Кеше облыс орталығындағы «Ханзада» мейрамханасында «Марал ишан» мешіті атынан көпшілікке ауызашар дастарханы жайылды.
Онда Оразаның маңызы жайлы тағылымды насихат айтылып, ұлттық нақышта дәстүрлі жыр-термелер орындалды. Ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері жұртшылықты Рамазан айымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Аталған мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы осынау ғибраты мол ауызашарға демеуші болған азаматтарға Алла разы болсын деп, шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы, намазхандар және жанашыр азаматтардың қолдауымен қасиетті Ораза айында тағы да «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық шарасы өткізілді.
Бұл жолы 10 отбасыға азық-түліктей көмек көрсетілді. Жалпы, Рамазан айы басталғалы бері мұндай үш рет іс-шара ұйымдастырылып, 30 отбасы қамтылды.
Осы мақсатқа біріншісінде 636 мың 221теңге, екіншісінде 636 мың 483 теңге, үшіншісінде 577мың 238 теңге жұмсалды. Барлығын қосқанда, қаржы көлемі 1 миллион 849 мың 942 теңгені құрайды.
Азық-түліктей көмек алған отбасылары демеушілерге алғысын жаудырды. Арамызда осындай қайырымды жандар көп болғай!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылындағы кітапхана қызметкерлерімен «Ғаламтор желісіндегі әр түрлі ақпараттан сақтану» деген тақырыпта кездесу болып өтті.
Бұл басқосуда Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Думан Сәндібекұлы уағыз- насихат айтып, қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жүздесу өте әсерлі өтті. Руханият ордасының қызметкерлері қозғалған мәселе бойынша көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Айбек Аманқосұлы Жітіқара политехникалық колледжінің студенттерімен кездесті.
Ол жүздесу барысында жастар арасында діни экстремизм құбылыстарының алдын алу, теріс ағымдардың зияны туралы түсіндіріп, мазмұнды әңгіме өрбітті.
Жиынға қатысқандар бас имамның қозғаған маңызды тақырыптарына байланысты өздерінің сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті мен жамағаты, жанашыр жандар және қала тұрғындары, елжанды азаматтар бірігіп Ораза айының алғашқы күндері қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Олар екінші рет 30 отбасына 636 мың 483 теңге көлеміндегі қаржыға «Рамазан қоржыны» науқаны аясында азық-түлік табыс етті. Көмек алған жанұялар шынайы алғыстарын білдірді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған бауырларымызға Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Міне, қасиетті Рамазан айы да басталып кетті. Өңіріміздегі іскер азаматтар қолдау көрсетіп, ораза ұстаушыларға ілтипат танытуда.
Мәселен, Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Қанатұлы жергілікті «Балықты» мешітінің асханасында елді-мекендердегі мұсылман бауырларымыздың басын қосып, ауызашар берді.
Ол жайылған дастархан басында жиналған жұртшылықты Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына молшылық пен ырыс-береке тіледі.
Осылайша аудан басшысы өзінің нақты ісімен өзгелерге үлгі көрсетті. Оның азаматтығына халық дән риза болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұжымы Орталық алаңда Наурыз мерекесіне орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен сайыс өткізді.
Жүлделер де қомақты болды. І орынды иеленген жеңімпазға қошқар, ІІ және ІІІ орын алғандарға кілемдер сыйға тартылды. Бас имам Еркебұлан Жаңбырбайұлы оларға Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырды.
Сондай-ақ, ауылдың қариялары мен жамағатттарына имандылық ордасында дастархан жайылды. Бас имам құрметті қонақтар мен қолдау көрсеткен кісілерді Наурыз мейрамымен құттықтады. Ақсақалдар жиынды өткізген барша азаматтарға жылы лебіздерін білдіріп, батасын берді. Жиынның соңы қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарымен жалғасын тапты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ислам дінін қабылдады
Сарыкөл ауданында тұратын орыс келіншегі Оля Александровна жергілікті «Аққозы қажы» мешітінде ислам дінін қабылдады. Ол мұсылман болып, басына орамал тақты. Бес уақыт намазға жығылудың сабақтарын алуда.
Имандылық ордасының ұстазы Фатима оған дәріс беріп, әйел адамның өмірдегі алатын орны және міндеті туралы үнемі айтып отырады. Зейінді шәкірт әрбір сабаққа ерекше құштарлық танытуда.
Ұлттық мерекемен құттықтады
Сарыкөл ауданындағы ауылшаруашылығы колледжінің басшылары студенттер арасында Әз Наурыз мерекесіне арналған кеш өткізді. Онда ынтымағы жарасқан ұлттардың ұл мен қыздары қазақтың көз тартар киімдерін киіп, дәмді тағамдар дайындады.
Олардың таудай талабына сүйсінген ауданның Бас имамы Асылхан Түсіпбек алдағы ұлы мерекемен құттықтап, жастарға батасын берді.
Бата беру сайысы
Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде аға буын өкілдері арасында бата беруден сайыс ұйымдастырылды. Оған ауылдардан батагөй ақсақалдар қатысып, бақтарын сынады.
Жарыстың соңында жүлдегерлерге ауданның Бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы құрмет көрсетіп, шынайы алғысын білдірді.
Мешіттегі жиын
Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешіт қызметкерлері және ауыл молдаларының қатысуымен жиын болып өтті. Онда Рамазан айын ұйымшылдықпен өткізіп, халыққа лайықты қызмет көрсету жайы жан-жақты сөз болды.
Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, оларға Ораза кестесі таратылды. Имандылық ордасында Ораза айы белсенділікпен өтетініне сеніміміз мол.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұлыстын ұлы күні Наурыз мерекесі Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенгелді қажы Сақтағанұлының ұйытқы болуымен жоғары деңгейде аталып өтілді.
Оларға қарасты асханада ауданда ғұмыр кешіп жатқан ұлт өкілдеріне дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Спорттық шаралар жұртшылық назарына ұсынылды. Жиында аудан әкімі Азамат Аужанов жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мәдениет саласының өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй шертті.
Абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар өздерінің шынайы лебіздерін жеткізіп, ақ баталарын берді. Сонымен қатар мерекенің тиісті деңгейде өтуіне мұрындық болған мешіт ұжымы мен халықтың көңіл күйін көтеруге үлес қосқан мәдениет қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық «Аймағамбет Спанұлы» мешітінде биыл да қасиетті Рамазан айы ұйымшылдықпен басталды.
Жаңадан пайдалануға берілген асханаға халық көп жиналды. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет мұсылман бауырларымызды Оразаның алғашқы күнімен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына молшылық, ырыс-береке, ынтымақ пен ізгілік тіледі.
Ауызашарды облыс орталығында тұратын қырғыз ағайындар беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Бір тоқтала кетер жай, биылғы Ораза ұстаушылардың қатарында жастар көп. Бұр әрине, бәрімізді қуантады. Елімізде дініміз мен салт-дәстүрімізге деген бетбұрыстың арта түскендігін көрсетеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі