Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар
Понедельник, 15 Декабрь 2025 19:21

Имамдар жылдық есеп берді

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінде Бас имам Бектұрсын қажы Уәлиевтің төрағалығымен өңірдегі қала және аудан имамдарының жылдық есебі тыңдалды.

Онда олар діни басқарма бекіткен Шариғат және пәтуа, уағыз-насихат, дін мен дәстүр, діни оңалту, оқу-ағарту, зекет және қайырымдылық бағыттары бойынша тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп берді.

Бектұрсын қажы Торғайбайұлы әріптестерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталды. Өзге де өзекті мәселелер бойынша атқарылған істер назардан тыс қалған жоқ. Жиын барысында жеті имам үздік деп танылды. Сондай-ақ үздік атанған имамдарға және өзге де дін қызметкерлері мен бөлім басшыларына жұмысқа деген ынтасын арттыру мақсатында қаржылай сыйақылар берілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.










Published in Жаңалықтар
Воскресенье, 14 Декабрь 2025 19:55

Мешіт жаңалықтары

Түлектерге сертификат тапсырылды

Облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінде 2015 жылдың желтоқсан айынан бері екі айлық курс жұмыс істеп келеді. Содан бері 450 адам қамтылып, тиянақты білім алды. Осы кезең ішінде жергілікті жұртшылық ғана емес, еліміздің Ақмола мен Абай облыстарынан да талапкерлер келіп, өздерінің діни ілімге деген құштарлықтарын танытты.

Мәселен, таяуда аталған мешіттің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов биылғы қазан-қараша айында білікті ұстаздардан тәлім алған 4 шәкіртке сертификат табыс етіп, оларға сәттілік тіледі.

Бауырсақ пісіруден сайыс

Қостанай қалалық Жайлаубай ата мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы «Тәуелсіздік-Алланың берген ұлы нығметі» атты танымдық шараны ұйымдастырды.

Аталмыш жиын қасиетті Құранмен басталып, ақ жаулықты аналар батасын берді. Жамағат арасында бауырсақ пісіруден сайыс өтті. Кішкентай балалар Отан, бейбітшілік және тәуелсіздік жайлы тақпақтар оқыды. Жиналғандар бүлдіршіндердің таудай талабына дән риза болды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Published in Жаңалықтар
Воскресенье, 14 Декабрь 2025 15:40

Мурзаканов Азамат Серікбайұлы

1980 жылдың 21 шілдесінде, Қамысты ауданы, Қамысты ауылында дүниеге келдім. Ана тілім – қазақ тілі, орыс тілін еркін сөйлей аламын, араб тілі – сөйлесу деңгейінде.

Орта мектепті 1997 жылы Қамысты ауылында бітірдім.

1999 - 2000 жылы, Қамысты аудандық “Сейтжан Бекшентайұлы” атындағы мешітте діни сауатын аштым.

2000 - 2002 жылдары, Қамысты аудандық “Сейтжан Бекшентайұлы” атындағы мешітте имамнын көмекші болып қызметін атқардым.

2003–2007 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде исламтану мамандығы бойынша білім алып, араб тілі пәнінің мұғалімі және имам-хатиб мамандығын игердім.

2009–2011 жылдары Қостанай мемлекеттік университетінде “Ахмет Байтұрсынов атындағы” экономика мамандығы бойынша сырттай оқып шықтым.

2018–2020 жылдары Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде екі шет тілі (ағылшын және араб тілі) мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым.

2007–2014 жылдары Алтынсарин ауданының бас имамы болып жұмыс істедім.

2014 жылы, ҚМДБ Имамдардын білімін жетілдіру институтына курсқа қатыстым.

2014–2016 жылдары Қостанай ауданында бас имам қызметін атқардым.

2016–2017 жылдары Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы болдым.

2017–2020 жылдары Рудный қаласының бас имамы болып қызмет атқардым.

2020 - 2023 жылдары ақпан айынан бастап Қостанай аудандық “Маңдай батыр” мешітінің наиб имамы болдым.

2023 жылы ақпан айы мен желтоқсан айы аралығында Денис аудандық “Жұма” мешітінде бас имамы қызметін атқардым.

2023 - 2024 жылы Денис аудандық “Жұма” мешітінде наиб имам қызметін атқардым.

2024 жылы, қараша айыннан бастап, Қостанай облыстық “Аймағамбет қажы Спанұлы” мешітінде наиб имамы қызмет атқарудамын.

Үйленгенмін, үш балам бар.

Published in Мешіт ұжымы
Суббота, 13 Декабрь 2025 18:33

Сайыс жеңімпаздары марапатталды

Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті және жомарт жандардың қолдауымен Тәуелсіздік күніне орай Дартс пен асық атудан сайыстар ұйымдастырылды.

Ол жергілікті Абай атындағы мектептің спорт залында өткізілді. Ойынға оннан астам қала тұрғыны қатысып, бақтарын сынады. Жиналған қауым одан үлкен әсер алды.

Сайыс қорытындысында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Published in Жаңалықтар
Пятница, 12 Декабрь 2025 15:43

Тәуелсіздік күніне арналды

Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінің ұжымы Тәуелсіздік күні қарсаңында Тобыл қаласындағы ауыл шаруашылық колледжі студенттерімен "Ел бірлігі – ең асыл қасиет" тақырыбында кездесу өткізді.

Бұл жүздесуде Қостанай қалалық "Марал ишан" мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы ел өмірінде ауызбіршілік пен татулықтың ерекше орын алатындығына тоқталды.

Сонымен қатар жоғарыда аталған имандылық ордасының Бас имамы Дархан Манарбекұлы жастардың тәлім-тәрбиесінің маңыздылығы мен тәуелсіздік басты құндылығымыз екендігін тілге тиек етті.

Жиын соңында дін қайраткерлері қатысушылардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына нақты жауап берді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Published in Жаңалықтар
Четверг, 11 Декабрь 2025 00:58

Қызылбай Сұңғат Мақатұлы

1995 жылы 25 қарашада Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген.

2002 - 2013 оқу жылдары Н. Әбдіров атындағы қазақ орта мектебін тәмамдады.

2017 - 2021 жж. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы ҚМДБ филиалы Мұрат ата медресесінде исламтану бойынша діни білім алды.

2021 - 2024 жж. Түркістан облысы Кентау қаласы "Балаби қари" Құран жаттау орталығын тәмамдады.

2024 - 2025 жж. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы "Құнанбай қажы" атындағы аудандық мешітінде Ұстаздық қызметін атқарды.

2025 жылдың ақпан айынан бастап Қостанай облысы "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітіне Ұстаздық қызметіне тағайындалды.

Үйленген, бір қыздың әкесі.

Published in Мешіт ұжымы
Среда, 10 Декабрь 2025 12:38

Тәуелсіздік жайлы тағылымды кеш

Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің Ахмет Байтұрсынов атындағы кітапханасында ұжымның ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік - ұлттың ең асыл мұрасы» тақырыбында рухани кеш болып өтті.

Бұл танымдық-тағылымдық жағы мол шараға елімізге кеңінен танымал көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі қаламгер Гүлжібек Бекмұхамбетова, қоғам қайраткері, облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина арнайы шақырылды.

Аталмыш басқосуға Қостанай педагогикалық колледжінің ұстазы Диана Аллабергенқызы бастаған бірінші курс студенттері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кешті дін қайраткері, облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев ашып, жиынның басты мақсаты мен кейінгілерге өнеге болар тәлімдік-тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды.

Кездесу тәуелсіздіктің жарқын болашағы үшін бүкіл ғұмырын арнаған ата-бабаларымызға Құран оқумен басталды.

Содан кейін Қазақстан тарихы жөнінде жазылған талай іргелі кітаптардың авторы, профессор Аманжол Күзембайұлы егемендік бізге оңайлықпен келмегендігін, соның арқасында мемлекетімізді әлем мойындап, танығандығын, өткен 34 жылда қол жеткізген табыстарымызды тілге тиек етті.

Ал халқымыздың өмірінде ерекше орын алған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгерлері Қырмызы Сапарқызы мен Гүлжібек Баекеқызы әңгіме арқауына айналған тәуелсіздікке жол ашып, түрткі болған жайларды еске ала отырып, сол күндері өздері көзбен көріп, көңілге түйген жайларды баяндап, жастарды елін сүюге, патриоттыққа, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.

Басқосуға қатысқан дін қызметкерлері мен студенттер қауымы көкейде жүрген сауалдарын қойды. Оған нақты жауап алып, таным көкжиектерін кеңейтті.

Кеш соңында Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы қонақтарға шын жүректен ризашылығын білдіріп, оларға құнды кітаптарды тарту етті.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі







Published in Жаңалықтар
Вторник, 09 Декабрь 2025 18:38

Құран адамзаттың тәрбиешісі

Құран – Алла Тағаланың қасиетті кәләмы, адамзаттың тәрбиешісі. Құранның басты мақсаты – адам баласының жан-тәнін кірден арылту. Алла ешкімнің құлшылығына мұқтаж болмағанындай, Құран да ешкімнің құрметіне мұқтаж емес. Керісінше, біз оны оқып-үйренуге, әмір-бұйрықтарын орындауға мұқтажбыз.


Құран – күллі адамзаттың заттық және рухани қажеттілігіне сай, кең ауқымға ие болған, қасиетті кітап. Құран адам баласының тән азығы мен жан азығы, фәнилік ғұмыры мен ахиреті, адамның жеке басы мен отбасы, экономика сынды т.б. өзін толық қамти алуға мүмкіндік берер кітап.

Адам баласы сынақ өмірдегі қиындық атаулыдан өтіп, дертінің дауасын, рухының азығын осы Құраннан табады. Құран – құлазыған жанның рухын көтеріп, білім іздеген адамға ілімнің нақ қайнар көзі. Ол адам баласын екі дүниеде де тек бахытқа кенелтеді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды өзі үйреніп, өзгеге үйреткендерің» дейді.

Ислам тарихына назар аударсақ, Алла тағала пайғамбарларды үнемі елдің азғындаған, күпірлік етек алған тұста жібергендігін байқаймыз. Пайғамбарлар сондай шалыс басқан елге барып, түрлі әдепсіздіктерді реттеуде өз міндеттерін атқарған. Түсінбеген, түсінгісі келмеген елге Алланың шексіз құдіретімен құраннан мұғжизалар көрсеткен. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әрбір пайғамбарға өз заманындағы адамдарды сендіру үшін бір мұғжиза берілген. Маған мұғжиза ретінде берілген нәрсе, тек Алланың маған уахи еткені ғана» (Бұхари) – дейді.

Шын мәнінде, Құран оқу, жаттау, оған амал ету, аяттардың мағынасын терең ойлану дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен хайырлы. Құранға жақын адам Аллаға жақындай түседі. Ал, Аллаға жақындай түскен пенденің жүрегі тыныштық табады. Жүрегі тыныштық тапқан адам ешнәрседен қорықпайды. Құранда:

أَلَآ إِنَّ أَوۡلِيَآءَ ٱللَّهِ لَا خَوۡفٌ عَلَيۡهِمۡ وَلَا هُمۡ يَحۡزَنُونَ «Ақиқатын айтар болсақ, Аллаға жақын жандар еш қорқуды білмейді және уайым-қайғыдан алыс болады» (Юнус сүресі, 62-аят).

Өмірдің әрқандай қиындықтары мен күйзеліс жағдайларымен адамның жаны мұңды, уайым-қайғыны, қорқынышты кешеді, осы орайда адам әлбетте жан тыныштығын іздейді, аңсайды. Оның ойы үнемі уайым-қайғыда болғандықтан, адамға таза ауа қажет болғаны секілді жаны да тыныштықты қажет етеді. Қасиетті Құранда: أَلا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана тыныштық табады», – деген (Рағыд сүресі, 28-аят).

Құран жан мен тәнге шипа. Алла Тағала былай дейді:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

«Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет келді» (Фуссилат сүресі - 44 аят)

Құранның әрбір әрпінде сауап бар. Бұл жайында Абдулла ибн Масғудтан (р.ғ) жеткен риуаятта: «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. «Әлиф-ләм-мим» бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп» (Термизи).

Суфиян Сәури (р.ғ) Рамазан айы кіргенде барлық нәфіл құлшылықтарды қойып, тек Құран оқыған. Қатада (р.ғ) жеті күн сайын Құранды толық оқып шығатын, Рамазан айында үш күн сайын хатым, соңғы он түнінде күн сайын хатым ететін.

Құранның тағы бір кереметі ол - ырыздықты арттырады. Ардақты пайғамбарымыз хадистерінің бірінде: «Құран оқылған отбасында кеңшілік болып, жақсылығы артады және періштелер келіп, шайтандар қашады. Ал Құран оқылмаған үйде таршылық болып, жақсылығы азаяды, періштелер шығып, шайтандар кіреді», – делінген. Имам Ғазали былай дейді: «Бір кісі үнемі Омардың есігін қағып қайыр сұрайтын. Бір күні тағы да қайыр сұрап келгенде Омар оған: «Сен Құран үйрен, ол сені Омардың есігіне мұқтаждық еткізбейді», – дейді. Содан кейін ол кісі қайтып келмейді. Омар ол кісі жайлы сұрастырып, тұрып жатқан жеріне барады. Бұрын қайыр сұрайтын кісінің адамдардан оңашаланып, құлшылық жасап жүргенін көреді. Омар (р.ғ): «Мен сені жоғалтып алдым, маған келуден сені не тосты?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мен Құран оқыдым, Құран мені Омарға және Омардың отбасына мұқтаж еткізбеді», – деп жауап береді. Омар одан: «Құраннан не нәрсе таптың», – деп сұрағанда: «Құраннан мына аятты таптым. «Ал көкте сендердің несібелерің әрі уәде етілген нәрселер бар» (Зарият сүресі, 22-аят). Менің ризығым – көкте, ал мен жерден іздеп жүрмін», – дейді. Мұны естіген Омардың көңілі босайды (Құт әл-қулуб, Абу Толиб әл-Мәкки, 426-бет).

Түсініп, ұғына білген жан үшін Құранның өзіндік қасиеті өте мол. Күнәға жақындаған мұсылман Құраннан алыстай береді. Керісінше күнәдан алыстаған пенде Құранға жақындайды. Яғни жүректі таза күйіне түсіретін бірден бір жол – Құран оқу. Оның әрбір сөзі – жүректің қарайған қатпарларына жарық сыйлайтын нұр. Ол болмашы қателіктен бастап, дүниеге махаббат қоюға дейінгі күллі кеселдердің жұрнағын да қалдырмайды. Ол – мағынасы мен кереметі мәңгі түгесілмес Алланың кәләмы.

Ибраһим Хаууас (р.ғ): «Бес нәрсе жүректің емі: Құранды түсініп оқу, аз тағам жеу, түнде тұрып намаз оқу, таң сәріде жалбарыну, ізгілермен сұхбаттас болу», – деген екен.

Құрметті оқырман қауым! Құран Қиямет күні шапағатшы болады. Алла елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болады», – деген (Мүслим).

Құран оқу адамның қайғы-қасіретін, уайым-қайғысын емдейді. Сонымен қатар адам баласы Құран аяттарын оқу арқылы әрқандандай дерттерден қорғана алады. Адам баласы Құран арқылы өзін тәрбиелеп, жан-дүниесін тазалайды. Сондықтан жолым ашық, мақсатым айқын болсын десек, әрқайсымыз да Құраннан алыстап кетпеуге тырысайық.


Published in Мақалалар

Рудный қалалық «Нұр» мешітінде ерекше рухани басқосу болып өтті.

Жиынға әйелдер жамағаты қатысты. «Тәуелсіздік – тұғырым» атты дөңгелек үстелді Перизат ұстаз ұйымдастырды.

Онда ардақты аналар Тәуелсіздікке арналған бейнежазбаны көріп, еліміздің өткен тарихынан тағылым алды. Сондай-ақ жүректері тебіреніп, көп жайға қанықты.

Шара соңында Бас имам Серік Рахым аруақтарға Құран бағыштап, халыққа амандық пен ізгілік тіледі. Олар жайылған дастархан басында әдемі әңгіме өрбітті.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Published in Жаңалықтар
Понедельник, 08 Декабрь 2025 18:30

Ұлттық рухты асқақтатқан турнир

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұжымы Тәуелсіздік күні қарсаңында

ұлттық спорт түрлеріне жататын асық және садақ атудан арнайы турнир ұйымдастырды.

Турнирге Рудный, Лисаков және Қостанай қалаларындағы мешіттердің дін қызметкерлері мен жамағат қатысты. Спорттық іс-шараны жоғарыда аталған имандылық ордасының Бас имамы Серік Рахым құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов жамағатқа ұлттық спортты дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Сайыстың қорытындысы бойынша садақ атудан І орынды Рудный қалалық «Нұр» мешітінен Ұлан Нурекин, ІІ орынды Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінен Тұрар Досмұхамедов, ІІІ орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінен Азамат Мурзаканов иеленді.

Сондай-ақ, асық атудан І орынды «Аймағамбет қажы Спанұлы», ІІ орынды «Нұр», ІІІ орынды «Жайлаубай ата» мешіттерінің командалары жеңіп алды.

Ұлттық рухты көтеретін осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігіне нық сенімдеміз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






Published in Жаңалықтар
12345678910»
Page 1 of 398

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником