Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесі. Бүгін барша мұсылмандар айтулы мерекені қарсы алуда. Марал Ишан мешітінде жиналған жұртшылыққа имамдар уағыз айтып, Ислам дінінің асыл қасиеттері баяндалды.
Сонымен қатар, құрбан шалудың шарттары мен шығу тархи және шариғат амалдарынан сыр шертілді. Ағайын арасын жақындастыра түсіп, кешірім мен мейірім жауған күні Қостанайда Жаратқанның нұры жаңбыр да жауып тұрды. Алайда, берік сенімді мұсылман бауырлар мешіттің ішің де, сыртың да лық толтырды.
Қостанайлықтарды ұлы мейраммен құттықтау үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келді. Өз сөзіңде өңір басшысы дініміздің тарихына тоқтап, ыстық лебізін білдірді.
Артынша уәжіп етілген айт намазы оқылды. Ақ ниет тілектер айтылып, мұсылмандар төс қағыстырып, бір-бірін құттықтады.
Құрбан айт құтты болсын, ағайын!
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке – Құрбан айт мейрамы айрықша аталып келеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам – Құрбан айт құтты болсын!
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады.
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу – пенденің иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатты, азаматтарды мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қымбатты отандастар!
Барша қазақстандықтарды мұсылман қауымының қастерлі мерекесі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Қасиетті Құрбан айт адамзатты бейбітшілік пен келісімге, өзара түсіністік пен жанашырлыққа үндейді.
Менің шешіміммен Құрбан айттың алғашқы күні – демалыс күні болып жарияланған.
Бүгінгі таңда осынау қастерлі мереке Қазақстан халқының бірлігін, түрлі этностар мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп келеді.
Құрбан айт адамдарды кеңпейілділік пен қайырымдылыққа тәрбиелеп, ізгілікке жетелейді.
Бұл мереке мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты гуманистік дәстүрлерді нығайтуға елеулі үлес қосып, қоғамдағы имандылық бастауларын нығайтатын ізгі ниет пен игілікті амалдарда көрініс табады.
Ислам дінінің осындай жасампаз әлеуеті рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға, отансүйгіштік рухына негізделе отырып, қоғамдағы татулық пен конфессияаралық келісімді өркендетуге одан әрі қызмет ете береді деп сенемін.
Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, береке, бақыт және мол табыс тілеймін!
Арқалық қаласы мешітінің қызметкерлері АНТ мен бірлесе отырып, шаһарға қарасты елді-мекендерді аралады. Олар Целинный, Жалғызтал, Восточный және Молодежный елді-мекендерінде болды.
Мұндағы жұртшылықпен жүздесулер өте әсерлі өтті. Әсіресе, ауыл жастары, яғни мектеп оқушыларымен және ата-аналармен кездесулер көпшіліктің есінде қалды.
Басқосуларға Арқалық қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы мен оның қарамағындағы мамандар, діни мәселелер жөніндегі инспектор және қала имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қатысты.
Осынау жүздесулерде «Дін – өмірдің тұтқасы» атты тақырыпта тәрбиелік насихаттар айтылды. Сондай-ақ қоғамда белең алған кейбір бейәдеп әдеттерден аулақ болу жайы да әңгіме арқауына айналды.
Дәстүрлі дініміз бен ұлттық әдет-ғұрыптарымызды қастерлеуге байланысты нақты түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ кездесулерде жат ағымның жетегінде кеткендер жайлы ғибратты бейне роликтер көрсетілді.
Жиналғандар көкейлеріндегі сауалдарына нақты жауап алды. Өз ой-пікірлерімен де бөлісті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызмет
Ұлық мереке Құрбан айт алдында бас мүфти әлеуметтік желіден түспейтін мұсылмандарға сойылған малдың қасында тұрып селфи жасамауын өтінді. Бұл жайлы Ержан қажы Малғажыұлы баспасөз маслихатында мәлімдеді.
“Өзінің істеп жатқан игі амалы мақтан үшін болмауы керек. Бейнетаспаға түсіріп, елге көрсеткені бір мақтан үшін болып кетеді. Сіз біреуге садақа берсеңіз де оң қолыңыз білсе, сол қолыңыз білмеуі керек”, – деді бас мүфти Ержан қажы Малғажұлы.
Биыл айт намазы Алматы жұрты үшін таңғы 7:30 оқылса, елордалықтар 7:45-те бастайды. Ал құрбандық шалу үшін бұл екі шаһардың өзінде мал соятын 29 арнайы орын дайындалған. Ол жерлерде тіпті қасапшыларға дейін тренингтер өткізіліп, малды мұсылмандық жолмен сою ережелері түсіндіріліп жатыр екен.
Мүфтиат мал бағасын да кәсіпкерлермен келісіп қойды. Яғни, Құрбан айтта сатылатын қойдың бағасы 30 мыңнан аспауы тиіс.
Айта кетерлігі құрбандыққа бір жасар қой, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ болмауы тиіс.
Рудный қаласы әкімдігінде жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырыс өтті. Оның жұмысына Жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарманың мамандары, қаланың білім беру мекемелерінің басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, СӨС қалыптастыру орталығы мен дін өкілдері қатысты.
Бүгінде спорттық секцияларда 12 мың астам рудныйлық спортпен тегін айналысады, оның 87 пайызы жастар. Бұдан басқа, тегін үйірмелер мен клубтарға қатысатын жастар саны күн санап артып келеді. Дегенмен ата-аналардың өз балаларына жеткілікті көңіл бөлмеуі, отбасындағы тәрбиенің ақсауы орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келетіні жасырын емес. Бұл ретте қалалық «Нұр» мешітінің имамы Сейіт Темірбекұлы дін өкілдерімен түрлі басқосулар, уағыздар мен дін тақырыбында қызықты әңгімелер айту арқылы жастарды имандылыққа шақыру, мәселенің шешілуіне оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Ол сондай-ақ қалалық православ шіркеуімен бірге атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Отырыс барысында жастар арасындағы нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу шаралары туралы мәселе де қозғалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Рудный индустриялық институтына «Серпін 2050» мемлекеттік бағдарламасымен келген 150-ге тарта студент қалалық «Нұр» мешітінің имамы Сейіт Темірбекұлымен кездесті.
Кездесу барысында имам студент жастарға асыл дініміз жайында түсіндіріп, өзге ағымдардың жүрігізіп жатқан теріс іс-әрекеттерінен сақ болуға шақырды. Исламдағы әйел затының орны мен отбасы құндылығы жайында да тоқталған имам, намазға жығылуға ниет еткен жастарға қателікке бой алдырмау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың ресми газет, журналы мен сайттарын ғана пайдалануға кеңес берді. Сол секілді әлеуметтік желідегі діни мазмұндағы мақалалар мен ақпараттарды оқуда мұқият болуларын ескертіп өтті.
Заманауи жетістікті пайдаланушы ағым өкілдері жастардың көп кіретін әлеуметтік желілерге арнайы өз уағыздары мен идеологияларын тықпалайтынын жеткізді.
Студенттер өз көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарын өкіл имамға қойып жатты. Тағылымды кездесу студенттер үшін пайдалы болды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өілдігінің баспасөз қызметі