Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңіріміздің Қарасу ауданы мен Арқалық қаласында арнайы іс-сапармен болды. Онда жергілікті жамағатпен кездесіп, халықтың хал-жағдайымен, мешіттің тыныс-тіршілігімен танысты. Алда тұрған міндеттер жайлы тілге тиек етті.
Бектұрсын Торғайбайұлы осы сапар барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған бағдарлық баяндамасы, биылғы «Ислам және адал қоғам» деп аталатын жыл атауы, жалпы адалдықтың қоғамға тигізер пайдасы жайлы насихат айтты. Жұртшылыққа адалдықтың мәні мен маңызын жете түсіндірді.
Кейін ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен бекітілген жаңа имамдармен таныстырды. Осы арада қызметке кіріскен білікті мамандардың өмір жолдарын қысқаша баяндады.
Бас имам Қарасу аудандық «Көшкінбай Байғабылұлы» мешітінде болғанда осында 1995 жылдан бері имамдық қызметті абыроймен атқарған Халық Абсатаровтың іскерлік қырларына тоқталып, оған шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ аталмыш жиында жаңадан имамдық қызметке тағайындалған Ринат Естайұлы Керімжанды жергілікті жамағатқа таныстырды. Ол Павлодар өңірінің тумасы. Алматыдағы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі. Осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы, «Қызылжар» орталық мешітінде ұстаздық етті.
Содан кейін Бас имам ат басын Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітіне бұрды. Мұнда жұма намазын өткізіп, уағыз айтты.
Ол осында ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарып, үлкен беделге ие болған Бақтыбай Нұрхан Асанұлының өз өтініші бойынша қызметінен босатылғанын жеткізді.
Оның орнына бұған дейін Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінде наиб имам лауазымын атқарған Балғабай Оразханұлы Шәйкемелов бекітілді. Оның есімі Арқалықтық ағайынға бұрыннан таныс.
Белгілі дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлы ежелден келе жатқан дәстүріміз бойынша Халық және Нұрхан қажыларға құрмет көрсетіп, жамағат атынан иығына шапан жапты. Жаңа тағайындалған имамдарға жауапты жұмыстарында сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі








Жақында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты №44803-В әскери бөлімшесінде маңызды кездесу болып өтті. Бұл жиында өзекті тақырып суицид жайы талқыланды.
Жүздесуге Қостанай гарнизоны әскери полициа бөлімшесінің офицері лауазымын уақытша атқарушы, кіші сержант Ержан Жүсіпбеков, Қостанай облыстық дін істері жөніндегі басқармасының Діни проблемаларды зерттеу орталығының теолог маманы Әсет Нұғыманов, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзакановтар қатысып өз ойларын ортаға салды.
Жүздесуден әскери қызметшілер мол мағлұматтар алды. Өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Жуырда Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінде жергілікті ақпараттық насихат тобының аясында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Балғабай Шәйкемелов іс-сапарда болып, халықпен жүздесті.
Ол жиналған жамағат алдында «Мешіт әдебі» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Жұртылық оны ұйып тыңдап, шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінде Шағбан айының ауызашары болып өтті. Аталмыш аста Бас имам Дархан Манарбекұлы жиналғандарға уағыз айтты. Астан соң ақсақалдар бата беріп, Құран сүрелері аруақтарға бағыштады.


"Маңдай батыр" мешіттің найб имамы Ерлан Өмірбекұлы аудандық ветеринария мамандарымен кездесті. Онда жиналғандар ға "Ислам және адал қоғам" тақырыбында насихат айтты. Жиналған ветеринар мамандары ойдағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.


Елдің ертеңі білімді, білікті жастар қолында, деп найб имам Сыздықов Ерлан жастармен кездесуінде бастап қазіргі таңда олардың білім алуы, спортпен шұғылдануы, жаман әдеттерге осы бастан үйір болмауға шақырады. Әрине ол үшін ата ана тәріздесіне құлақ асып, бос кездерде мешітке келіп, интернеттен емес білікті діни мамандардан ғана ақпарат алуға шақырды.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысы бойынша имамдар жиыны өтіп, оның аясында 2026 жылғы үлкен қажылық маусымына қатысты арнайы семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан рұқсат етілген он төрт тур компаниясы таныстырылып, қажылық пен умра бағытындағы қызметтері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ имамдарға алдағы уақытта қажылыққа және умраға ниет білдірген жамағаттарды ресми бекітілген тур компаниялары арқылы құлшылық жасауға бағыттау қажеттігі атап өтілді.
Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған «Tawaf Travel» қажылық компаниясының қызметі ерекше аталып, оның артықшылықтары туралы мәлімет берілді.
Аталған семинар имамдардың қажылық және умра мәселелері бойынша біліктілігін арттыруға және жамағатқа дұрыс әрі бірізді ақпарат жеткізуге бағытталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қостанай облыстық мешітінің ұйымдастыруымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Қостанай облысы имамдары арасында волейболдан облыстық жарыс өтті. Аталған спорттық шара дін қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт пен руханияттың өзара сабақтастығына тоқталды.
Ол өз сөзінде:
«Дене саулығы – рухани кемелдіктің кепілі. Салауатты өмір салты – мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс», – деп атап өтті.
Сайысқа облыс бойынша аудан және қала мешіттерінен келген имамдардан құралған командалар қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар әділ бәсекеде өз шеберліктерін сынады.
Турнир қорытындысы бойынша үздік деп танылған командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, белсенділік танытқан қатысушыларға ынталандыру мақсатында грамоталары берілді.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, дін қызметкерлерін рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да шынығып жүруге үндеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында үстіміздегі жылдың алғашқы Төралқа мәжілісі болып өтті. Онда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады.
Осынау алқалы жиынға Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев қатысып, көп жайды көңілге түйіп келді.
Ол елордамыз Астанадан оралған соң аудан және қала имамдарының басын қосып, алда тұрған маңызды міндеттерді айқындап берді. Жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да арта түсетіндігін еске салды. Адалдық ұғымының мәні мен мақсатын нақты мысалмен түсіндірді.
Енді имамдарымыз «Ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, жат діни-ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша үлкен қажырлы жұмыстар күтіп тұрғанына тоқталды.
Қостанай облысы әкімдігінің «Дін істері жөніндегі басқармасы мемлекеттік мекемесі» Діни бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімінің басшысы Сапарғали Әкімбекұлы күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша өз ойын ортаға салып, имамдарға жауапты жұмыстарында табыс тіледі.
Ал облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Ертайұлы әріптестеріне түрлі бөлімдер бойынша атқарылар нақты тақырыптарды тілге тиек етті.
Бектұрсын Торғайбайұлы жиын барысында өңіріміздегі он бір дін қайраткеріне Бас мүфтидің Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі













Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізін қалаған тұңғыш Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлы дүниеден өтіп, руханият саласындағы алып бәйтерегіміз құлады.
Көрнекті дін қайраткерінен тәлім алған білікті мамандар еліміздің түпкір-түпкірінде абыроймен қызмет атқарып, ұстаздарының сенімін ақтап жатқаны көпке белгілі. Олар біздің арамызда да үлкен беделге ие.
Қостанай облысының Бас имамы, әрі оның шәкірті Бектұрсын қажы Уәлиевтің тікелей ұйытқы болуымен «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде қайталанбас тұлғаны еске алып, аруағына құран бағышталды. Оған арнайы өңірдегі аудан және қала имамдары қатысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Кіріспе
Кәсіпкерлік ойлау жүйесі активтерді басқару, табыстылықты қамтамасыз ету, капиталды қорғау, ұзақмерзімді стратегия қалыптастыру және мұра мәселелеріне негізделеді. Ислам құқықтық-экономикалық жүйесі бұл категорияларды біртұтас модельде біріктіретін ерекше институтты ұсынады. Ол — уақып.
Уақып институты капиталдың сақталуын, табыстың үздіксіз бөлінуін және экономикалық әсердің меншік иесі қайтыс болғаннан кейін де жалғасуын қамтамасыз етеді.
1. Уақыптың құқықтық анықтамасы және діни негізі
Ислам фиқһында уақып — мүліктің негізін сақтай отырып, одан түсетін пайданы қоғамдық немесе діни мақсаттарға мәңгілік түрде бағыттау деп анықталады¹.
Пайғамбар Мұхаммед ﷺ былай деген: «Адам қайтыс болған кезде оның амалдары үзіледі, тек үшеуінен басқа: садақа жәрия, пайдалы ілім және ізгі ұрпақ» ².
Классикалық фиқһ ғалымдары «садақа жәрия» ұғымының ең толық әрі институционалдық көрінісі ретінде уақыпты көрсеткен³.
2. Уақыптың инвестициялық модель ретіндегі ерекшелігі
Дәстүрлі инвестициялар уақытша сипатқа ие болып, меншік иесінің өмірімен немесе нарықтық жағдайлармен шектеледі. Ал уақып мүлкі:
- сатылмайды,
- мұраға қалмайды,
- тәркіленбейді,
- бөлінбейді⁴.
Бұл қағида уақыпты капиталды сақтаудың ерекше құқықтық механизміне айналдырады. Құранда бұл заңдылық былайша баяндалады:
مَا عِنْدَكُمْ يَنْفَدُ ۖ وَمَا عِنْدَ اللَّهِ بَاقٍ
«Сендердегі нәрсе жойылады, ал Алланың қасындағысы мәңгі қалады» (Құран, 16:96)⁵.
Ғалымдар бұл аятты дүниелік активтердің уақытша, ал Алла жолындағы инвестицияның тұрақты екенін білдіретін жалпы экономикалық қағида ретінде түсіндірген⁶.
3. Уақыптың классикалық үлгісі: Омар ибн әл-Хаттаб رضي الله عنه
Омар ибн әл-Хаттаб Хайбардан алған жер телімін қалай пайдалану керектігін Пайғамбар ﷺ-дан сұрағанда, Ол ﷺ: «Қаласаң, негізін ұстап қал да, табысын тарат»⁷ деп жауап берген.
Имам ән-Науауи бұл хадиске берген түсіндірмесінде:
«Бұл хадис — уақыптың негізін құрайтын басты дәлел» деп атап көрсетеді⁸.
4. Ислам өркениетінің уақыпқа негізделуі
Ислам тарихшылары әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бөлігі мемлекеттен емес, уақыптардан қаржыландырылғанын атап өтеді¹⁰. Оған:
- медреселер,
- ауруханалар,
- жолдар,
- панаханалар,
- ғалымдардың жалақысы жатады.
Қорытынды
Уақып — мерзімі шектелмеген инвестиция, жойылмайтын актив және тоқтамайтын дивиденд көзі. Ол меншік иесінің өмірімен шектелмейтін, институционалдық тұрғыда тұрақты экономикалық модель болып табылады.
«АЛИМА» мешітінің имамы
Абдрахман Аңсаған
(Қостанай облысы)
Пайдаланылған дереккөздер
1. Әл-Касани, Бадаиʿ ас-Санаиʿ, т. 6, уақып тарауы.
2. Муслим, Сахих, «Уасия» бөлімі, №1631.
3. Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис 1631.
4. Ибн Қудама, әл-Муғни, т. 6, «Китаб әл-Уақф».
5. Құран Кәрім, 16:96.
6. Ибн Ашур, Тафсир әт-Тахрир уәт-Танвир, 16:96.
7. Бұхари, Сахих, «Шурут», №2737.
8. Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис Омар уақпы.
9. Адам Метц, Ислам өркениеті, уақып тарауы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» деп жариялады. Бұл қазіргі уақыт талабынан, мемлекетіміздің жарқын болашағы мен мүддесінен туындағаны ақиқат.
Енді осы адалдық деген не, ол адам баласының бойындағы қандай қасиет деген сауалдарға байланысты оқып-түйгенімнен ойымды ортаға салмақпын.
Алдымен айтарым, адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиет. Ол кез-келген жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін көздейтін, тарихи шындықпен ұдайы ұштасып жататын нақты іс-әрекеттер жиынтығы деп түсінемін.
Асыл дініміз – қара қылды қақ жарған адалдық пен әділдікке шақыратын дін. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін адалдықты, әділдікті насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған адалдық пен әділдік. Шәкәрім қажы: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи, - деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдыққа ерекше көңіл бөледі.
Иманды да адал адам ешқашан да өтірікке бой алдырмайды. Өзгелерді жаман әдетке жетелейтін өтірік айтып, алдап-арбап, пайда табуды мақсат етпейді. Аллаға шынайы иман келтірген, ахиретке сенген жан шалыс қадам жасамайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ
«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» - деген.
Ар мен ақиқатты насихаттау жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау - нағыз шыншылдың белгісі. Адал қоғам – әрбір мүшесі шыншыл, әділ, сенімді адамдардан құралған қоғам. Мұндай қоғамда алдау және әділетсіздік сирейді.
Адалдық – бұл жүректің тазалығы, өмірдің жарығы және сенімнің негізі. Адалдық тек жеке адамның қасиеті емес, бүкіл қоғамның гүлденуіне септігін тигізетін мінез. Егер әр адам өз ісінде адал болса, қоғамда сенім, татулық пен бейбітшілік арта бермек.
Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен.
Дана халқымыз да өз ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келген. Кезінде Құнанбай қажы: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!» деп артына тағылымы мол өсиет қалдырған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «....Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» - бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» дегені барша қауымның жадында болар.
Адал қоғамның пайдасы: адал қоғам – бұл тек әділдік пен сенімнің орны ғана емес, сонымен қатар қоғам мүшелерінің рухани дамуына да әсер етеді. Мұндай ортада адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді, бір-біріне сенеді, бірге дамуға ұмтылады. Сонымен қатар, адалдыққа негізделген қоғамда құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылық нығая түседі.
Қадірлі ағайын! Әрқайсымыз өз саламызда қоғамның гүлденіп-дамуына қомақты үлес қосайық. Қазіргі таңда адалдық бұрынғыдан да маңызды. Жемқорлық, өтірік, аманатқа қиянат секілді әрекеттер қоғамның іргесін сөгіп, адамдар арасындағы сенімді әлсіретеді. Сондықтан адалдықты насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті деп білемін. Адалдық бұл – тек діни талап емес, ұлттық құндылық, адамгершілік өлшемі. Адал адам – арлы адам, ал арлы қоғам – кемел келешектің кепілі.
Алла тағала баршамызды адалдықты өмірлік ұстаным еткен, елге пайдасы тиген ізгі жандардан болуын нәсіп етсін. Қостанайлық әріптестерім бұл асқаралы мақсат жолында қажыр-қайраттарын аямай жұмсай беретіндігіне кәміл сенемін.
Бектұрсын Уәлиев Қостанай облысының Бас имамы