Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің жас шәкірттері ұстаздары Қазыбекпен бірге "Дін мен дәстүр" бағыты аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасады.
Жақында ғана өңірімізге республикадан арнайы алдырылған, қазақ жерінде табылған өшпес мұра- "Алтын адам" құнды жәдігерін өз көздерімен көрді. Сонымен қатар тарихи тағылымы мол экспонаттармен танысып, ой-өрістерін кеңейтті.
Шәкірттер Ислам дегеніміз тек мешіт төңірегі ғана емес, ғылым-білім, тарих, мәдениеттің қайнар бұлағы екендігін айқын пайымдады. Аталмыш саяхаттан үлкен әсер алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде Бас имам Нұрбол қажы Балахметовтың арнайы шақыруымен рухани кеш болып өтті. Қостанай облыстық мешіті әйел-қыздар секторының жауапты маманы Жансая Салауатқызы жергілікті әйел жамағатымен жүздесті.
Он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айында жасалатын сауабы өлшеусіз құлшылықтар, намаз әдебі, ораза талаптары жайлы пайдалы мәліметтер берілді.
Осы басқосуда отбасы құндылықтары төңірегінде уағыз-насихат, Ислам дінінің аясында ананың өмірімізде алар орны, ұлттық тәрбие бағытындағы көкейкесті мәселелер тілге тиек етілді.
Шараға қатысушылар жарқын болашақ және ұлт тағдыры үшін алаңдаушылығын да жасырмады. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді берік сақтап, оны заманауи үлгіде тұрмыс-салтымызға енгізуді дәріптеу қажеттілігі, отбасылық тәрбие және әйелдің мәртебесі хақында ой салар ұсыныс-пікірлер де қамтыды.
Ақ жаулықты әжелер өздерінің ғұмырлық тәжірибесінен сыр шертіп, жастарға ғибратты ақыл-кеңесін берді. Әулиекөлдің бетке ұстар инабатты келіндері енелерін үлгі тұтып, олардың өздеріне берген тәлім-тәрбиесін аса үлкен ризашылық сезіммен әңгімеледі.
Сондай-ақ, ұстаздар бала тәрбиесі, жүрегі нәзік жандардың шариғат әдебі бойынша киінуі туралы да сөз қозғады. Орамал мұсылман әйелі үшін аса маңызды екендігін еске салды.
Ұлағатты басқосуда Әулиекөлдік аналар қауымы енелер қай мәселеде болсын келіндер мен болашақ отбасын құрайтын аяулы қыздарымызға өнеге көрсетулері қажеттігін де ұмытпады.
Осынау шарада Жансая Салауатқызы бастаған ұстаздар мен аудандағы әйелдер жамағатының бұл кездесуі баршаның жадында ұзақ сақталары хақ. Өйткені, мұнда көпті толғандырып жүрген өзекті жайларға нақты жауап берілді. Облыстан келген сыйлы қонақтарға келелі тақырыпты қозғаған сұхбаттары мен шынайы әңгімелері үшін алғыстарын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Серік Рахым ЖАНТ бойынша Федоров ауданында болды. Алдымен жергілікті аурухана мамандарымен «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбында сөз қозғап, кеңінен түсініктеме берді.
Одан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен кездесіп, «Дәстүрлі ислам, теріс ағымдардың қателігі», «Ислам және ізгі қоғам» мәселесіне байланысты әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ, сол аудандағы «Жиентай қажы» мешітінде қасиетті жұма күнгі намазға қатысып, тағылымы мол уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің жанынан ашылған қайырымдылық мекемесіне қарасты екі айлық білім алу медресесінде оқыған он шәкіртке жұма намазының алдында арнайы сертификат табыс етілді.
Жасы алпыстан асқан қарияларымыздың білімге деген ынта-ықыласына дән риза болған облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы талабаларға ақ батасын берді.
Намазға қатысқан мұсылман бауырларымыз белгілі дін қайраткерінің ұлағатқа толы сөзінен рухани ләззат алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Әмит ишан» мешіті ұжымының ұйымдастыруы және жүрегі жомарт азаматтардың қолдауымен "Қайырымды жұма" акциясы өткізілді.
Онда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген он отбасына азық-түліктей көмек көрсетілді.
Сонымен бірег аталыш мешітте алқа мүшелерінің жиналысы болып өтті. Басқосуда алда келе жатқан қасиетті Рамазан айына дайындық мәселелері қаралды.
Қсиетті айда тарауық намазын мешіттерде оқу және онда Құранды толық хатым ететін қариларды шақыру жөнінде мағлұмат берілді.
Сондай-ақ мешіт асханасында жамағатқа ауыз ашар ұйымдастырудағы сауапты істе дастарқан жаятын жомарт жандарға исламда қарастырылған жөн-жоралғысын, яғни ұсынылатын ет тағамдары халал жолмен сойылған малдан болуына басты назар аудару жайлы да тілге тиек етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес «Дін мен дәстүр» бағытына байланысты жамағат арасында арқан және өгіз тарту, садақ ату секілді ұлттық ойындардан жарыс өткізді.
Жүлделі орындарға сый-сияпат көрсетілді. Көпшілікке дастарқан жайылып, облыстық мешіттің найб имамы Әсет Еркебұлан ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр жайлы мағыналы уағыз айтты. Жамағат оны ұйып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде ауыл молдаларының жиыны болып өтті. Онда Бас имам Нұрбол Исламұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылға бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» бойынша және негізгі бағыттарын түсіндірді.
Сондай-ақ, қазіргі таңдағы өзекті мәселе «Ас беру мәдениеті» және «Зират және зиярат мәдениеті» жөнінде халыққа жан - жақты насихаттауды жалғастыру жайлы айтылды.
Басқосуда молдалардың жұртшылықпен сөйлесу мәдениеті, киім кию әдебін сақтап, жамағатты үнемі ауыз бірлікке шақырып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету қажеттігі сөз болды.
Жиыннан кейін мешіт асханасында дастархан жайылып, Аманқарағай ауылының молдасы Серікбай қажының 70 жасқа толуына орай әріптестері жылы лебіздерін білдірді. Нұрбол Балахмет қазақы дәстүр бойынша оның иығына шапан жауып, оған дін саласында атқарып жатқан қызметіне сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қасиетті Шағбан айындағы Бараат түнінің құрметіне жамағаттың басын қосты. Оған Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықов арнайы шақырылды.
Көпке танымал дін қызметкері мазмұнды да мағыналы уағыз - насихат айтып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жайылған дастарханнан дәм татылған соң құптан намазы оқылды.
Сондай-ақ, аталмыш имандылық ордасында қайырымдылық мақсатында есте қаларлық шара ұйымдастырылды. Қасиетті «Бараат түні» құрметіне орай көп балалы отбасыға азық-түліктей де көмек жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялағаны белгілі.
Соған орай Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің үйымдастыруымен салауатты өмір салтын жандандыру мақсатында волейболдан қала аралық «Дені саудың - жаны сау» атты жарыс өткізілді.
Оған облыстық «Аймағамбет қажы», қалалық «Марал ишан» және «Жайлаубай ата», Қостанай аудандық «Маңдай батыр», Рудный шаһарындағы «Нұр» мешіттерінің командалары қатысты.
Жарыстың қорытындысында бірінші орынды «Нұр», екінші орынды «Маңдай батыр», үшінші орынды «Жайлаубай ата» мешіттері иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық тапсырылды.
Асханада сайысқа қатысушылардың құрметіне дастархан жайылды. Онда облыстық мешіттің найб имамы Әлішер Балахмет пен ұстаз Нұрлан Сейдағалиев уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Жангелдин аудандық «Оспан қожа әулие» мешітінің жамағаты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ат спортынан жарыс ұйымдастырды.
Ол жергілікті ағайындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бәйгеде жасөспірімдер тай және құнан жарыстарынан бақтарын сынады.
Жарыс болған жерде жүлдегерлер топ жаратындығы белгілі. Дараланған жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Әңгіменің орайы келгенде аталған мешіттің Бас имамы Аян Хасенов пен демеушілердің үлкен қолдау көрсеткендігін айтып өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі