Ресей мұсылман жастары одағының бастамасымен әлемде алғаш рет мұсылмандардың онлайн-фестивалі өтпек. 30 мыңға жуық адамның басын қосатын ауқымды шара 1- 15 тамыз аралығына жоспарлануда. Жиын барысында әлемнің түкпір-түпкірінен арнайы шақыртылған 30 шақты спикер фестиваль қатысушыларына онлайн режимінде қызмет ететін болады.
"Шараның мақсаты - әлемдегі жетекші мұсылман қайраткерлерінің баяндамалары арқылы халықты ақпараттандыру. Фестивальға Сирия, Австралия, БАӘ және басқа да елдердің өкілдері қатысады" деп хабарлайды Ресей мұсылман жастары одағының президенті Марсель Сабиров.
Ислам жайлы білгісі келетін кез-келген дін өкіліне фестивальдің есігі айқара ашық. "Біз арнайы діни білімі жоқ адамдардың ислам жайлы базалық көзқарасы қалыптасса дейміз", - деген ұйымдастырушылар онлайн-фестивальға қатысушыларды http://online-islam.ru сайтына тіркелуге шақырады.
Бұл фестивальдің бұрнағылардан артықшылығы әлемнің 15 тілінде онлайн режимінде өтуі, қаржының аз жұмсалуы. Сонымен бірге, барлық баяндамалардың ғаламтор бетінде сақталуы да жиынның артықшылықтарына жатады.
E-islam.kz
Алла Елшісі (оған Алланың иігілі мен сәлемі болсын) былай деген:
«Бұл менің Үмметім, мейірім шуағы түскен менің Үмметім. Оларға ақыретте жаза жоқ, бірақ осы өмірде бүліктер арқылы, жоқшылық пен өлім арқылы жаза беріледі». (Әбу Дәуд)
Ойтолғау: Бұл деген сөз, біздің осы өмірдегі қиыншылықтарымыз – Алланың мейірімі. Қасиетті Құранда былай деген: «...Соңғы табыс тақуалардікі»,-деді»(Аъраф сүресі, 128 аят)
Иман еткендер ешқашанда жеңіліске ұшырамайды. Сондықтан да жаңалықтар мен Youtube- тағы небір бейнетаспаларды көріп алып қатты қайғыға салынбаңыздар. Лағынет шайтан сіздерді жағдайдан хабардар болсын деп көресің деп алдауы мүмкін, алайда оның түпкі мақсаты- бұл үмметке жететін Алланың мейірімінен түбегейлі күдер үзбейінше сізге әлсіздікті сездіріп, күйзелтіп, жабырқату.
Басқа жеткен қиыншылықтардан сабақ алыңыздар да жаралы жанға шипа болар Сүннетке қайтыңыздар. Мәселен, жүректеріңіз бен ойларыңызды емдеу үшін жоғарыдағы келтірілген хадисті еске алыңыздар.
Тағы да қайталаймын: «Иман еткендер ешқашанда жеңіліске ұшырмайды!»
Тіпті қысымшылық заманы бастарыңызға келсе де Алланың заңынан аттап қоймау үшін тақуалықты басшылыққа алыңыздар. Тіпті бізді езгінің астына алса да Алла қаласа жеңіс біздікі болады, яғни соңғы табыс біздікі! Сүннетке амал етудің әрбір дертке дауасы барын ұмытпайық.
Аллаға шүкір, айлардың сұлтаны - Рамазанды аман-есен, құлшылықпен өткіздік. Жаратушы Иеміз дұға-тілектерімізді, қасиетті айдағы әрбір ізгі істер мен сауапты амалдарымызды, пітір-садақаларымызды Өз құзырында қайырымен қабыл еткей!
Иманмен өмір сүрейік
Рамазан - рухани жаңару айы. Пенде осы айда игі амалдары арқылы Жаратушыға жақындай түседі. Адамның бойында Алладан қорқу, тақуалық сипат көрініс табады. Рамазан - 11 айға рухани азық жинауға берілген үлкен мүмкіндік, шексіз нығмет. Құл ораза ұстау арқылы жаны мен тәніне рухани қуат алады. Халқымыз Рамазан бойы жақсылықтарға ұмтылып, барынша сауап алуға тырысып, екі дүние бақыты үшін берілген мол мүмкіндіктер мезгілін Құдайға құл, сүйікті Пайғамбарымызға үмбет болумен өткізді.
Алайда кейбір бауырларымыз білместікпен Рамазаннан кейінгі айларда босаңсып, баяғы әдетіне салып, қателіктер мен асыл дініміз Ислам құптамайтын іс-әрекет пен қылыққа барып жатады. Рамазаннан кейін өзін тастап қоятын, құлшылықтарға мән бермейтін адамдарды байқаған бір ғалым: «Сендер сонда Рамазанда ғана мұсылмансыңдар ма?» - деп ашына сұрақ қойған екен. Иә, осы бір сұрақ баршамызды толғандыруы тиіс.
Ұдайы Құран оқып, оны көңілге тоқып жүрсек...
Біз осы айда барынша Құранға ден қойдық. Алланың қасиетті сөзін бірнеше рет қайталап, хатым еткендер де бар. Тым болмаса мағынасын түсіну үшін Құранға үңілгендер де жоқ емес.
Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Алла Тағаланың алдында ең қайырлы амал - аз да болса үнемі қайталанып, жасалатын игі амал», - деген. Үнемі Құранды оқып, оны көңілге тоқып жүру - пендені жақсылыққа жетелейді. Өйткені, Алла Елшісі өсиетті сөзінде: «Сендердің жақсыларың - Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», - деп сауапты амалдың сансыз пайдалары мен игіліктерін атап көрсеткен. Құран - екі дүниенің жақсылығына кенелудің кілті. Адамның өмір сүру үлгісі мен жүйесі көрсетілген қасиетті Құранға ұдайы көңіл бөлмеуіміз - үлкен қателік, орны толмас өкініш.
Алла үйіндегі игі амалдың сауабы
Ақ жаулықты аналарымыз, батагөй ата-ағаларымыз, жалындаған жастарымыз Рамазан айында намазды мүмкіндігінше мешіттерімізде өтеді. Үйде оқыған намазбен салыстырғанда, Алла үйінде өтелген парыздың сауабы еселеніп жазылатынын баршамыз жақсы білеміз. Мұсылман 25 есе сауап жинайды. Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте Пайғамбар: «Жамағат намазы біреуіңнің жалғыз оқыған намазынан жиырма бес есе артық және таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады», - деген. Тағы бір хадисте: «Егер бұл екі намазда (таң мен құптан) қандай сауап барын білсе еді, мешітке еңбектеп болса да жетер еді», - деп, мешітте намаз оқудың сауабының қаншалық көп екенін үмбетіне жеткізген.
Намазды мешітте оқу пенденің пейілін жақсартады, уақыты жүйеленіп, өмірі ізгілікке толы болмақ. Мешіт - мұсылмандарды, жалпы жамағатты біріктіретін, ауызбіршілігін нығайтатын, адамдар арасында мейірім, қайырым сезімдерін оятатын рухани орда. Рамазаннан кейінгі уақыттарда да мүмкіндігінше мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға қатысқанымыз абзал.
Қайырымдылық жалғасын тапса...
Рамазан - қайырым мен мейірім айы. Аузы берік адам бұл айда күнделікті азығына, ас-тамағына ақшасы жетпейтін кедей-кепшіктің жағдайына түсіп, олардың хәлін мейлінше түсінеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», - деп хәкім Абай дөп басқан емес пе?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», - деген қазақтың қанатты сөзінде де ғибрат мол. Рамазан - барша адамзатты жақындастыратын ай. Бай мен кедейді, патша мен пақырды теңестіретін ораза адамдарды Алла алдында бірдей екенін сезіндіреді. Аш адамның хәлін түсінген халқымыз, бауырларымыз, аға-әпкелеріміз Рамазан айында оларға садақасы мен азық-түліктерін үлестірді. Осы қайырымды іс басқа кезде де жүйелі түрде өз жалғасын тауып отырса, Алла алдында қайырлы амал болмақ.
Алла тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Рамазан бойы жасалған құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын Жаратушы Иемізден тілейміз. Рамазаннан рамазанға дейін тақуалығымызды жалғастырып, амандықпен, имандылықпен, жақсы-лықпен жете берейік! Мұратымыз асыл, иманымыз кәміл болғай! Әумин!
Muftiyat.kz
Зекет– Ислам дінінде намаздан кейін орын алатын бес парыздың бірі. Өйткені, ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар қайталанған. Зекет һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууәл айында парыз етілді. Зекеттің парыздығы Құран, Сүннет, Иджмағпен дәлелденген.
Зекет беру - бес парыздың бірі
Хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Байлықтарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, дерттеріңді садақа берумен емдеңдер, түрлі қауіп-қатерлеріңді дұға арқылы қайтарыңдар»,-деген.
ҚМДБ Зекет қоры – Зекет және қайырымдылық садақаларыңызды қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай таратуды жүзеге асырады.
Мақсаты:
Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей - кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолында және қиналған жолаушыларға, зекет жинауға тағайындалған адамдарға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілген. Сондай-ақ діни оқу орындарындағы студенттерге шәкіртақы тағайындау, заман ағымына сай оқу орындарының құрылысын салу, әрі оларды жабдықтауды қамтамасыз ету, Ислам дінінің лайықты түрде насихатталуына және өзін-өзі қаржылай қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі дін қызметкерлеріне қаржылай қолдау көрсету.
Басты ұстанымы:
Шариғатқа (Ханафи мәзһабы бойынша) сәйкестік, халыққа ашықтық және ресмилік.
ҚМДБ Зекет қоры:
Исламның басты бес парызының бірі - зекет ғибадаты туралы көпшілік жамағат арасында толық ақпарат әлі де жеткіліксіз болғандықтан, көбіне міндетті парыз емес, қосымша қайырымдылық деп түсініп, садақамен шатастыратындар бар.
Зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы, «Нисап» көлеміне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін, жылына бір рет Аллаһ тағаланың ризалығы үшін белгіленген шараларға жұмсау.
Зекет парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жеткен қаражатқа, не байлыққа ие болуы керек.
Нисап дегеніміз - зекетті парыз ететін белгілі табыс мөлшері.
Зекет ғибадаты адамды кішіпейілділікке, жомарттыққа және кеңпейілділік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп баулиды. Сондай-ақ пәле жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды да, байлықтың құрып кетуіне тосқауыл болып, берекесін арттырады. Сонымен қатар қоғамдағы ұрлық - қарлық, алдау-арбау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет болады.
Барлық байлықтың иесі Аллаһ Тағала, сондықтан ондай байлыққа ие болып, шоғырландырған адам Аллаһ Тағаланың берген ырыздық-несібесі екенін түсініп, оның бір бөлігін қоғамымыздағы жағдайы төмен топтардың (мұқтаждардың, кедейлердің) игілігі үшін жұмсағаны парыз.
Енді сол асыл дініміздің бес парызының бірі - зекетті өз шарттары мен қағидаларына сәйкес, жүйелі түрде халыққа түсіндіріп, Аллаһ Тағала алдындағы міндетімізді кіршіксіз орындау үшін жүйелі жұмыс істеудің уақыты келді, Аллаһ бірлігімізді сақтап берекемізді арттырсын.
Зекет қоры Қостанай облысында 1 маусымнан бастап өз жұмысына кірісті.
«ҚМДБ Зекет қоры» корпоротивті қорына қаржы аудару жолдары:
Төлем терминалдары арқылы:
Қордың есеп шотына банк арқылы қаржы аударумен қатар ОСМП (Qiwi) төлем терминалдары және «Beeline» операторының абоненттері «2011» нөміріне хабарлама (мәтінсіз) жіберу арқылы да (әр хабарламаның құны 200 тенге) зекет парызын өтей алады.
Есеп шоттар арқылы:
Филиал религиозного объединение Духовное управление Мусулман Казахстана Мечеть Марал ишан «Зекет қоры» АО «Народный банк Казахстана» БИК БАНКА HSBККZKX ИИК KZ 706010221000161205 Код 18, КБЕ 18, КНП 119
Зекет парызын өтеу туралы анықтаманы мына телефондар арқылы алуға болады:
Зекет қорының Қостанай облысы бойынша өкілі, тел.: 53-18-37.
Есепші: 53-42-54, факс: 54-66-77.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде тарауих намазы аяқталып, жамағат Құран хатым батасына қатысты. Отыз күн оразасын ұстаған Қостанай жұртшылығын тарауих намазына ұйытып, қасиетті Құран Кәрімді басынан-аяғына дейін оқып шыққан қариымыз Рамазанның 29-жұлдызында осы бір абыройлы да сауапты істі соңына жеткізді.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы қасиетті Құран Кәрімнің хатым батасын жасап, Жаратушы Хақтан еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілеп, дұға қылды.
Құран хатым батасынан соң жиылған жамағат алдында отыз күн бойы имамдық етіп, Құран хатым етуге қатысқан қариға құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрімізге сай иығына шапан жауып, алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, биыл облыстық «Марал ишан» мешітінде тарауих намаздарына имамдыққа Мұхаммад Иқбал есімді Тәжікстандық азамат тағайындалып, Құран хатым еткен болатын.
Биылғы жылы Қасиетті Рамазан айында Қарасу ауыл тұрғындары үшін ерекше ай болды. Ауылымызда намазхана ашылғаннан бері Ораза ұстаушы жамағаттың қатары көбеюде. Тарауих намазына, жұма намазына келушілер де арта түсті.
Рамазан айының соңына таман ауылымыздан шыққан белгілі кәсіпкер, қазіргі уақытта Арқалық қаласында тұратын Нұрлан Омаров атты бауырымыз намазханамызға киім ілетін орны бар кітап сөресін, компьютер үстелін, жамағатқа арнайы дөңгелек үстелдерін сыйға тартты.
Осындай ауыл тұрғындарының жүрегі жомарт ағамызға алғысы шексіз. Алла Тағала Нұрлан бауырымыздың отбасына амандық, деніне саулық берсін! Келесі жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді Алла Тағала нәсіп еткей!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Биыл да жылда қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық Марал ишан мешітіндегі Ораза айт намазына халық көп жиналды. Олардың арасында жастардың қатары да мол болды.
Мұнда бас қосқан мұсылман қауымның алдында облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Сыздықов сөз сөйлеп, Ораза айтының өзіндік ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Уағыз айтып, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелер жөнінде де ойын ортаға салды.
Ерекше тоқтала кетер бір жай, осынау басқосуда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов барша жиналған жерлестерімізді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Әрбір отбасына шадыман-шаттық, ырыс-береке тіледі. Оның жанында Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов та болды.
Үстіміздегі жылғы Рамазан айы өңірде жоғары деңгейде өтті. Облыстық Марал ишан мешітінен бастап бірқатар үлкен мешіттерде ауызашар отыз күн бойы берілді. Бұл да болса қостанайлықтардың Ислам діні мен өздерінің ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлеріне ерекше ден қойып келе жатқандығын айқын байқатады, – дейді ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек.
Жалпы Ораза айт намазы облысымыздағы барлық қалалық және аудандық мешіттерде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі 28.07.2014ж.
Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына «Алла разы болсын» дегім келеді.
«Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат. Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басын сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да – садақа.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.
Ораза айтта отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор.
Алла тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин!
Жуырда Түркия діни басқармасы, облыстық Марал ишан мешіті және Қостанай облыстық «Зекет» қорының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Ешкім елеусіз қалмасын» атты қайырымдылық шаралар өтті.
Бұл қайырымдылық шараны облыстық «Зекет қорының» өкілі Жақсылық қажы Ғайсин ашып, жиналған жамағатты қасиетті ораза айымен құттықтады. Алғашқы сөзді Түркиядан келген Марал ишан мешіттің жанындағы сауат ашу курсының ұстазы Нұх Темірджиге берді.
Ұстаз Нұх екі елдің бауырлас түбі, діні бір мемлекеттер екеніне тоқтала келіп, Түркия мемлекетінің қайырымдылық сыйлықтарын табыс етті.
Қайырымдылық қордан көмек алған 5 баланың анасы, Қостанай қаласының оңтайландыру орталығынан келген Ботагөз Женебаева осы акцияны ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы алғысын тебіреніспен жеткізді.
Бас қосуда облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек Ислам дінінің біздің елде қарыштап дамып келе жатқанына, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өңірде қаншама мешіттер ашылып, діни сауат ашу курстары, медреселер ашылып жатқанына, алдағы уақытта этнос аралық татулыққа айрықша көңіл аудару керектігіне жан-жақты тоқталды. Айта кететін жағдай осы қайырымдылық қорының сыйлықтарына татар, қырғыз, өзбек, әзірбайжан және орыс, грузин ұлттарының өкілдері де ие болды.