Берекелі Рамазан айында Қостанай облысы Майлин ауданына қарасты Елизаветинка ауылының тұрғыны, бес балалы ана Жанар Жүнісқызына «Зекет» қорының «Ел үлесі–пәтерге» атты жобасы бойынша 534-ші баспана берілді.
Осы баспананы табыстауға арналған салтанатқа облыстық «Марал ишан» мешіті жанындағы Зекет қорының өкілі Бақытжан Икрамұлы, Рудный қаласының бас имамы Бектұрсын Уәлиев және Майлин ауданының имамы Ислам Хамзин, аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов, ауыл әкімі Талғат Төлепбергенұлы және ауыл ақсақалдары қатысты.
Басқосуда аудан басшысы Қайсар Батырханұлы ардақты ананың қуанышына ортақтасып, кілем сыйлады. Ал, аудан имамы күнделікті тұрмысқа қажетті газплита мен екі төсеніш-кілемді табыс етті.
Жиында Нұрғали ақсақал ақ батасын берді. Көп балалы ана Жанар Жүнісқызы өзіне қуаныш сыйлаған азаматтар мен мешіт қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда облыс орталығының тұрғыны, жүрегі мейірімге толы асыл апамыз Күлтай Нұрғалиева бастаған бір топ қажы аналар қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде Ораза ұстаған қауымға дастарқан жайып ауызашар берді.
Онда елімізге белгілі ақын, драматург және ғалым Ақылбек Шаяхмет сөз сөйлеп, қасиетті Рамазан айы және оның ерекшелігі жайлы жан-жақты айтып берді. Содан соң көпшілікке ой салар «Сенің жалғыз анаң бар» бейнефильм көрсетілді.
Қадірменді ақсақал, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жолбарыс қажы жиналғандарға бата берді.
Жиын соңында мешіттің бас имамы Шоқан Ғазизұлы аруақтарға Құран бағыштады. Басқосуға ұйытқы болған Күлтай қажыға шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы балаларды қамқорлыққа алып, олардың рухани жан-дүниелерін байытуға өздерінің лайықты үлесін қосып келеді.
Осы имандылық ордасында қасиетті Рамазан айының құрметіне бүлдіршіндерге «Рамазан тәттісі» таратылды. Олардың ғұмыры мәнді де сәнді болуы үшін өсиет айтылып, бата берілді.
Содан кейін олар аталмыш мешіттің тікелей қолдауымен «Лазер-так» балалар ойын - кешеніне шақырылып, көңілдерін көтерді. Олардың бал-бұл жанған жүзінен бақыт пен шаттықтың күлкісін көрудің өзі бір ғанибет еді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айының алғашқы жұмасында Қостанай қаласында орналасқан «Zam-Zam» дәмханасының ұжымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» сертификатына ие болды.
Жиналған жамағат алдында облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы оларға арнайы куәлікті салтанатты түрде табыс етіп, бастаған игі істерінде табыс тіледі.
Осылайша өңірде «Халал Даму» сертификатын алушылардың саны арта түсуде. Дәмхана қызметкерлері алдағы уақытта молшылық пен ырыс-берекеге кенеле берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің жастар ісі жөніндегі секторы руханият саласындағы өздерінің міндеттеріне әрқашанда жауапкершілікпен қарайды.
Олардың жұмыстары Рамазан айында да қарқын ала түсуде. Мәселен, қала тұрғындарына Ораза кестесі мен «Иман» журналдарын таратып, жерлестерінің алғыстарына бөленді.
Аталған кестені ораза ұстаушылар күнделікті пайдаланады. Ал, журналдан көпшілік өзіне қажетті мақалаларды оқып, жан дүниелерін байытады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл қасиетті Рамазан айында Ұзынкөл өңірінде ораза ұстаушылардың қатары артпаса, азайған жоқ. Жастар жағының да саны көбеюде. Ауызашар беретін кісілер де баршылық.
Өйткені, олар ораза кезінде жасаған қайырымдылықтың сауабы мол екендігін жақсы түсінеді. Мәселен, жуырда аудан әкімі Мұрат Міртайұлы жамағатты жинап, ауызашар берді.
Онда ол басқосқан қауымның алдында сөз сөйлеп, Рамазан айының мұсылмандардың өмірінде алатын ерекше орнына тоқталды. Тәуелсіздікпен бірге арамызға оралған Ислам дінінің халықтар арасында достықты, ынтымақ пен ауызбірлікті нығайтуда қосып жатқан үлесі жайлы тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ауызашар барысында жерлестеріне «Ниеттеріңіз қабыл болсын» деген ең ізгі тілегін білдіріп, 25 қайырымдық қоржынын тапсырды.
Дастарқан басында басқа да игі тілектер айтылды. «Балықты» мешітінің бас имамы Есенкелді Сақтағанұлы Оразаның қадір-қасиеті жөніндегі тағылымы мол уағызымен жұртшылықты баурап алды.
Сонымен қатар ағайындардың басын қосып, ауызашар берген аудан әкіміне шынайы алғысын жеткізіп, ел мүддесі жолындағы жауапты қызметінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызме
Науырзым аудандық «Жастар орталығы» мекемелер арасында спорттың волейбол түрінен жарыс ұйымдастырды.
Онда «Түркебай ата» мешітінің жастар құрама командасы жүлделі І орынға ие болды. Сөйтіп, сайысқа үлкен дайындықпен келгендіктерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға демеушілік жасаған Мәди Ихтиляпов арнайы кубокты, мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиеттіжұма күні Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде айлардың сұлтаны, берекелі Рамазан айының құрметіне арналған рухани кеш болып өтті. Кездесуді осы парасат ордасы басшысының міндетін атқарушы Әсем Қажиева ашты. Содан соң құран оқылды.
Бұл шараның басты қонағы Қостанай облыстық мешітінің «Әйелдер-қыздар секторы» бөлімінің жауапты маманы Халим Жансая.
Ұстаз әулиекөлдік әйел жамағатымен жүздесуде Рамазан–ізгі амалдардың сауабы еселене түсетін, құт, береке және рақым айы екенін айта келіп, Ораза мен Құранның өзара байланысына тоқталды.
Сонымен қатар ол «Қыз тәрбиесі» және «Әйелдердің исламдағы орны» жайында мазмұнды дәріс оқыды. Жүрегі нәзік жандардың отбасындағы және бала тәрбиесіндегі рөлі жөнінде әңгімеледі.
Әсерлі уағыз-насихатты тыңдаған жамағат оған өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оған нақты жауаптарын алды. Кеш соңында әйелдер Жансая ұстазға тағылымдық-тәрбиелік уағыздары үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы басталғалы облыстық мешітте күнделікті 400 адамға ауызашар дастарханы жайылып, ораза ұстаушылардың сауабын алуда.
Рамазан айының құрметіне Жамалидинұлы Жандос қари күнделікті Тарауиқ намазында қасиетті Құранды хатым етуде.
Намаз арасында жамағаттың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында Бас имам Бахытбек қажы уағыз-насихат айтумен қатар, викториналық сұрақ ұйымдастырады.
Сұраққа нақты жауап бергендерге олардың таным көкжиегін кеңейту үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мүфтият» баспасынан жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбе негізі» тағыда басқа құнды еңбектерді сыйлыққа беруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биылғы Рамазан айы жұртшылық үшін үлкен қуаныш ала келді. Өйткені, әлемді жайлаған қауіпті індет бәсеңсіп, мұсылмандар қауымы бұрынғыдай мешітте бірге ауызашар өткізуде .
Жүрегінде иманы бар іскер азаматтар сауабы мол ауызашар беруді қолға алды. Қазір ол облыс ойынша бірнеше мешіттерде күнделікті дәстүрге айналды.
Мәселен, кеше Қостанай қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Марат Жүндібаев «Жайлаубай ата» мешітінде ораза ұстаған көпшілікке ауызашар дастарқанын жайды. Оған белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шаһар басшысының бұл шарапаты мол ісіне жиналғандар дән риза болды. Қадірменді ақсақал, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжебек Укин ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі