Атамыз қазақ ежелден көрші ұғымына айрықша көңіл бөлген. «Көрші ақысы - тәңір ақысы» деген де бар. Сондықтан бауырларымыз үй таңдамас бұрын көршілеріне ерекше назар аударған.
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірхановтың бастамасымен іргелес тұратын және көптен бері бір-бірімен сыйласатын он отбасыға “Рамазан құтты болсын” деген ең ізгі тілек айтылып, «Ораза айының шашуы» табыс етілді.
Көршілер өздеріне тапсырылған сый-сияпатқа дән риза болысып, шын жүректен шыққан шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай қаласының орталық көшелерінде жарапазан жыры айтылды. Оның мақсаты - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, жас ұрпақ жадына қайта жаңғырту.
Дәстүрлі игі шараға мешіт имамдары, өнерпаздар, көпшілік жамағат, әже-апаларымыз қатысты.
Жарапазан «Жә-Рамазан», «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Бұрын жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған. Қазіргі кезде ол қайтадан қолға алынып жатыр.
Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрі. Жарапазан - адамгершілікті, имандылық пен адалдықты, оразаны дәріптейді. Ел тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақыратын дәстүр.
Аталмыш тағылымы мол рухани шарадан соң облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы барша қатысушыларға дән ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы Рамазан айында өзгелерге үлгі боларлық қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Онда жүрегі жомарт жандардың демеушілігімен бүлдіршіндерге “Рамазан тәттісі” қоржыны табыс етілді.
Мұндай сый-сыяпатқа кенелген балалардың қуанышында шек болған жоқ. Аталмыш имандылық ордасының қызметкерлері қасиетті Оразада осындай шапағаты мол акцияларды өткізуді жалғастыра бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Рамазан сыйы» республикалық қайырымдылық марафоны қолға алынды. Осынау игі шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Бүкіл республика бойынша 35 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату жоспарланған. Бұл орайда Қостанай өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып, 1000 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Акция басталмас бұрын жиналғандар алдында облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы мейірімділік, ізгілік және адамгершілік хақында уағыз-насихат айтып, жұртшылықты Рамазан айымен құттықтады.
Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде наиб имам Бақытжан қажы Икрам басқаратын Зекет және қайырымдылық қоры, Қостанай қаласындағы үш мешіттің қолдауымен әлеуметтік жағдайы төмен 300 отбасыға азық-түлік себеттері табыс етілді.
Қайырымдылық марафонына мешіт имамдары, демеушілер және жанашыр азаматтар белсене атсалысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының журналисіне сұхбат берді.
Онда белгілі дін қайраткері қасиетті Рамазан айының басталғанын айта келіп, Ораза кімге парыз екендігіне және денсаулықтарына байланысты кімдерге ұстауға болмайтындығына тоқталды. Сондай-ақ оның негізгі шарттары мен мақсаттары жөнінде әңгіме өрбітті.
Сұхбат барысында қойылған сауалдарға орай пітір садақа, фидия туралы және жалпы Рамазан айының тәрбиелік және рухани мәні туралы да нақты мысалдар келтірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рамазан айының алғашқы күндері Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітіне арнайы келді. Ол ақшам намазынан кейін ауызашарға қатысып, жамағатқа Оразаның артықшылығы жайлы уағыз-насихат айтты.
Жиында облыстың Бас имамы ауызашардың берілуіне ұйытқы болған Сайым ақсақалдың иығына шапан жауып, қасиетті дінімізге жасап жатқан игі қызметі үшін шынайы алғысын жеткізді.
Өз кезегінде аталмыш мешіттің Бас имамы Дархан Манарбекұлы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша Бектұрсын Торғайбайұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айы басталғалы бері жамағатқа тағылым әрі өнегелі болар жарқын істі қолға алды. Күнде таң намазынан кейін имамдар Құранның қазақша аудармасынан бір парадан оқып, оның мағынасын түсіндіруде.
Сондай-ақ, екінді намазынан соң Қарилар жамағатпен бірігіп арабшадан бір пара Құран хатым етуде. Ауызашарға жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін шақырып, қонақтарға ғибратты болу мақсатында белгілі ақындардың өзекті тақырыптарды арқау еткен шығармалары мен өлеңдерінен үзінділер оқытылып, бейнероликтер көрсетілуде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, үстіміздегі жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осыған орай Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айында шаһардың тазалығына қызмет етіп жатқан “АБЗ+” мекемесінің мамандарына қайырымдылық көмек жасады. Оларға көлемі 100 мың теңге тұратын азық-түлік таратылды.
Соңында имандылық ордасының асханасында ауызашар дастарқаны жайылып, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Жиналғандар ұйымдастырушыларға шынай алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы және қасиетті Рамазан айының құрметіне облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің асханасындағы ауызашар кезінде сұрақ-жауап түріндегі викторина өткізілді.
Бұл тағылымы мол шараны наиб имамдар Нұрлан Сейдағалиев пен Абзал Сұлтанғалиұлы ұйымдастырды. Онда Құран кітабы басшылыққа алынып, жамағатттың діни білімі мен сауатын арттыруға айрықша назар аударылды.
Викторина барысында белсенділік танытқан жамағатқа ұлы Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірі арқау болған «Адамзаттың асыл тәжі», Құран және басқа да танымдық кітаптар берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы басталғалы бері Шоқан қажы Әмірханов басшылық ететін «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қайырымдылық мақсатында өзгелерге өнеге боларлық ізгі шаралар өткізуде.
Мәселен, Оразаның алғашқы күндері көмекке мұқтаж көп балалы 10 отбасыға азық-түлік тапсырып, олардың ризашылығына бөленді. Шаңырақ иелері демеушілерге өздерінің шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі