырады. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады.

ә. Әйелді күйеуінен тыс өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын құтыда нобель сыйлығының иегері т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы.

Үкім:

- жоғарыда көрсетілген «іштей» және сырттай ұрықтандыру» көріністерінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта рұқсат етіледі.

- бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған.

- Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ», – делінген пәтуада.

ҚМДБ баспасөз қызметі

«Келісім мен жасампаздық – Орталық Азиядағы исламның дәстүрлі негізі»
Алматы қаласында өткен Орталық Азия Ғұламалар форумының
ҚАРАРЫ
Ислам діні экстремизм мен терроризмге қарсы
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
وَالْعَصْرِ ١ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ ٢ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ٣

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

«Заманға серт. Негізінен, адам баласы сөзсіз зиян шегуде. Алайда иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды өсиеттескендердің жөні басқа».

Ислам – адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениеттің діні. Ислам мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділдікке шақырып келеді. Ислам діні ғасырлар бойы ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Ислам діні зорлықты, зұлымдықты емес,керісінше ізгілік пен игілікті насихаттайды. Құран Кәрімде:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр әрі олармен ең көркем түрде пікір таластыр!» – деп, бұйырылған[1].

Сондай-ақ барша ғаламды махаббатпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)жер бетіне мейірімділік пен бейбітшілікті тарату үшін жіберілген. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл жайында:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге тек рақым елшісі етіп жібердік»[2] – дейді.

Міне, осы ислам дінімен келген мейірімділік әлем халықтарының мәдениетінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне айналған. Осындай ғажап құндылықтарды бойына сіңірген әлем мұсылмандарын соңғы кездері экстремизм мен терроризм мәселелері қатты алаңдатып отыр. Экстремизм мен терроризм – ешқандай діни, адами құндылықты мойындамайтын зұлмат. Экстремизм мен терроризм алуан түрлі көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Ең сорақысы экстремистер бейбітштшілік сүйгіштікке, байсалдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға төзімділікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін құбыжық, қатыгез дін ретінде көрсетуге, басқа өркениеттермен қақтығыстыруға күш салуда. Осы арқылы тек дінаралық татулықты бұзумен шектелмей, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Ислам атын жамылған дінбұзарлар қасиетті Құран Кәрім аяттары мен хадистерді бұрмалап, өздерінің қылмыстық идеологияларын іске асыру үшін діни құндылықтарды теріс мақсатта түсіндіруде. Аталмыш дінбұзарлар зұлымдық әрекеттерін ислам дініндегі қасиетті ұғым болып саналатын «жиһадпен» байланыстыруда. Алайда әлемдегі түрлі лаңкестікті тудырып отырған экстремизм мен терроризмнің Ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ. Мұның айқын көріністерінің бірі мұсылмандар тіпті, сәлем бергеннің өзінде бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандар сәлемдесуде қолданатын «Ассалаумағалейкум» сөзі «сендерге Алланың есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді.

Бүгінгі таңда исламға телініп жүрген экстремизм және терроризмхалықаралық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Олардың құрамы исламның негізгі қағидаларын білмейтін діни сауатсыздардан тұрады. Дінбұзар лаңкестердің жасаған қатыгездіктерінің барлығы ислам шариғатына қайшы келеді. Алла Тағала мұсылмандарға белгіленген шектен шықпауды бұйырды.Жер бетінде зұлымдыққа, әділетсіздікке, қан төгуге тыйым салды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады:

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең...»[3].

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

Сондай-ақ келесі аятта: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар»[4] деп қатаң ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін былай баяндайды:

وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алла бұзықшылық шығарушыларды сүймейді»[5].

Бейкүнә жандарды өлтіру үшін өзіне қол жұмсайтын жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Ал шын мәнінде өзін-өзі өлтіру –үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала бұл турасында:

وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар! Шын мәнінде Алла Тағала сендерге өте рақымды», - деп бұйырады[6].

Біз, Орталық Азия Ғұламалары, осы форумда төмендегідей қарарды қабылдаймыз:
- ислами құндылықтардың қайнар көзі саналатын Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандардың жанын қиюға қатаң тыйым салынған;
- соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтірудің шариғаттағы үкімі – харам;
- ислам діні тыныштық пен бейбітшілікті көздейді. Террорлық әрекеттер исламның бұл ұстанымына қайшы;
- дін атын жамылған лаңкестік әрекеттер – ислам дініне қарсы жасалып жатқан қиянат.

30 қазан, 2015 ж. Алматы қаласы.

[1]«Нахыл» сүресі, 125 аят.
[2]«Әнбия» сүресі, 107-аят.
[3]«Мәйдә» сүресі, 32-аят.
[4]«Ағраф» сүресі, 56-аят.
[5]«Мәйдә» сүресі, 64аят.
[6]«Ниса» сүресі, 29 аят.

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником