Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, істеріңізге береке тілеймін. Көкейдегі сұрақты қойғым келіп отыр. Сайттарыңызға жолданған сауалға берген жауаптарыңызда Асыл арна каналының құрбандыққа қатысты жіберген кейбір ханафи мәзһабына сай келмейтін қателіктерін жазған едіңіздер. Сондай-ақ кейінгі кезде әлеуметтік желіде де "Асыл арна" телеканалының кімдердің қаржыландырып отырғанына қатысты түрлі керағар пікірлер жиілеп кетті. Тіпті қоғам екіге жарылып отыр. Осы жағдайдан кейін "Асыл арна" каналын көруге бола ма?" - деген көкейде орынды да күдікті сұрақ туып тұр. Сіздер бұған не дейсіздер? (Ерлан)
Уағалейкум әссәләм! Құрметті Ерлан бауырым! Өзіңіз айтқандай Асыл арнаның Құрбан айтқа байланысты шығарған бейнеролигіне қатысты берген жауабымыздан кейін хат қоржынымызға каналға қатысты сұрақтар жиі келіп жатқандықтан, оның жауабын жария түрде жариялауды жөн санап отырмыз.
Алла Тағала Құранда: «(Ей, иман еткендер!) Аллаға және оның пайғамбарына бойұсыныңдар. Өзара ұрысып, керіспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Сабырлы болыңдар. Алла сабырлыларды жақсы көреді»[1], - деп мұсылмандарды ынтымақ пен бірлікке шақырып, алауыздықтың залалын ескерткен. Басқа бір аятта: «Шындығында мүмін-мұсылмандар бір-бірімен тек қана бауыр. Сондықтан (араздасқан) екі бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Сонда игілікке бөленерсіңдер»[2], - деп мұсылмандардың бір-бірімен бауыр-туысқан екендігін еске салып, араздасқандардың арасын түзетудің сауапты іс екенін білдірген.
Біз аталмыш жауабымызда шариғи сұраққа, шариғат шеңберінде жауап берген болатынбыз. Ал әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан Асыл арнаны қаржыландыру мәселесі бізді қызықтырмайды. Өйткені оны қадағалайтын еліміздің арнайы қаржы, т.б мекемелері бар.
Асыл арна ашылғалы бері халыққа пайдалы танымдық жақсы дүниелерді шығарып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал кейбір бағдарламаларындағы әттегенайлар мен қателіктер болып жатса, оны еліміздің сауатты дін ғалымдары, ҚМДБ мен Дін істері комитеті қадағалап, ескертуі тиіс. Мұны асыл арна ұжымы шамданбай дұрыс қабылдайды деген үміттеміз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде де жиі-жиі көтеріліп жүрген "Неге телеарнада мәтуруди ақидасы жайлы бағдарлама жоқ? Неліктен салафизмның теріс ағым екендігі ашық айтылмайды" деген сынды көрерменнің орынды ескертулерін де арна ұжымы қаперіне алып, бұл тақырыптарға да жақсы бағдарламалар арнағанын жөн санаймыз.
Сөз соңында айтарымыз, Асыл арнаны көруге болады. Себебі, телеарна мен ҚМДБ және Дін істері комитетінің арасында өзара ықпалдасып жұмыс істеуге байланысты арнайы меморандум бар болғандықтан, арна өнімдері жіті қадағалауда. Ал кемшіліктер мен қателіктер болып жатса, жоғарыда да айтып өткеніміздей, оны еліміздің сауатты дін мамандары мен аталмыш мекемелер дер кезінде ескертіп, түзететіндігіне күмәніміз жоқ.
[1] Әнфәл сүресі, 46-аят.
[2] Хужурат сүресі.
Іslam.kz
«Орбұлақ» шайқасы тарихтан біз жақсы білетін Фермопильдегі «300 спарталықтың» 20 мыңдық парсы әскерімен болған шайқасына теңестіруге болады. Себебі, тарихта Спарта патшасы Лионид өз әскері арасынан ең таңдаулы деген 300 әскерін алып жауға қарсы аттанады. Сонда Спарта ақсүйектері: «еш болмаса мың сарбаз алсаңшы» деген де, патша Леонид: «Оларды жеңу үшін мыңы да аздық етеді. Бірақ ерлікпен қаза табу үшін 300-де жетеді», – деп жауап берген көрінеді. Осы шайқастың соңы Лионид патшаның бастаған 300 әскері Парсылардың 20 мың әскеріне қарсы үш күн бойы соғыста төтеп береді. Содан кейін ғана көмекке әскерлер келу арқылы жеңіске жетеді. Бұны қазір гректер мақтанышпен ғана айтып қоймай оған «300 спарталық» деген фильмде түсіріп, тарихын насихаттап жүр.
Ал, қазақ тарихында «300 спарталық» деген фильмнің алдын орап алатын жүздеген тарихи фильмдер түсіруге болатын тарихи оқиғалар жетерлік. Сол шайқастардың ішінде орны ерекше шайқастардың бірі – «Орбұлақ» шайқасы. Бұл шайқаста Жәңгір ханның жасақтаған небәрі 600 ғана әскері Батыр қонтайшы бастаған 50 мың жоңғарларға төтеп береді. Осыдан кейін қазақтардың жауынгер әрі соғыстың әдіс-айласын меңгермеген деп қалай айтасың!? Қазақтың жаужүректіктігін осы бір ғана «Орбұлақ» шайхасының өзінен-ақ көруге болады. Өкінішке орай осындай шайқастар қазіргі таңда кеңінен насихатталмай жүргені көңілге кірбің салады.
Десе де, «Алматы облысының жастар саясаты орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесі Талдықорған қаласында қазан айының 2-сі күні «Қазақ хандығына – 550 жыл» толуына арналғын «Орбұлақ» шайқасының тарихи мерекелік сахналық қойылымын өткізгелі отыр. Іс-шара бұқаралық мереке ретінде ашық аспан аясында өтеді. Бұл іс-шараның басты мақсаты: Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту болып отыр. Атап айтар болсақ; садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі. Сондай-ақ, ұлттық спорттық ойындардың турнирі (қазақша күрес, бұқа тартыс, асық ату, қол күрес) және қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен қол өнер шеберлерінің көрмесі назарларыңызға ұсынылады. Ең маңыздысы қазақстандық танымал каскадерлердің қатысуымен өтетін төрт оқиғалы шайқас көрінісін көрермендер назарына ұсынылғалы отыр.
Орбұлақ шайқасының тарихы
«Орбұлақ шайқасы» – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Қазақ шежірелерінде және халық аңыздарында соғыс жоңғар Алатауында, Орбұлақ деген жерде болған. Бұл шайқас қазақ халқының тарихында басқа да ірі оқиғалармен бірдей орын алды.
Байырғы дұшпан Хото Батор Хонтажы бастаған ойрат-қалмақ 50 мың қолмен қазақ елін жаулап алуға аттанғаны жөнінде Салқам Жәңгір өз барлаушыларынан хабар алады. Орбұлақтағы ойрат пен қазақтың тектілері Қарахан патшаның тұсында «Арамызды шаhар байласын, шаhар байламаса, заhар шайнасын» деп анттасқан көрінеді. Бірақ, Ойраттар анттан аттап қалмақтармен бірге қазақтарға қарсы жорыққа шығады. Бұл соғыс ойрат қоғамына өз әсерін тигізді. Олардың өзара қырқысын бастауға әкеліп соқты. Ескі феодалдар арасындағы өзара қайшылықтары жарыққа шықты. Осы соғыс ұмытылмас ерлік ретінде тарихқа жазылды. Жәңгір хан ұрыс орнына «Ор» деп аталатын кішкене өзеншесі бар тау арасын қолайлы деп тауып, әскерін «ор қазу» әдісіне жаттықтырды. Оның ойлағаны іске асып Батыр қоңтайшының қалың қолын ортадан қоршап сасқан жау қолының он мың әскерін дем арасында қырып тастайды. Жәңгір ханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келеді. Қазақтардан айласын асыра алмаған жоңғар батыры қалған қолын жинап, ойсыраған шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады. Аты дардай жоңғар ханына үлкен ұят саналған шайқастың соңы қазақ жасақтарының үлкен жеңісімен аяқталады. Бұл шайқаста Жалаңтөс Баhадүрден басқа, Жиенбет жырау, Қарасай батыр, Қөкі батыр, Жақсығұл батыр, Сүлеймен мерген, Жаманбай батыр, Шілмекенұлы Қостоқты батырлар да, өз көмектерін беріп, өшпестей із қалдырды.
Соғыс тактикасы
Қазақ хандығының әскери өнерінің тарихында тұңғыш рет оқпана (окоп) қазып соғысу тәсілі қолданылды. Бұл тәсілді ең алғашқылардың бірі болып, Орбұлақ шайқасында қазақ қолын бастаған Жәңгір қолданды. Орбұлақтың қия беткейіндегі қойтасты паналау арқылы оқпана қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Улы жебе адамға жанап кетсе болды, безгек тигендей мәңгілікке сұлап түседі екен. Сонымен қатар бұл шайқаста Сасықтекенің түтінін де пайдалану арқылы жаудың бетін оңай қайтарған көрінеді. Ал Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіріп, жағатын болса, түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Жәңгір ханның осындай соғыс тактикасынан бейхабар жоңғарлар қазақ қолының аз екенін білгендіктен қазақтарды оңай жеңеміз деп ойлайды. Бірақ та қазақтарға лап берген жоңғарлар улы жебеге артынша улы түтінге тұншығады. Міне, осындай амал-айла арқасында Самарханнан Жалантөс баһадүр 20 мың қол бастап жәрдемге келгенше, Батыр қонтайшы қолы 10 мың сарбазынан айрылып, ойсырай жеңіле бастайды.
Орбұлақ шайқасында көрсеткен қолбасшылығы үшін Жәңгір хан бірегей қолбасшы, әрі епті стратег екенін дәлелдеді. Ол оқиға болып жатқан кезде не істеу керектігін тез ұға білді. Өзінің тікелей соғысқа қатысуы арқылы 600 жауынгерді жігерлендіріп қол бастай алды. Жәңгір хан бастаған қазақ жауынгерлері де, өздерінің ерліктері арқылы өз жерінің тәуелсіздігін және халықтың бостандығын қорғай алатындығын дәлелдеді. Сондықтан да, Орбұлақ шайқасы қазақ халқының тарихындағы аса ірі жеңістердің бірі әрі бірегейі болды десек артық айтпағанымыз.
Улы түтінге ұрындыру
«Сасықтеке» түтінін пайдаланатын ұсталарды «Сүлік» деп атап, мұндай ұсталарды өте құпиялап ұстаған. Қазақ даласындағы үлкен соғыстар кезінде түтінге ұрындыру тәсілі көп пайдаланылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып, жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп, иіспен улау дұшпан жаққа өте көп шығын әкелген. Улы өсімдіктердің исін жұтқан кезде, жан-жануарлар да, адамдар да басы айналып, не болып, не істеп жатқанын байқай алмай, мәңгүрттеніп, ұйқы басып жатып қалатын болған. Кейбір шөптердің түтіні өлтіріп те жібереді. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді араластырып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Яғни сулы күйінде бықсыған түтінге ұрындыру мақсаты болған. Ұзаққа ататын нарсадақпен садақшы мергендерді дайындап, садақ оғы жебесінің улы шөпке түсуі жау қолына үлкен шығын әкелген.
Өз сөзім
«Орбұлақ» шайқасындағы батыр бабаларымыздың тапқырлығын, жаужүректігін газетіміздің бір бетіне сыйдыру мүмкін емес. Бұл шайқастың ашылмаған, зерттелмеген тұстары әлі де жетерлік. Сондықтан да, осы шайқасты жіті зерттеп, халқымызға кеңінен жеткізе білу керек. Себебі, өткенді білмей болашақты жоспарлау мүмкін емес. Жастарды тәрбиелеу мәселесіне келер болсақ, осы сынды қазақ халқының том томдап жазатын, бірнеше фильмдер мен сериалдар түсіретін дүниелеріміз жеткілікті. Қазіргі теледидардан көріп жатқан шет елдің жын ойнаққа толы сапасыз дүниесі санамызға сіңбей тұрғанда, өзіміздің салт-дәстүрімізге келетін терең тарихымызды қоғамымызға насихаттауымыз қажет.
Талғат Жанысбай
Бүгін Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтады.
«Бүгінгі біздің бас қосып отырғанымыз баршаңызға мәлім, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Осы ұлық мерекемен барлығыңызды шын жүрегіммен құттықтаймын. Елордамыздан бастау алған, 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін өте керек еді. Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды», - деді Елбасы.
Сондықтан да Мемлекет басшысы осы жылдардың ішінде көне тарихымызды барлық жер-жерлерден іздестіріп, тауып, жинап, жазып, есімізге түсіріп келе жатқанымызды баса айтты.
«Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық», - деді ҚР Президенті.
inform.kz
Шешенстанның орталық мешітінде қасиетті жәдігері – Мұхаммад пайғамбарының шашын табыстау рәсімі болып өтті. Рамзан Қадыров Ресей Федерациясының мүфти Кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдиновқа шаші бар шыны капсуланы салтанатты түрде тапсырды, деп «АиФ» хабарлайды. Шешенстанның басшысы осы оқиғаны тарихи оқиға деп атап, жәдігерді шығарып салуға мыңдаған мұсылманның жиналғанын айтты.
«Мәскеу – Ресейдің астанасы, осында екі миллионнан астам мұсылман тұрады, мұсылман елдерінің елшіктердің саны қырықтан астам, бүкіл әлемнен делегация келіп тұрады. Сондықтан мешітте Ұлы жәдігер болу керек. Алла Тағаланы Ресейдің бүкіл мұсылмандардың, бұкіл азаматтары мен елдерінің бірліктігін нығайтуына жағдай жасайтынын өтінемін», - деп Инстаграмда Рамзан Қадыров жазды.
Қазақстанда садақаға арналған электронды терминал құрылды. Қазір терминал сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
«Электронды садақа» жобасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әкімшілігінің бастамасымен қолға алынған.
Алғашқы терминал Әзірет Сұлтан мешітіне қойылды.
«Электронды садақа» терминалы алғашқы кезеңде Астана қаласына қойылады. Егер жоба үмітті ақтайтын болса, Қазақстанның басқа қалаларындағы мешіттеріне орналастырылады.
Қажылардың Меккеден елге оралу мәселесі бір жолға қойылды. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз мәлімдеді.
«Қажылық миссиясының алдын-ала жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде 500 орындық ұшақ еліміздің қажыларына қызмет көрсетуде. Келісім бойынша ұшып келудің жаңа кестесі жасалды. Қазіргі уақытта қазақстандық қажылар Джидда - Алматы бағыты бойынша елге аман-есен оралуда. Қажылық компаниялар Меккеге барған қазақстандықтардың әуежайға уақытында келу жағын ұйымдастырып жатыр. Жалпы айтқанда биылғы қажылық маусымы соңына таяп келеді. Отандастарымыздың барлығы жоспарланған үш рейспен елге оралатын болады», - деді наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.
Жиын барысында наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ақпарат құралдары тілшілерінің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ наиб мүфти сұхбат барысында журналисттерге қажыларды тасымалдау жұмысына қатысты шешімін таппаған күрделі мәселелердің жоқ екеніне тоқталып, ұшақтардың ұшу кестесі жүйелі түрде орындалып жатқанын жеткізді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz
Лисаков қаласында былтырдан бері мешіт құрылысы жүріп жатыр. Қазыргі таңда мешіттің қабырғалары көтеріліп, төбелері жабылуда. Жақында мешіттің күмбезі орнатылды. Күмбезді арнайы тапсырыспен ООО «СК ИНТЕРМАКС» (Челябі қаласы) фирмасы орнатты. Күмбездің жабдықтары озық техналогиямен жасалғандықтан, 2065000 рубль қаржы жұмсалды. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша мешіт құрылысы келесі жылы пайдалануға Алланың қалауымен беріледі деп күтілуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында облыстық «Марал ишан» мешітінде өңірдегі аудан мен қалалардың имамдары басқосқан семинар болып өтті. Бұл семинарды Ақтөбе қаласының «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры, теолог Асқар Сабдин жүргізді.
Онда имамдарға діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен қалай жұмыс жасау және деструктивті діни ағымдарға өтіп кеткен кісілердің дәстүрлі дінге қайтарудың тәсілдері жан-жақты айтылды. Дін қызметкерлері оған көкейлерінде жүрген бірқатар сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Дархан Манарбекұлының айтуына қарағанда, мұндай басқосулардың әріптестеріне берері мол. Өйткені, әрбір семинардан көп жайды көңілдеріне түйіп қайтады. Ұйымдастырушыларға деген алғыстары шексіз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Біздің қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Өйткені, кейінгі жас ұрпақ соларға еліктеп өседі. Олардан тағылым алып, адал еңбек етудің қыры мен сырын үйренеді.
Сондықтан да болар, жуырда облыстық Марал ишан мешіті мен Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалы және «Зекет» қоры өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға аталған мешітте дастархан жайылды.
Сондай-ақ, осы басқосуға қазақ мәдениеті мен әдебиетіне лайықты үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдері де қатысты. Онда аға ұрпақ өкілдері өздеріне ерекше көңіл бөліп, басқосуға ұйытқы болған азаматтардың барлығына да шын көңілден шыққан ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Біз мұндай басқосуды өткізуді дәстүрге айналдырдық. Биыл да еліміздің өркендеуіне бүкіл ғұмырларын арнаған ардақты қарттарымызды шақырып, оларға сый-сияпат жасадық. Ардагерлер дастархан басында шүйіркелесіп, өткен-кеткенді еске алып, бір жасап қалды, - дейді Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин бізбен әңгімесінде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Асылхан қажы Түсіпбек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы болып қызметке кіріскелі бері әрбір басқосудың тағылымдық-тәрбиелік маңызына ерекше көңіл бөліп келеді.
Бұған облыстық Марал ишан мешітіндегі түрлі деңгейдегі басқосулар мен рухани кештер жарқын айғақ. Көп жылдардан бері дін саласында еңбек етіп келе жатқан дін қайраткері аталған мешіттің жанынан кітапхананың ашылуына да ұйытқы болды.
Оған арнайы қаржы бөлінді. Жуырда осы кітапханада болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық. Кітапхана бірінші қабатта орналасқан. Ондағы үш сөреге түрлі тақырыптарды қамтыған діни кітаптар қойылыпты.
Мұнда келушілерге осынау рухани дүниелермен танысуға да толық мүмкіндік жасалған, еденге кілем төселген. Арнайы парталар мен орындықтар да оқырмандардың назарын бірден аударады. Бәрі де жаңа, басқа да жиһаздар көздің жауын алады.
Қасиетті Құрандарға сөрелердегі төрден орын берілген. Өзіңіздің көптен бері іздеп жүрген діни әдебиеттеріңізді де осы жерден табасыз. Мешітте кітапханашы Ержан Сұлтанғалиевпен де тілдестік.
Ол өзінің әңгімесінде былай деді:
- Бас имам Асылхан қажы Түсіпбек рухани байлықты жоғары қоятын азамат. Сондықтан болар, осы кітапхананың биылғы күзден бастап ашылып, жұртшылықтың діни сауаттарын көтеруіне ерекше назар аударып отыр. Ізденген адамға бұл жерден өзінің кітаптарын толық табуға болады.
Міне, осылайша облыстық мешіттегі кітапхана өз жұмысын барынша жандандыра түсуде. Бұл парасат ордасына айналған орын алдағы уақытта да жаңа әдебиеттермен толыға түспек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі