Алла тағала "Ахзаб" сүресiнің 21-аятында: "Расында сендер үшiн Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Мұхаммед пайғамбарда әлбетте тамаша өнегелер бар", - дейді. Иә, әлемге бақыт сыйлап, жарық сәуле көрсете білген пайғамбарымыздан әлем мұсылмандары үлгі алып қана қоймай, өмірін өнеге тұтары хақ.
Мұсылманның да өмірдегі басты мақсаты-пайғамбарымыздың сүннетіне сай өмір сүру. Екі дүниенің сардары болған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесі де келді. Елімізде мәуліт айын түрлі іс-шаралар шеңберінде атап өту үрдіске айналды. Міне, ардақты пайғамбарға деген сүйіспеншілік пен құрмет мәуліт айында онан әрі өз жалғасын табуда.
Жуырда Рудный қаласының «Нұр» мешітінің намазхандары, әлем мұсылмандарының жылда-бір кісідей қарсы алатын Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күнін, яғни алғашқы Мәуліт айының бірінші жұма намазында бар ықылас ниеттерімен Ұлы жаратушымызға құлшылығын жасады.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің найб имамы Саят Серікұлы мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиеті, тығылымды ғибратты ғұмыры жайлы уағыз айттып, және жұма намазының алдында барша жамағатпен бірге өз заманында Мәдина қаласының мүфтиі болған Жағфар әл-Барзанжидің жазып қалдырған "Мәулид ән-наби" кітабынан арабша нұсқада мәуліт оқылып, пайғамбарға салауат айтылды.
Қысқасы, аталған мешіттегі бұл басқосудан жиналған қауым қаншама рухани ләззат алды. Мәуліт мерекесі жайлы таным-түсініктері кеңейді.
Нағашыбай Серікбаев
Рудный қаласының«Нұр» мешітінің намазханы.
Қостанай облысы
Жақсылық қажы Ғайсин – филиал төрағасы
Жақында облыстық Марал ишан мешітінде тағылымды бас қосу болып өтті. Оған өңірдегі аудандер мен қалада тұратын қажылар жиналды.
Осы арада оқырман назарына сала кетер бір жай, жалпы облыста екі жүз елуден астам қажылар бар. Оның басым көпшілігі ауылдық жерлерде ғұмыр кешіп, кейінгі жастарға мағыналы өмірлерімен өнеге көрсетуде.
Киелі орындағы бұл басқосуда Қазақстан қажылары қауымдастығының Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы болып өңірдегі аса беделді, кезінде талай лауазымды әрі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Жақсылық қажы Ғайсин тағайындалды.
Жиында облыстағы сыйлы азаматтардың бірі Ғабдолла қажы Ахметжанов осы уақытқа дейін облыстық филиалға төрағалық етіп келген білгір де білікті Әкімбек қажы Қабденнің жемісті қызметіне ризашылдығын білдіріп, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
- Жерлестерім маған үлкен сенім артып отыр. Оны жете түсінемін. Қазақстан қажылары қауымдастығы да имани- рухани тәрбие, ғилыми-ағартушылық мазмұныңдағы үгіт-насихат, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ауыз-бірлігі мен ынтымағын барынша нығайту және басқа да бағыттарда жұмыстар жүргізетіндігі көпшілікке белгілі.
Өзім де барлық күш-қайратым мен білімімді осы мақсаттарды жүзеге асыруға арнаймын – дейді Жақсылық қажы Ғайсин.
О. Жабайтегі.
Кімге болсын көркем мінез жарасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбекпен әңгіме
Өткен жыл Қостанай өңірінің дін саласындағы қызметкерлер үшін де жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, облыстағы барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде жерлестерімізді имандылыққа баулу секілді асыл қасиеттерді өрістетіп, бойында ілімге деген құлшынысы бар жастарды тәрбиелеуде қыруар жұмыстар тындырылды.
Жуырда біз облыстың бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбекке арнайы жолығып, өзімізді көптен толғандырып жүрген мәселелерге байланысты нақты жауап алған едік.
Бұл сұхбатта дін қайраткерінің өмір жолы, былтыр жүзеге асырылған игі істер және алда тұрған нақты жұмыс жоспарлары баяндалады.
Торғай өңірінде азамат болып қалыптастым
- Асеке, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өзіңізбен кездесіп, әңгімелесуді жөн көрдік. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған жұмыстар жеткілікті. Дегенмен де оқырмандар қауымы Бас имамның өскен ортасы, азамат болып қалыптасу кезеңдері жөнінде де білгісі келеді. Сондықтан бүгінгі сұхбатымызды осыдан бастаған орынды секілді?
- Рахмет. Сіздердің басылымдарыңызбен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқаныма өз басым өте қуаныштымын. Өйткені, қашанда сіздер адалдық және әділдік жағындасыздар. Сондықтан сіздерге сұхбат беруге келісімімді беруге дайынмын.
Өздеріңіз де білесіздер, киелі Торғай дінімізді, тілімізді, ділімізді өркендетуге қомақты үлес қосып келе жатқан өңір десем қателесе қоймаспын. Мен Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылында қазақтың қарапайым ғана шаңырағында дүниеге келдім.
Әкеміз Мұханбетжан ағайын-туыстары мен замандастары арасында абыройлы, қақ-соқпен шаруасы жоқ иманды кісі болатын. Осы шаңырақтың шырайын келтіріп отырған анамыз Кенжен де көңілі дархан, адамгершілігі мол кісі.
Өздері мінездері қандай кең болса, айналасындағыларға да мейірім- шуақтарын шашқан кісілер. Олар отбасындағы бес баланың бәрінің де өз қатарларынан қалмай, елі мен халқына адал еңбек етулерін армандайтын. Шаңырақтағы бауырларым Дархан, Ерхан, Таңатқан және Әсемдер де әке-шешеміздің көрсеткен ұлағатының арқасында қатарларынан қалмай, көпшіл, адамның қадірін білетін, еңбексүйгіш жандар болып қалыптасты.
Қазіргі таңда олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Соған мен де шынымды айтсам, өте ризамын. Хабарласып, бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасып тұрамыз.
- Жастық шағыңыздан біраз мәлімет бердіңіз. Енді, осы дін жолына келуіңіз жөнінде де баяндай кетсеңіз?
- Өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен, мектеп қабырғасында жүргенде сыныптастарымның алды болып оқыдым. Көп сөйлегеннен гөрі, нақты іспен айналысу менің сол кезден бастап өмірлік қағидама айналды. Ұстаздарым да осы қасиеттерімді бағалай білді.
Мен де өзгелер секілді қолыма көптен күткен кәмелеттік аттестатты алдым. Содан кейін әрине, менің алдымда енді қайда барамын, алдағы уақытта кім боламын? деген ұлы мақсаттар тұрды. Алайда несін жасырамын, имандылық жолына түсіп, дін қызметкері болу көздеген әрі көксеген арманым еді.
Сондықтан 1993 жылы өзім туып өскен Амангелді селосымен іргелес жатқан Жангелдин ауданы Оспан қожа мешітіндегі сол уақыттағы білгір маман Шоқан Әмірхановтан дәріс алдым. Сөйтіп, осындағы талантты шәкірттердің бірі болдым.
Шоқан аға әкесі секілді жаста болса өте ұстамды азамат. Сондықтан ол кісі бойындағы ең ізгі қасиеттердің бәрін де біздің бойымызға сіңіруге тырысты. Сол кісінің ұстаздық еңбегінің арқасында біраз жайға қанықтық. Дін саласынан тиянақты білім алдық.
Одан кейін әрине, 1994-1996 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Ислам институтында оқыдым. Мұнда да уақытты босқа жіберген жоқпын. Тәлімгерлерімнің айтқанын екі етпей орындап, олардың ғибратты сөздерінен көп тағылым алдым.
Екі жыл екі күндей болмай өте шықты. Аталмыш жоғары оқу орнын аяқтаған соң, бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қалалық мешітінің ұстазы болып қызметке кірістім. Бұл жерде де абыройға кенелдім. Шәкірттер тәрбиелеп, оларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулыдым.
- Осы мешітке Бас имам болып тағайындалғанға дейін бірқатар аудандарда жұмыс істедіңіз ғой. Осы кезеңдер де сіздің ғұмырыңызға өшпес ізін қалдырған болар?
- Әрине, кім болсын белгілі дәрежеге жету үшін сол салада әбден шыңдалғаны дұрыс. Сондықтан жоғарыда баяндалғандай, Арқалық қаласындағы мешітте алдымен ұстаз болсам, кейін киелі орынға наиб имам болып бекітілдім.
Бұл мешіт шын мәнінде тәжірибемді шыңдау мектебі болды. 2000 жылы Қостанай ауданы Затобол кентіндегі Маңдай батыр мешітіне бас имам болып тағайындалдым. Осы жерде ұзақ жылдар қызмет атқардым. Жергілікті халықпен тіл табыса отырып, имандылық мақсатында көп шаруаларды жүзеге асырдық.
Сондықтан әңгіменің орайы келгенде, ондағы мұсылман бауырларымыздың қолдауы және аудан әкімі Ахметбек Ахметжановтың демеуімен дінімізді өркендету бағытында атқарылған істер аз болған жоқ.
Жылқы жылы атқарылар істер көп
- Өзіңіздің облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы болып тағайындалғаныңызға да бір жыл бола қойған жоқ. Дегенмен, сіздің басшылығыңызбен өңірде талай игі істер жүзеге асқанына куәміз. Енді осы жайларға тоқтала кетсеңіз?
- Облыстың жай-күйі маған бұрыннан таныс. Сондықтан, осынау жауапты іске кіріскен соң, алдымен бүкіл аудандар мен қалаларды аралап шықтым. Ондағы әкімдермен сөйлестім. Мешіттердің тыныс-тіршілігімен толық таныстым.
Сол сапарлардан түйгенім әрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің тікелей тапсырмасы бойынша көпке өнеге боларлықтай жұмыстар тындырылды деп айта аламын. Түрлі діни мерекелерді айтпағанның өзінде, танымдық жағы мол шаралар да ұйымдастырылды.
- Былтыр қалыптасқан дәстүр бойынша Құранды мәнерлеп және жатқа оқудан байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірде тұңғыш рет бата беру жарысы өткізілді. Осылар жөнінде не айтар едіңіз?
- Ең бастысы, Қостанайлық бауырларымыз Ислам дініне ден қоя бастады. Бұған жылдан-жылға қасиетті Меккеге барып, өздерінің мұсылмандық парыздарын өтеушілердің саны да көбейіп келе жатқандығын айтқаным лазым.
Олардың арасында еркектермен қатар жүрегі нәзік апаларымыз да бар. Жасы келген кісілердің қиындыққа мойымай, осындай сапарларға барып жатқанына өз басым тәнтімін.
Иә, қасиетті Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан байқаулар өткізіліп жатқаны рас. Түсінгенге оның берері қашан да мол. Сондай-ақ, облыста алғаш рет бата беруден жарыс ұйымдастырылды. Онда да біз арамызда иманды да, парасатты ақсақалдарымыздың жетерлік екендігіне көзіміз әбден жетті.
- Қасиетті Рамазан айлары да жұртшылықтың есінде қалды. Ауыз ашарды да ұйымшылдықпен өткіздіңіздер. Жастарға діни білім беру мақсатында да түрлі курстар ұйымдастырылды емес пе?
- Ауызашар мәселесі бізде толық шешімін тапты. Оған бұрын облыстың Бас имамы болған дін қайраткері Серікбай қажы Ораз мұрындық болған еді. Біз соны одан әрі жалғастырдық. Бұл мәселе болашақта да басты назарда болатындығына ерекше сенімдімін.
Біздің қызметіміздің бір парасы жазғы демалыс кездерінде мешіттерде оқушылардың білім алуын ұйымдастыру, жыл бойы жерлестеріміздің жастарының үлкен-кішілігіне қарамастан ниет білдіргендерге діни дәріс беру. Бұл бағытта қазір де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
- Сұхбатымыздың соңында мешіт жанындағы «Зекет» қорының игі істері және алдағы тұрған міндеттеріңізге де тоқтала кетсеңіз?
- «Зекет» қоры бізде тиісті деңгейде ұйымдастырылған. Оған өңіріміздегі абыз ақсақалы Жақсылық Ғайсин тікелей жауап береді. Ол кісінің атқарып жатқан жұмыстарына барша дән риза. 15 ауыл молдасы осы қордың арқасында тұрақты жалақы алып келеді.
Жылқы жылы жоспарлаған істеріміз де аз емес. Оның бірі – таяуда Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні, яғни Мәулет мерекесін өткізу. Жыл бойы ұйымшылдықпен жұмыс істеу.
Жақында Қостанай облыстық әкімдігінде өткен жылғы өңірдегі дінге байланысты жұмыстардың қорытындысына арналған басқосу болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Осы жиында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өз ойын ортаға салды.
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде өңірдегі барша имамдардың біліктілігін көтеру мақсатында басқосулар жиі болып тұрады. Соның бір жарқын мысалы ретінде жуырда аталған киелі орында бір апталық семинар басталды.
Оған облыстағы барлық аудандар мен қалалардың имамдары қатысты. Дін қайраткерлеріне дәрісті аталған мешіттің наиб имамдары Дархан Сыздықов пен Ғалымжан Махамбетов оқуда. Оның бірі Ақида пәнінен, екіншісі Фиқһ пәнінен сабақ беріп, оған қатысушылардың ризашылығына бөленуде.
- ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды. Соны орындау мақсатында үстіміздегі жылдан бастап көптеген жұмыстар атқармақпыз. Соның бірі – бүгінгі семинар, - дейді наиб имам Дархан Сыздықов.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім меморандумына қол қойды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановты қабылдады.
Тараптар еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты арттыру, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы келісімді күшейту сынды бірқатар мәселелерді сөз етті.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен Төралқа мүшелері, облыстың бас имамдары қатысқан басқосуда Бас мүфти ортақ Келісімнің мәні мен маңызына һәм мақсатына тоқталды.
«Алла тағала баршамызға бейбіт заманда өмір сүруді нәсіп етті. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында Ислам дінін насихаттаудың, адамдар арасында бірлікті нығайтудың мүмкіндігі туды. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы. Данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Олай болса, өзара бірігіп, еліміздің болашағы үшін еңбек етуіміз керек. Біз «бөлшектей бер де, билей бер» идеологиясынан зардап шеккен, соның тауқыметін көрген ұлтпыз. Алла тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер»(«Әли Имран» сүресі, 103-аят) дейді. Қазір дін мен тілді сақтауды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңғыртып, жастарды жақсылыққа шақыруды ойлайтын заман. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім қабылдады. Ортақ келісім еліміздегі діни татулықты нығайтуға, ұлтаралық қарым-қатынасты жандандыруға септигін тигізбек. Сонымен қатар, қоғамға қауіпті ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға, тағы басқа діни мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенім білдіремін», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Діни басқарма мен Дін істері агенттігі Заң аясында, өз құзыреттері шеңберінде бірлескен жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Мақсатымыз – қоғамдағы татулық пен өзара келісімді күшейтуге бірлесе ықпал ету», – деді ол.
Қос төраға сөз алғаннан кейін ынтымақтастық меморандумына қол қойып, құжат алмасты.
Тараптар қабылданған қарар аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар өткізеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftiyat.kz
Елімізде Қазақстан білім ордалары діни оқу-ағарту жұмыстарын енді қолға алып келеді. Медреселердің ресми түрде жүйелі жұмыс жүргізіп отырғаны осының нақты көрсеткіші. Бұл игі бастама бір жағынан діни білімге жол ашса, екіншіден, жастарымыздің сонау ақылым заманнан бері ата-бабамыз ұстанып келген хақ Ислам дінінен безіп, дәстүрлі емес өзге жат діндердің жетегінде кетуіне тосқауыл болады.
Қалаберді ішкілікке, нашақорлыққа, жыныстық азғындыққа салынуға жол бермеуді қарастырады.Осы орайда жақында болған мына жайды айта кетсек артықтығы жоқ. Бүкіл әлемді дүрліктірген қазақ жастарының Сирияға «Жиһадқа» аттануы, барып тұрған масқаралық болса, екіншіден жастардың ұлттық намысының жоқтығы, діни сауатсыздығынан жат ағымға көзсіз еліктеушілігін көрсетті.
Жас ұрпақ жастайынан біліммен қоса діни тәрбиені де бірге алып өссе, өзіне, еліне, халқына пайдасы тиетін ұлтжанды азамат болып өсуіне мол септігін тигізеді.
Жақында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жанынан жастарға арналған діни сауат ашу курсы ашылды Қазір онда мектеп жасындағы бала оқып діни білім алуда. Дәріс беру кезіндегі жаңа заманауи үлгідегі үлкен экранды проектор компьютерлік жүйе қолданып, көрсетіліп отырады. Осындай оң өзгерісті түсінген бір топ намазхан ақсақалдары да өз ықыластарымен жүректегі иман сенімін бекіте түсу үшін дәріс алуда.
Бұл мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курсына жақында оқу бітіріп келген Найб имам Саят Хасенов ұстаздық етеді.
Саят өзінің білімділігімен, инабаттылығымен үлкен, кіші – шәкірттерін бірден баурап алып, тиянақты білім беруде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «5 шәкірті жоқ имам – имам емес» деген пікірі өте орынды. Сондықтан Рудный қалалық мешіті бұл мәселеге жете назар аударуда.
Нағашыбай Серікбаев,
Рудный қаласының «Нұр» мешітінің намазханы.
17.01.2014 жыл.
2014 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен сынақ тәртібінде «Тұран ТВ» жаңа телевизиялық арнасы отандық эфирге шығатын болады.
«Бұл еліміздің тарихы мен мәдениетін, спортын, демалыстарын, саяхатын, ішкі туризмін дәріптеуге арналған қазақстандық тұңғыш телеарна болып табылады. Хабар таратудың алғашқы кезеңінде еліміздің барлық аумақтарында Алма ТВ, ID TV және Отау ТВ қазақстандық кабельдік операторларының желілерімен қосарласа қызмет көрсету жоспарлануда. Спутниктік телеарналары арқылы хабарды тарату жоспарланып отыр. Оны 16:9 үлгісінде, HD 720р сапасымен, стерео-аудиожолымен қазақ және орыс тілдерінде тарату көзделіп отыр», – делінген тың жобаға қолдау білдірген комитет мәліметінде.
Бұл жоба Астана қаласында өтетін бүкіл әлемдік "EXPO-2017» көрмесі қарсаңында ішкі туризмді дамыту бағытында қолға алынып отырғанын айта кету керек. «Аталмыш арнаның хабарлары көрермендерге қызықты болады ғой деп ойлаймын. Өйткені, онда саяхат, саятшылық, аңшылық, балық аулаудың қыр-сыры, еліміздің туристік және мәдени кеңістігі жайлы хабарлар беріледі. Көз тартатын көрікті жерлері, тарихи орындары мен сан алуан ас мәзірі, т.б. тақырыптар қамтылады»,- деді «Тұран ТД» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков.
Бір айта кетерлігі, аталмыш телеарнаның өз өнімдері 80 пайызды құрайтын болады. Ал қалғандары көркем әрі деректі фильмдер. Бұған қоса, телеаарнаның өнімдерін ғаламтордан да тамашалай аласыздар.
Король Абдулазиз атындағы университеттің инженерлік факультетінің студенттері Меккеге исламның бес парызының бірін өтеуге келетін қажылардың қауіпсіздігі мен қамы үшін бірнеше жоба ұсынды.
Сейсенбіде ашылған көрмеден дәрі-дәрмектің сапасын сақтайтын сөмке дейсіз бе, ас-ауқат алып жүретін қоржын дейсіз бе, арасында ұры-қарыдан қорғайтын, белге байлап алатын сөмке де бар, дәрет алуға арналған қозғалмалы су тазарту құрылғысы дейсіз бе, күннен қуат алатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны да, өзге де керек-жарақты тамашалауға болады.
«Біздің студенттер жиырма жоба ұсынды. Олардың бұл жаңалықтары көрмек қонақтарының көңілінен шықты. Мекке губернаторы мен Қажылық істері жөніндегі министрлік өкілдерін де қызықтырды»,- деді аталмыш факультет қызметкері Ирфан Ахмет.
Жобалардың дені экологиялық сипаты бар мәселелерді шешуге бағытталған: қоқысты залалсыздандыру, шаңсорғыштың жаңа үлгісі, қоқысты жинайтын құлтемір, т.б.
Жоғары бағаланған жоба иелеріне сыйлықтар беріліп, арнайы марапатталды.
Каир қаласының (Мысыр) Ұлттық сәулелер технологиясы орталығы сәжденің адамды қатерлі ісіктен сақтайтынын анықтады.
Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі сәжденің, әсіресе, жүкті әйелдерге барынша пайдалы екенін және түсік тастау қаупінің алдын алатынын, сонымен қатар, бірқатар физикалық және психологиялық ауруларға да оңтайлы әсер ететінін дәлелдеп отыр.
Сәулелер технологиясы орталығының бөлім бастығы, биология профессоры Мұхаммед Зияддин Хамид бүгінде адамдарды жан-жағынан электромагниттік толқындар қоршап тұрғандықтан, өзіне қаншама зиянды сәулелер қабылдайтынын және оны денесінен сыртқа қалай да шығару керектігін айтады.
Зерттеу нәтижесі адам денесіндегі бұл электромагнит АЛЛАҒА СӘЖДЕ ЕТУМЕН сыртқа шығатынын анықтаған. Яғни, бойдағы энергия сәждеге барғанда жерге тиетін адамның жеті ағзасы арқылы сыртқа жылдам шығады екен. Бұл адамның шаршауын басып, кейбір ауруларға шипалы болатын көрінеді. Сосын сәждеге барғанда да жер жүзінің кіндігі саналған Қағбаға қарау керектігін де маңызды деп санайды. Бұл бойдағы жағымсыз энергияның сыртқа шығуына ең қолайлы позиция көрінеді.
Профессор Зияддин адамның таң намазын оқу арқылы бойдағы жағымсыз элеметтерден арылып, күнін сергек бастайтынын айтады. Ал бесін, екінті, ақшам намаздары адам бойындағы шаршауды, стресті азайтып, адамға психологиялық жайлы көңіл-күй сыйлайды. Құптан намазы болса, денедегі қалған электромагнитті бойдан сілкіп тастап, жайлы да рахат бір ұйқыға кетуге септігін тигізеді.