Алла қаласа биылғы жылдың 19-мамырынан Шағбан айы басталды. Бұл ай – Пайғамбарымыздың айы. Шағбан айы өте берекелі және мүминдерге Алланың рақымы молынан жауатындықтан, мүмкіндігімізше тәуба истиғфарды, таһажжуд, тасбих, қаза намаздарын көп оқып, Алла Тағаланы мадақтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат шәріпті көп айтқанымыз жөн.
Шағбан − қасиетті үш айлардың бірі, құлшылықтарымыздың сауабы еселеніп жазылатын шарапатты айлар. Қамари ай санауы бойынша сегізінші айға жатады. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», – деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Умәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау.
Айша (р.а.) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Я, Расулаллаһ, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Азрайылға тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін»-деп жауап берді.
Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, үмматтары бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Алла Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай.
Құрметті бауырлар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Менің айым» деп ерекше ұлықтаған осынау айын біз де қадірлеп ғибадат-құлшылықтарымызды арттырып, Алла Тағаланың ұлық нығметтерін иеленуге қам жасайық.
Шағбан айының тағы бір қасиеті осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол – Барағат түні. Барағат мүбарак бір түн. Өйткені ол түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады.
Али бин Әбу Талибтен (р.ғ.) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнафық, туысымен қарым-қатынасын үзген және зинақор әйел».
Алла Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Алла Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша дейін»-деді де: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының қылдарының санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді.
Мінеки, құрметті жамағат, Барағат кешінің осы іспеттес адам баласына берер пайдасы өте көп. Бұл кештің Ислам тарихында алар орны да орасан. Алла Тағала бұл түні көптеген Пайғамбарларын (ғ.с.) рахметіне бөлеген. Бұл түні – Алла Тағала Нух (ғ.с.) Пайғамбарға топан судан құтылу үшін иман келтірген қауымы мен хайуанаттарын жұп-жұбымен кемеге мінуге бұйырған. Осы түні Алла Тағала Мұсамен (ғ.с.) тілдескен. Сол түні Алла Тағала Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбарды Жақия есімді ұлымен сүйіндірген. Бұл түні Құран Кәрімдегі «Әл-Қамар» сүресінің бірінші аятында айтылған аспандағы айдың екіге жарылып бөлінген оқиғасы болып өткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген бұл ұлық мұғжиза осы бәрәғат кешінде болған еді. Осы тәрізді Барағат кешінде жүзеге асқан тарихи оқиғалар жетерлік.
Бұл мүбарак түн маусым айының 1-нен 2-не қараған түні болады. Бұл түні нәпіл намаздар оқып, Құран тилауатында болу, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтудың айрықша сауабы зор. Өйткені Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 56-шы аяты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуды бұйырады. Осынау айда Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Жәбрайыл (ғ.с.) келіп: «Я, Мұхаммед (с.ғ.с.) егер де сенің үмматыңнан біреу саған бір салауат айтар болса, Алла Тағала ол адамға он жақсылықтың сауабын жазады, он жаманшылығын кешіреді әрі ол адамның дәрежесін он есе көтереді»,-деді. Сондықтан осы түні Расулімізге (с.ғ.с.) қолымыздан келгенінше көбірек салауат айтайық.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Менің үмматымның ең жақсы құлшылығы – Құран оқу»,-деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім жатар алдын «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала ол адамның күнәсін кешіреді», - деді. Бұл түні көбірек истиғфар, яғни Алладан күнәларымыздың кешірілуін сұрауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім кешкісін истиғфар айтып, сол түні дүниеден өтер болса, Алла Тағала ол адамды жаннатқа кіргізеді», - деген.
Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Алла Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар»,-деді.
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Шағбан айындағы нәпіл ораза ұстайтын күндердің сәресі және ауыз ашар уақыттарының кестесі:
Мезгілі | 31.05.2015 | 01.06.2015 | 02.06.2015 |
Сәресінің аяқталуы | 03:14 | 03:13 | 03:12 |
Ауыз ашар уақыты | 22:10 | 22:12 | 22:13 |
Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.
Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын), оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Шариғатта жалпы барша нәрсенің негізі «таза» болып табылады. Тек шариғи дәлел ғана «таза еместігін, нәжіс екендігін» көрсетсе ғана лайықты үкімі беріледі. Ислам ғұламалары: «Харам нәрсені нәжіс деп атауға өкілеттілігіміз жоқ. Себебі оны нәжіс деп үкім шығару үшін шариғаттан дәлел керек»,-деген көзқарасты алға тартқан. Мәселен есірткі, улардың үкімі харам. Бірақ негізі таза. Өйткені олардың нәжістігіне шариғи дәлел жоқ. Кез-келген нәжіс харам болғандығымен харам нәрсенің бәрі нәжіс емес. Сондықтан спирт мас қылу себебінен харам болғанымен нәжіс емес. Құранда үкімі харам болып бекіген «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа айтылады. Имам Ағзам мазһабында шарап харам әрі нәжіс болғандықтан тиген жерлерін нәжіс етсе, ал спирт тиген жерлерін нәжіс қылмайды. Имам әш-Шафиғи мәзһабында шараптың санатына барлық мас қылушы ішімдіктер кірген. Олардың барлығы нәжіс деп те үкім берілген. Алайда нәжіс деп үкім берілсе де спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді қолданудың оғаштығы жоқ деп санаған. Құрамында спирті бар иіс сулар немесе спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды. Спирт тиген жерді жуу да міндетті емес. Өйткені спирт тез арада ұшып кетеді. Қазіргі таңда көптеген дәрілерге азды-көпті белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат науқасты мас қылу емес. Бар болғаны дәрі құрамындағы кейбір заттардың еруге мұқтаждығы бар. Сол себепті спирт қосылады. Сондай-ақ дәрінің құрамы уақыт өте келе өзгеріске түспеу үшін және ұзақ мерзімге сақтау үшін де аз мөлшерде спирт қосылады.
Ғалымдар шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, қасиеті мен сипатын жоғалтса яғни, иісі, реңі, дәмі де қалмаса таза болады деген. Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың ән-Нуқая атты еңбегіне жазған Фатху-Бәбил-Ғиная атты шархында былай дейді.
«Нәжістің күлі немесе т.б (нәжістердің үкім) таза болып табылады. Яғни, тұзды жерде өліп, тұзға айналған есектің үкімін алады. Сондай-ақ шариғатта негізі ұрықтың (сперманың) үкімі нәжіс. Уақыт өте келе жатырға түскен ұрық ұйыған қанға айналады. Оның үкімі де нәжіс. Кейін әлгі ұйыған қан бір шайнам етке айналады. Оған таза деген үкім беріледі. Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап сірке суына айналса, үкімі таза болады. Осылайша біз қандай-да бір заттың негізінің басқа бір затқа айналуы әуелгі қасиеті мен сипатын жоғалтатындығын білеміз. Өйткені оның табиғаты және көрісі өзгеріске ұшырады»[1].
Демек спиртті ішу адамды мас күйге түсіретіндіктен тыйым салынады. Алайда дәрінің құрамына химиялық қоспалардың араласу арқылы спирт өзінің қасиеті мен сипатын жоғалтса таза болып есептеледі.
Үкім:
1. Спирт ішуге шариға тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес.
2. Құрамында спирт болған дәріні, дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.
3. Егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтса ішуге болады.
4. Ал егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтпаса төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге болады.
а. Аса зәру жағдай болып, құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын таза дәрі болмаса;
ә. Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігі тисе;
б. Құрамында спирт қосындысы бар дәріні міндетті түрде жоғары білімді, білікті дәрігер нұсқауымен қолданылуы қажет;
والله اعلم بالصدق و الصواب
ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі
Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен, 2015 жылы 06 маусымда Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесіне мешіт жамағаттары арасында «Қазақ күресінен» түйе палуандар арасында II-Республикалық турнир өтеді.
Палуандарды тіркеу және салмақ өлшеу жұмыстары 2015 жылы 03 маусымда сағат 14:00-19:00 аралығында, спортшылардың жарысқа дайындықтарын (тізелерін жауып тұратын спорттық киім үлгісі, жарысқа қатысуға денсулығы жарамды екенін анықтайтын дәрігерлік анықтама) тексеру, жеребе тарту шаралары 04 маусым күні сағат 15:00-17:00-ге дейін ҚМДБ-ның Алматы қаласындағы ғимаратында өтеді.
ЕСКЕРТУ
- Жарысқа 18 жастан жоғары ересектер жіберіледі.
- Салмағы 74 кг. жоғары болуы шарт.
- Әр палуанның өзімен бірге төлқұжаты және (жарысқа қатысуға денсулығы жарамды екенін анықтайтын) дәрігерлік анықтамасы болу керек.
- Кәсіпқой спортшылар жарысқа жіберілмейді. Жарысқа тек әуесқой спортшылар ғана қатыса алады.
МАРАПАТТАУ
- I орын –қажылық
- II орын – умра
- III орын – бағалы жүлде
Сонымен қатар Бас мүфтидің мақтау қағазы және медальдармен марапатталады.
Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Суға жүзуді, садақ атуды, атқа отыруды, күресуді, жүгіруді үйреніңдер, әрі өзгелерге оны үйретіңдер», – деген.
Ислам – адамзат атаулысының жаны көркем, тәні тазалықта болуын кеңінен насихаттайды. Оның ішінде адамның айналасы, қоршаған ортаның тазалығы да назардан тыс қалмайды.
Бүгінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Түсіпбек Асылхан қажы өңірдегі барлық мешіттердің ауласы мен жан-жағы уақыт талабына сай таза болуын үнемі назарда ұстайды. Барлық деңгейдегі имамдардан соны талап етеді. Осы орайда қалалар мен аудандарда сенбіліктерді өткізу дәстүрге айналды. Бұл маңызды бастама үстіміздегі жылы көктем басталғалы бері жандана түсті.
Қазіргі таңда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұжымы сәулеті мен сәні келіскен парасат ордасының айналасын көгалдандыру мен абаттандыру үшін қыруар жұмыстар атқарды. Жылдағыдай биыл да гүл көшеттерін отырғызатын орындар арам шөптерден тазартылып, өткен жылғы күзден бері жинақталып қалған жапырақтар тиісті жерлерге тасылды.
Осы орада, жалпы, аталған мешітте сенбілік жұмыстарынан басқа да кезек күттірмейтін тазалыққа байланысты жұмыстар қолға алынып, оған қызметкерлер тартылуда. Соның нәтижесінде бұл күндері мешіттің маңы сыпырылып, егілген гүлдерді суғару қолға алынды.
Облыстық мешітке құлшылық-ғибадатын жасауға келген әрбір жамағатқа Алла үйінің әсемдігі мен тазалығы жағымды әсер қалдырып, кейінгі өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алуда.
Мұндай жұмыстар өңірдегі барша мешіттерде алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында облыстық «Марал ишан» мешітінде өңірдегі аудан мен қалалардың имамдары басқосқан семинар болып өтті. Бұл семинарды аталмыш мешіттің найб имамы Әбдулқаһһар Ерматов жүргізді.
Онда имамдарға араб тілі мен Құранды жүргізу мен оқып-үйренудің жеңіл тәсілдері жан-жақты айтылды. Дін қызметкерлері оған көкейлерінде жүрген бірқатар сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімаханның айтуына қарағанда, мұндай басқосулардың әріптестеріне берері мол. Өйткені, әрбір семинардан көп жайды көңілдеріне түйіп қайтады. Ұйымдастырушыларға деген алғыстары шексіз.
Оқырмандар назарына салар кетер бір жай, облыстық мешіттің найб имамы Әбдулқаһһар Ерматов жаңа қызметке ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың бұйрығымен осы жылдың мамыр айынан кірісті. Оған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық медресесінде 13 жыл ұстаздық етті.
Жаңа найб имамға жаңа қызметінде табыс, деніне саулық тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде аудандар мен қалалардың имамдарының маңызды мәселелерді қамтыған жиналысы өткізілді. Оған ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек төрағалық етті.
Аталмыш басқосуда алдағы қасиетті Рамазан айына жан-жақты дайындық жайы арқау болды. Сондай-ақ Бас мүфтидің Қазақстан халқына Оразаға байланысты үндеуі талқыланды. Бұл маңызды мәселе барша имамдар тарапынан қолдау тапты.
Бас имам Асылхан қажы Мұханбетжанұлы имамдардың назарын ҚМДБ-на қарасты оқу-орындарына шәкірттер дайындауға, олардың білім сапасына ерекше көңіл бөлуге аударды.
Сондай-ақ жиында әріптестеріне Рамазан айы кезінде оның қадір-қасиеттері мен тәрбиелік маңызын бұқаралық ақпарат және көрнекі үгіт құралдары арқылы насихаттау, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша мешіттерде ауызашарлар беруді ұйымдастыру, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау қажеттігіне тоқталды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен 28-29 мамыр күндері Алматы қаласы «Байкен» мешітінде өтетін «VI Республикалық Құран жарысына» шақырамыз.
Құран жарысына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Әр өңірден өкіл имамның ұсынуымен 3 үміткер қабылданады.
- Жарыс 30 параны толық жаттаған қарилар арасында өтеді.
- Жарысқа қатысушылардан өзі қатысатын өңірде тіркеуде тұрғандығы жайлы мекен-жай анықтамасы талап етіледі.
- Жарысқа 30 жастан аспаған Қазақстан Республикасының ер азаматтары ғана қатыса алады.
- Жарысқа қатысуға үміткерлерді тіркеу мамыр айының 25-не дейін жалғасады.
- Жарысқа қатысушылардың оқу қырағаты, тәжуид білімі, жаттау қабілеті бағаланады, оқыған аяттарының мағынасы (тәпсірі) сұралады.
- Жарыс жеңімпаздары құнды жүлделермен марапатталады.
Жарыс жеңімпаздары құнды жүлделермен марапатталады:
1 орын – «Hyunday» автокөлігі
2 орын – « Daewoo Nexia» автокөлігі
3 орын – «Лада Приора» автокөлігі
4 орын – Қажылық
5 орын - Умра
Жарыстың өтетін орны мен уақыты:
Алматы қаласы, Бостандық ауданы, «Байкен» мешіті. Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысы. 28-29 мамыр.
Анықтама телефондары:
+7 (702) 859-26-08 Дүйсебаев Нұрболат;
+7 (702) 201-07-02 Көкенай Саясат;
This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжановтың тікелей ұйытқы болуымен облысымыздағы бірқатар жомарт азаматтардың атынан облыс орталығындағы 9-шы шағын ауданда орналасқан қалалық мешітке жеңіл автокөлік сыйға тартылды.
Осынау имандылық ордасына қызмет бабында аса қажетті көліктің кілтін шаһар басшысы Ахмедбек Масақбайұлы аталмыш мешіттің бас имамы Шоқан Әмірхановқа жұма намазда салтанатты түрде табыс етті.
Бас имам өз кезегінде осындағы барша жамағаттың шынайы ризашылығының белгісі ретінде қала әкімінің иығына шапан жауып, ардақты ақсақал Бақытжан Жайлаубаев батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Ресей Федерациясының Троицк қаласында осы елдің дін қайраткері, ойшыл, педагог, ағартушы Зайнулла Хабибуллоұлы Расулевке арналған ғылыми-мәдени және діни «Зайнулла хазрет Расулевтің оқулық күндері» атты конференция болып өтті.
Бұл ғылыми практикалық конференция осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Оған «Тарихи және заманауи тұрғыдан Исламның Ресейдегі орны» тақырыбы арқау болды.
Осынау айтулы басқосуға арнайы шақыру бойынша Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов бастаған азаматтар қатысты. Оның құрамында Қостанай қалалық мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы, Қостанай облыстық әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Нұрхан Нөгербеков, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып болды.
Сондай-ақ аталмыш маңызды жиынға Уфа қаласынандағы Ресейдің Бас муфтиі Талғат хазрат Тәжуйддин, Челябі облысының губернаторы Б. Дубровский, Татарстан Республикасының муфтиі Камил Самигуллин хазрат, Челябі облысының қала, аудан және ауыл имамдары да қатысты.
Басқосу соңында Зайнулла хазраттың қорымына зиярат етіліп, оның рухына дұға бағышталды. Бұл конференция жоғары деңгейде өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі