Быйылғы жылғы Рамазан айы Қостанай облысының 15 мешітінде ерекше өтті. Олай деуге себеп осы мешіттерде Тарауық намаздарын қасиетті «Құран кәрімді» жаттаған қарилар өткізіп халықтың ықыласына бөленді.
Соынң ішінде Жітіқара ауданының «Ержан Тәтішев» мешітінде ұлты араб ия кәдімгі араб Мұхаммад Абдулазиз өткізді. Ол осы Рамазан айында мешітке келіп, араб тілін және Құранды жақсы оқығысы келген шәкірттерге сабақ берді. Ораза айт мерекесінде Мұхаммад Абдулазиз ұстаздан дәріс алған жамағатқа мешіттің бас имамы М. Бердіғожиннің атынан алғыс хаттар табыс етілді.
Жалпы, бұл марапатқа Ораза бойы ұстаздың дәрістерін тыңдаған кісілердің арасында ер азаматтар аз болған жоқ.
Сондықтан да бас имам оларды құттықтай отырып, отбасыларына береке-бақыт, ынтымақ-бірлік, мол несібе тіледі.
Ислам дініне ден қойып, қасиетті Оразаның өз деңгейінде өткізілуіне атсалысқан барша ағайынмен мешіттің бас имамы Мейіржан Қапарұлына тек ғана ізгілік тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысының өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Таран ауданындағы «Әйет» мешітінде жергілікті халық үшін есте қаларлық үлкен оқиға болды. Осынау өңірдегі «Фаворит Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Илья Гребенок қасиетті Рамазан айында үлкен азаматтық көрсетті.
Ол халыққа адал қызмет көрсетіп келе жатқан аудандық мешітке «Lada Granta» жеңіл көлігін тарту етті. Көліктің кілтін белгілі дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет «Әйет» мешітінің бас имамы Ислам Хамзинге салтанатты түрде табыс етті.
Осындай игілікті іске мұрындық болған аудан әкімі, дін жанашыры Қуандық Еспергеновке Алланың нұры жауа берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде Ораза айттың құрметіне мүгедек балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ күн көрісі төмен отбасыларға қайырымдылық мақсатында азық-түліктер тегін таратылды.
Іс-шара басында сөз сөйлеген бас имам М. Бердіғожин осындай игілікті істі ұйымдастыруға атсалысқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Аталған шара барысында 24 мүгедек бала, 65 мүмкіндігі шектеулі жан және 13 күн көрісі төмен отбасыға көмек көрсетілді.
Аталған мешітте мұндай қайырымдылық мақсатындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қалың жұртшылық алдын ала хабарландырылғандықтан және мұсылман бауырларымыздың Ислам дініне деген ерекше бетбұрысынан да болар, облыстық мешітке таңертеңнен бастап келушілер көп болды.
Айт намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Ораза айттың ерекшелігі жөнінде жан-жақты тілге тиек етті.
Сондай-ақ аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Содан кейін жиналған қауымға мешіттің алдындағы арнайы дайындалған орында айттың құрметіне дастархан жайылды.
Сондай-ақ алдағы бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне байланысты бірқатар әріптестерімізге ізгілік тілеп, оларға сый — сияпат көрсетті.
Көпшілік қауымға есімдері өңірге танымал өнерпаздар домбырамен терме орындап, күмбірлете күй шертті. Бұл басқосуды елімізге кеңінен танымал журналист әрі талантты әнші Қыдырбек Қиысхан жүргізді.
Көпшілік атынан өңірімізге аса танымал абыз ақсақал Мырзағали қажы Ғабдуллин өкіл имамға және биылғы Оразаның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан және бір ай бойы ауызашарды ұйымдастырған ағайындарға шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ 93 жасар Сейтжан ақсақал мен өмірдің талай асуларынан өткен ақ жаулықты Күлімжан ана ақ батасын берді.
Шара соңында «Зекет» қоры атынан 30 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған пакет мұқтаж жандарға таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ-БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!
Қадірменді қауым!
Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!
Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Ұлық мейрамда толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәт.
Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге)мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...», – деген.
Құрметті бауырлар!
Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.
Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Қасиетті Рамазан айында Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы М.Бердіғожин бастаған мешіт ұжымы «Мүгедектерге арналған Жітіқара өңірлік оңалту орталығында» болды. Оларды аталған орталықтың әлеуметтік жұмыс бойынша маманы Жанна Мырзабекова қарсы алды.
Алғашқы сөз кезегін бас имам Мейіржан Қапарұлы алып, жиналған қауымға Қасиетті Рамазан айы жөнінде өзінің пікірін білдірді. Сондай-ақ, осы мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Хужасбайұлы уағыз айтты.
Сонымен қатар мешіттің азаншысы Марат Бисимбаев көпшілік қауымға уағызды орыс тілінде жеткізді.
Кездесудің соңында Қасиетті Рамазан айының құрметіне емделушілер мен қызметкерлерге сыйлықтар таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Біздің қазақ „Бала – бауыр етің„ деп болса айтпайды. Өйткені, олар өміріміздің жалғасы, еліміздің жарқын келешегі.
Сондықтан да болар, жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешіті және әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Балаларға – базарлық» шарасы болып өтті.
Осынау игі шара барысында аталған мешіт қызметкерлері мен шәкірттері қаладағы балалар үйіне барып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балдырғандармен тағылымдық жағы мол ойындар ұйымдастырды әрі оларға сыйлықтар таратты. Қасиетті Рамазан айындағы бұл кездесу бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Жалпы, жетімдердің басын сипау, оларға қамқорлық жасау адамгершіліктің жарқын көрінісі болып табылады. Мешіт қызметкерлері алдағы уақытта да осындай жүздесулерді ұйымдастырады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Міне үстіміздегі жылдың да Рамазан айы тамамдалып қалды. Қостанай облысы бойынша және облыс орталығындағы мешіттерде жоғары деңгейде өтуде. Мешіттерде жомарт демеушілердің қолдауымен күнделікті ауызашар өткізілуде. Осы түнде мешітке келген 6 мыңнан астам адамға ауызашар мен сәресі дастарханы жайылды.
Мысалы облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті ауласында күніне 640 адамға ауызашар дастарханы жайылып, халықтың ықыласына бөленуде. Сонымен бірге жылдағы үрдіс бойынша тек Рамазан айында оқылатын «Тарауих» намазында қасиетті Құран толық оқылып, «Қадыр түнінде» хатымы жасалды.
Мінекей маусым айының 11 нен 12-сіне қараған түні облыстық мешітке жиналған халықта есеп болмады. Бұл түні облыс әкімі Архимед Бегежанұлы арнайы қатысып, мұсылман бауырларымызға өзінің шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді. Қадыр түні жерлестеріміз тек ғана қуаныш пен молшылыққа кенелсін деген ең ізгі тілегін жеткізді.
Осы басқосуда елімізге белгілі ақын Жолбарыс қажы барша мұсылман қауымның атынан облыс басшысына ақ батасын беріп, шапан жапты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі