Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы форумының үндеуі қабылданды. Үндеуді ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы оқып берді.
«Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумына қатысушы дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері мен Облыс имамдары «Қазақ халқының рухани негізін қалаған дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптей отырып, ел ішіндегі діни тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті сақтау ісінде имамдардың жауапкершілігі мен рөлін арттыруды аса маңызды» деп санаймыз.
Осы форум аясында қоғамның рухани дамуына үлес қосатын екі маңызды құжат қабылданды:
«Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы – отбасы институтының Исламдағы орны мен жауапкершілігін нақтылап, ата-ана мен ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуды, иманды, тәрбиелі әрі білімді ұрпақ өсіруді басты мұрат еткен тұғырлы ұстаным.
Ал «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» құжаты – Құдайы ас беруде қарапайымдылықты сақтау, шариғат пен ұлттық дәстүр үйлесімін қалыптастыру, қоғамда көрініс беріп отырған ысырапшылдық пен бәсекелестіктің алдын алу бағытында жол көрсететін маңызды құжат.
Біз, форумға қатысушылар, осы құжаттарда қамтылған мәселелерді ел ішінде кеңінен насихаттап, халық арасында шариғат пен салттың сабақтастығына негізделген бірізділік пен жауапкершілікті қалыптастыру негізінде төмендегі үндеуді қабылдаймыз:
Біріншіден, отбасы құндылығын сақтауда, асыл дініміз бен салт-дәстүрімізде көрсетілген ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттері мен ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге,
Екіншіден, Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеуге, дініміз бен дәстүрімізді ұштастыра отырып, қарапайымдылыққа мән беруге,
Үшіншіден, Қазақстан қоғамында дәстүрлі исламның орны мен құндылығын сақтау жолында ұлттық, рухани тұтастықтың тірегіне қызмет етуде белсенді болуға шақырамыз» делінген үндеуде.
Айта кетейік, форумаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар және Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан онлайн және офлайн форматта 1000-ға жуық имам қатысты.
Дереккөз: Muftyat.kz
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
«Ислам – қоғамдық келісім мен татулықтың кепілі. «Мұсылман – мұсылманға бауыр» деген қағида қазақ даласында ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйыстыруға қызмет етті. Имани бауырластықты басты ұстанымға айналдырған дана халқымыз, әрдайым бірлікті ту етіп ұстады.
Қазақ даласындағы дәстүрлі Ислам құндылықтары – ұлт руханиятының алтын қазығы. Бұл құндылықтар – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да темірқазығы. Ендеше, рухани мұрамызды жаңғыртып, дін мен дәстүрдің жарасымын сақтау – баршамыздың ортақ борышымыз» деді ҚМДБ Төрағасы.
Дереккөз: Muftyat.kz
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы құттықтау хатын жолдады. Президентттің құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы оқып берді.
«Қадірлі қауым! Баршаңызды осы алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын!
Ислам – ұлтымыздың ұстыны, руханиятымыздың алтын діңгегі. Асыл дініміз ғасырлар бойы халқымыздың жан дүниесімен біте қайнасып, ұлттың ұйысуына арқау болып келеді. Дәстүрлі ислам құндылықтары – елімізде салтанат құрған ырысты ынтымақтың қайнар көзі.
Бүгінде конфессияаралық татулықтың Қазақстанға тән бірегей үлгісін бүкіл әлем мойындайды. Биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі – осының айқын дәлелі.
Азаматтардың өзара сенімін нығайту және жауапкершілік, жанашырлық, әділдік сияқты қағидаттарды орнықтыру – қашанда басты міндет. Бұл ретте құрылғанына биыл 35 жыл толған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды рөл атқарады.
Имамдар қоғамдағы игі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғауға, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге табысты түрде атсалысып жүр.
Біз – озық ойлы ұлт болуға ұмтылған елміз. Қазақстанның әрбір тұрғыны Адал азаматқа тән қасиеттерді бойға сіңіру үшін төл құндылықтарымыз бен ата дінімізге арқа сүйеудің мән-маңызы зор.
Бүгінгі басқосуда ел бірлігін нығайта түсетін салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін.
Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Дереккөз: Muftyat.kz
Бейсенбілік ауызашар
Таяуда Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешіті ұжымының ұйымдастыруымен Мұхаммед Пайғамбардың сүннетін жандандыру мақсатында жамағатқа бейсенбіде арнайы ауызашар дастарқаны жайылды.
Онда наиб имам Бақберсін Ізбасаров жиналғандарға аталған тақырып бойынша үгіт-насихат айтты. Содан кейін ақсақалдар бата берді.
Наиб имам дәріс өткізді
Шаһардағы “Жайлаубай ата” мешітінің наиб имамы Бақберсін Ізбасаров намазхандарға бүгінгі таңдағы аса маңызды “Зират және зиярат мәдениеті”, “Ас беру мәдениеті” тақырыптарында арнайы сабақ өткізді.
Өз саласының білікті маманы дәріс барысында интерактивті тақтаны шебер пайдалана отырып, өзекті мәселені жан-жақты ашты. Жамағаттардың сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы өңірімізде кеңінен аталып өтті. Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы мен жамағаты да бұл мейрамның есте қаларлықтай ұйымдастырылуына айрықша көңіл бөлді.
Сол сын сағаттарда тылда уақытпен санаспай еңбек еткен ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті. Бас имам Дархан Манарбекұлы оларды айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Ардагерлер имандылық ордасының барша қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және отбасы құндылығы» деп жариялағаны белгілі.
Жуырда осы жыл аясында Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінде Ахмет есімді ұл баланың ғұмырында есте қаларлық оқиға орын алды. Оның әкесі Ғабит Серікұлы айрандай ұйыған шаңырақ иесі.
Бір әулеттің көз қуанышы болып отырған сәбидің тұсау кесер рәсімін елімізге танымал дін қайраткері, аталмыш мешіттің Бас имамы Дархан Манарбекұлы өткізді.
Ата-бабамыздан келе жатқан қазақтың салт-дәстүрлері жалғасын тауып, ұлтымыздың мәртебесі асқақтай берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешіті ұжымының ұйымдастыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты “Қамқор-Шарапат” салттық-қызмет көрсету орталығының білікті маман Ғиният Уразов арнайы іс-сапармен облыс орталығында болды.
Ол өңірдегі осы сала қызметкерлері Ермек Ыдырыш пен Марат Әбділдинге семинар-сабақ өткізді. Онда тиісті құжаттардың рәсімделуі, жаназаға байланысты атқарылатын жұмыстардың өзіндік тәртіп-талабы мен басқа да міндеттер жан-жақты айтылды.
Сондай-ақ елордалық азамат жаназа мен зират мәдениетін халыққа жеткізуде әріптестеріне ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болуды тапсырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы кешегі қанды шайқасты бастан кешкен ардагерлерге құрмет көрсетті.
Наиб имам Бақберсін Ізбасаров бірқатар майдангерлердің шаңырақтарына болды. Аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Олар өздеріне ілтипат танытқан белгілі дін қызметкеріне дән ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Арамызда күзгі жапырақтай сиреп қалған соғыс ардагерлеріне қандай ықылас білдірсек те әбден жарасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылында игі өзгерістер болып жатыр. Жақында ғана жергілікті намазхананың маңында жаңадан саябақ бой көтерді.
Онда облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы бастаған бір топ имамдар мен аға буын өкілдері және жамағат ортақ іске белсене атсалысты. Саябаққа ағаш отырғызылды. Айналасы тазартылып, қоршалды.
Енді алдағы уақытта брусчатка төселіп, орындықтар қойылған соң халық игілігіне берілмек. Бұл да экологиялық мәдениетімізге қосылған үлес екендігі даусыз.
Бұл елді-мекен өміріндегі айтулы оқиғаға Сағындық Байданұлы, Василий Иванович және Нұрлан Қанашұлы секілді жанашыр азаматтар демеушілік етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңірдегі Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылына ат басын бұрып, жергілікті намазхананың тыныс-тіршілігімен танысты.
Сондай-ақ ол демеушілердің қолдауымен салынып жатқан дәретхана мен мәйітхананың құрылысын көзбен көріп, біраз жайларға қанықты. Аталмыш нысандар алдағы уақытта пайдалануға берілсе, елді-мекендегі ағайындар қуанышқа кенелетіндігі сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі