Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ағаш бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар!" - деген. Білім алу – әрбір мұсылман ерге де, әйелге де парыз.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде жыл сайын 7 айға созылатын 2 кезеңдік білім беру курсы толассыз жүргізіліп келеді.
Мешіт жанында тұрақты түрде жүргізіліп отырған аталмыш сауат ашу курсында діни біліммен сусындаған шәкірттер арасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін білім алып жүргендер бар.
Шәкірттер кезекті оқу мерзімін аяқтап, емтихан тапсырды. Білім алушылар арасында сынақты үздік тапсырып, алған білімін көрсете білген шәкірттерге мешіт имамы мен ұстаздар атынан сертификат табысталды.
Шара барысында ұстаздар: Арлан Бауыржанұлы, Бахытбек Сәндібекұлы және Балғабай Оразханұлы ілім алудың артықшылығы жөнінде тартымды уағыз-насихат айтып, білім алуды орта жолда қалдырып қоймауға үндеді.
Мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев: "Білім алыңдар! Білім алу – Алладан қорқу. Білімді талап қылу – ғибадат, алған білімді қайталау – тасбих, білімге ынталану – жихад, алған білімді тарату – құрбандық, білімді білмегендерге үйрету – садақа"-деген саңлақ сахабалардың саралы сөздерін келтіріп, шәкірттерді лайым кішіпейіл де әдепті болуға шақырды.
Еске сала кетсек Арқалық мешітінде жылма-жыл қазан мен мамыр айларының аралығында ұстаз Арлан Нұғымановтың тікелей жауапкершілігімен арнайы сауат ашу дәрістері жүргізіліп келеді. Мұнда әсіресе қаладағы колледж және институт студенттері көптеп дәріс алады. Мұндағы тәлім алушылар тек қана жергіліктілер емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шәкірттер бар.
Мешіттен рухани нәр алған ынталы шәкірттер тек қана оқып қойған жоқ, мешіттің тыныс-тіршілігіне де зор қолғабыс тигізді. Атап айтар болсақ, қайырымдылық шараларға қатысты. Яғни қаладағы жалғызбасты қариялардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты отын-суын әзірлеп, қыс мезгілдерінде үй-аула маңын қардан тазартып берді.
Сондай-ақ атаулы мерекелерде де жан-жақты үлес қосып, белсене араласты.
Іс-шараны толығырақ www.akmechet.kz фотогалерея айдарынан көруге болады.
Бүгін «Асыл арна» телеарнасына Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Аманұлы Қалетаев мырза ресми сапармен келді. Арнаның ұжымымен арнайы танысқан министр техникалық әлеуетке де ерекше назар аударып, негізгі телеөнімдер жасалатын студияларды аралап шықты. «Асыл арнаның» осы күнге дейін жасалған жұмыстарына жоғары баға берген министр арнаның Бас редакторы Болатбек Қожан жүргізетін «Емен-жарқын» бағдарламасына эксклюзивті сұхбат берді.
Жұмыс жүйесіне қаныққан министр арна қызметкерлеріне өз ықыласын білдіріп, Елбасы жолдауында белгіленген мемлекеттік саясаттың, соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Асыл арнада» насихатталу деңгейін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, әлем жұртшылығын алаңдатқан діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында дайындалған ағартушылық бағдарламалар, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «Асыл арна» телеарнасы арасындағы үш жақты меморандум негізінде атқарылып жатқан шаралар жөнінде де жылы пікір білдірді. Сондай-ақ, Парламент палаталарында талқыланып жатқан Дін туралы заңға қатысты да айтып өтті. Ресми кездесу барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза да ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек басқаратын «Асыл арна» телеарнасына деген әкімшіліктің көзқарасын жеткізіп, өзінің ізгі пейілін танытты.
Сөз соңында, Дархан Аманұлы қазақ руханияты мен мемлекет идеологиясындағы «Асыл арна» телеарнасының орны бөлек екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта министрлік пен телеарна арасындағы байланыс нығая түсетіндігін айтып, болашақ жоба-жоспарларға табыс, арна еңбегіне жеміс тіледі.
Қарабалық ауданындағы «Ғашура ана» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне «Қош келдің, Рамазан!» атты аудан жасөспірімдерінің басын қосқан шағын футболдан сайыс болып өтті.
Осынау жарысқа арналған салтанатты аталмыш мешіттің бас имамы Серік Рахым құттықтау сөзбен ашып, салауатты өмір салты қоғамымызда ерекше орын алатындығын тілге тиек етті.
Жалпы, Ислам дінінде де спорттың адам баласына әсерінің мол екендігі айтылады. Сол себептен де қазіргі таңда өңіріміздегі барлық мешіттерде жылда спорттың бірнеше түрінен сайыстар өткізу дәстүрге айналды.
Сол себептен де бас имам футболдан ұйымдастырылған сайысқа қатысушыларға тек сәттілік тіледі.
Ойын өте қызықты да тартысты өтті. Онда жүлделі бірінші орынды №1 Қарабалық орта мектебінің, екінші орынды №3 Қарабалық орта мектебінің, үшінші орынды «Наука» орта мектебінің командалары жеңіп алды.
Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен арнайы кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық мешіт қызметкерлері және қалаға қарасты ауылдық мешіт-намазхана имам-молдалары қасиетті Рамазан айына байланысты бас қосты.
Жиында «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Б.Уәлиев ашып, қасиетті дінімізді өз өңірімізде кеңінен насихаттау, имамдар мен барша дін қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жайлы кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ басталған Рамазан айында атқарылатын нақты қызмет жоспарларымен таныстырып, жиналғандардың пікірлерін тыңдады.
Күн тәртібіндегі Рамазан айындағы жүзеге асырылатын игілікті істер тағы да пысықталып, тарауық намазының үзбей оқылуы, үстіміздегі жылы Ораза кезіндегі ҚМДБ тарапынан бекітілген пітір-садақа мөлшері мен кесте жайлы да жан-жақты айтылды.
Осы аталғандармен қатар басқосуда мешіт жамағаттары арасына жүргізілетін уағыз-насихат, діни сауат ашу курстары жұмыстарын жүйелеп бір ретке келтіру, жамағатты молынан қамту, жат ағымның алдын алу, мешіт қызметкерлері және жамағат арасында тығыз байланыс орнату да әңгіме арқауына айналды.
Рамазан-киелі де аса маңызды ай болып саналады. Сондықтан діни қызметкерлерден мешітке келушілерді ілтипатпен қарсы алу, тарауық намаздарынан кейінгі тегін автобустарды ұйымдастыру, жалпы тазалық мәселелері сияқты жайлар да кеңінен қозғалды.
Дәл осындай мазмұндағы жиын Аманкелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінде де өтті. Онда мешіттің бас имамы Жандарбек Әмірхамзин Ораза кезіндегі жүзеге асырылатын шараларға тоқталды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жыл сайын Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің дін қызметкерлері бейіт басында тазалық жұмыстарын жүргізіп, сенбіліктер ұйымдастыратыны көпке белгілі.
Биыл да осы игі мақсаттағы іс одан әрі жалғасын тауып, қала және қалаға қарасты ауылдардағы зираттарда осындай өзгелерге өнеге болар тазалық жұмыстары ойдағыдай атқарылды.
Бұл жолы аталмыш сауапты іске мешіт жамағаттарымен бірге қала әкімшілігі, ішкі саясат бөлімі және студент жастар да атсалысты.
Тілге тиек етілген сауапты да игі жұмыстың басы-қасында болған «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев көпшілікті дүниеден өткен азаматтарға құрмет көрсетумен қатар, қоршаған ортаны да таза ұстау қажеттігі жөнінде ұлағатты сөзін айтты.
Осы игі шара Қарабалық ауданы бас имамы Серік Темірбекұлы басқарып отырған «Ғашура ана» мешітінің жамағаты тарапынан да қолдау тапты.
О дүниелік болған ата-баба, ағайын-туыстары жерленген зиратың маңайын тазалап, ата-бабалар рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспсөз қызметі
Қостанай облыстық мешіті қасиетті Рамазан айы кезінде Ораза ұстаған қауымға шынайы көңілмен дастархан жаюды дәстүрге айналдырды. Биыл да ол жалғасын тауып, өңірде бірінші болып облыс басшысы Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов көпшілікке ауыз ашар берді.
Бұл игілікті басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет руханият жанашыры, дін мен тілімізді аса қастерлейтін әкімнің атынан берекелі дастархан жайылып отырғандығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ барша қауымға Рамазан айында мықты денсаулық, отбасында бақыт пен ырыс-береке тіледі.
Ерекше атап өтер жай, үстіміздегі жылы Ораза ұстаушылардың арасында жастардың қатары көп екендігі бірден байқалды. Сондықтан мешіт жанында арнайы алды ала дайындалған орындар лық толды.
Жиналған мұсылман бауырларымыз облыс әкіміне өздерінің шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдірді. Ал есімі өңірімізге белгілі абыз ақсақал ақ батасын беріп, Архимед Бегежанұлына және Бахытбек қажы Нұрғабылұлы бастаған мешіт қызметкерлеріне ең ізгі тілектерін жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспсөз қызметі
Міне, қасиетті Рамазан айына да саусақпен санарлықтай ғана күндер қалды. Сондықтан мұсылман бауырларымыздың назарына төмендегі пайдасын тигізер жайларды салғымыз келеді.
Осы 17 мамырда Рамазан айының алғашқы күні. Күнделікті сәресі ішу таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады. Маусымның 11-нен 12-не қараған түн (26-27 Рамазан) қасиетті – Қадір түні.
Жалпы, ауызды ақшам намазының уақыты кіргенде құрмамен немесе сумен және т.б.тағаммен ашқан дұрыс. Бұл жайлы бұрын да жазылып, айтылды.
Сондай-ақ Тарауих намазы 16-мамырдан бастап, жасиқ намазынан кейін оқылады, одан кейін үтір уәжіб намазы жамағатпен оқылады.Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, айт күніне дейін беруге болады. Бірақ бірінші он күндігінде берген сауапты. Биылғы жылы Қостанай облысы бойынша пітір садақасының құны – 300 теңге.
Көпшілікке мәлім, жылда Оразадан кейін Ораза айт мейрамы басталады. Биыл ол 15 маусымға келіп тұр. Айт намазы облыс орталығында сол күні таңертең 7:30-да оқылады.
Ораза ұстаған азаматтардың есінде болар, жәйттер Оразаға ниет: «Алла Тағала үшін мүбарак рамазан айының оразасын таңнан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім».
Ауыз ашар дұғасы: «Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә кемшіліктерімді кешіре гөр!»
Биыл Ораза ұстауға тілек білдірген мұсылман бауырларымызға Рамазан айы құтты болсын. Ол сіздердің шаңырақтарыңызға тек қуаныш пен бақыт алып келсін деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің ұйымдастыруымен „Қазақстан-Қостанай„ телеарнасының баспасөз клубында алдағы Рамазан айына байланысты брифинг болып өтті.
Онда алғашқы сөз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Шоқановқа берілді. Мәртебелі дін қайраткері Оразаның жай-жапсарына кеңінен тоқталды.
Ол Рамазан рухани айы екендігін тілге тиек етіп, оның денсаулыққа, адамгершілікке тікелей тигізетін ықпалы мен пайдалы жақтарын баяндап, Ораза ұстаған жанды ұстамдылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін тұстарында баса айтты.
Сонымен қатар адам бойындағы жаман қылықтар мен әдеттерден аулақ болуға шақыратындығын еске салды. Ораза бойы жетім-жесір, кембағал жандарға қолдан келгенше қайырымдылық пен мейірімділік таныту сауапты іс болатындығын да жасырмады.
Сансызбай Құрбанұлынан кейін облыстық мешіттің наиб имамы Сейіт Нұрқанов Рамазан айының ерекшеліктері, талаптары және ұстанымдарын мәжіліске қатысушыларға орыс тілінде жеткізді.
Осы басқосуды облыстық мешіттің бас имамы Бахытбек Тәжімбет қорытындылай келіп, өткен жылы өңірде бір ай бойы іскер және қалталы азаматтардың қолдауымен облыстағы 37 мешіттің аумағында ауызашар ұйымдастырылғанын, биыл да осы игі дәстүр жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ баспасөз мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа жиналысында биылғы Ораза кезінде берілетін пітір садақаның көлемі әр адамға шаққанда 300 теңгені құрайтындығы да айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі