Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға «Рамазан сыйы» атты акциясын өткізді.
Осынау жиын барысында Бас имам Нұрхан Асанұлы сөз сөйлеп, жұртшылыққа ең ізгі лебізін білдірді. Ілтипатқа бөленген көп балалы және жалғыз басты аналар имандылық ордасының қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді.
Аталған іс-шараға демеушілердің қолдауымен 200 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағаты және жанашыр жандардың қолдауымен өңірдегі Федоров ауданынан көмек сұраған ананың тілегі қанағаттандырылды.
Оның тәрбиелеп отырған 3 баласына 45 мың теңгенің киім-кешегі алып берілді. Олардың қуанышында шек болған жоқ. Мешіт қызметкерлері мен демеушілерге шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мешітке жеңіл көлік сыйлады болсын Өңірімізге есімдері белгілі тұлғалар Ұзақбай Садықұлы мен Кенесары Омарұлының бастамасы және Ұзынкөлдегі іскер азаматтардың тікелей қолдауымен «Балықты» мешітіне қасиетті Қадір түні қарсаңында «MITSUBISHI ASX» маркалы жеңіл көлік тарту етілді.
Бұл орайда Бас имам Есенкелді қажы Сақтағанұлының 30 жылдық абыройлы да адал қызметі, оның ауданның дамуына қосқан қомақты үлесі ескерілді.
Бас имамға көліктің кілті жиналған қауымның алдында тапсырылды. Мешіт қызметкерлерінің жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызған барша жүрегі жомарт кісілердің тілектері қабыл болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аллаға шүкір, өңір жұртшылығы бір ай бойы Ораза ұстап, өздерінің мұсылмандық бес парызының бірін өтеді. Өздерін өсек- аяңнан, пайдасы жоқ құлаққа түрпі тиетін сөздерден аулақ ұстады. Қаншама ізгілікті істер атқарылып, көмекке мұқтаж жандар Рамазанның шапағатын сезінді.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша қостанайлықтар таңертеңгі сағат 8-де облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітіне жиналды. Ине шаншар орын болған жоқ.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жұртшылықтың алдында сөз сөйлеп, оларды Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтады. Үлкенді-кішілі қауымға бұл мерекенің өзіндік ерекшелігі туралы айтты.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көп болғандығын, еліміздің басты байлығы – халықтар арасындағы достық пен ауызбірлік, мызғымас татулық, өзара түсіністік екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар әруақтарға Құран бағыштап, барлық ағайындардың отбасына молшылық, ырыс-береке, шадыман-шаттық тіледі.
Мұндай Ораза айт намазы өңірдегі барлық аудандар мен қалалардағы, кенттердегі мешіттерде ұйымшылдықпен өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің ұжымы биылғы Рамазан айының алғашқы күнінен бастап қайырымдылық акцияларын өткізуге ерекше назар аударды.
Осы мақсатта қаншама шаралар ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж жандардың шын мәнінде шынайы алғысына бөленді. Бәрін айтпағанның өзінде, жуырда 10 отбасыға 150 мың теңгенің азық-түлігі салынған "Рамазан қоржыны" себеті тапсырылды.
Бұл орайда мешіт қызметкерлері мен жүрегі жомарт жандардың қыруар іс тындырғандарын айтып өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рамазан айында Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінде қайырымдылық мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Мысалы, Қостанай облыстық «Зекет қоры» және еріктілердің қолдауымен 20 отбасына 1 млн теңге көлемінде азық-түлік таратылды.
Сонымен қатар аудандық мешіттің ұйымдастыруымен 10 отбасына 110 мың теңгенің күнделікті тұтынатын өнімдері үлестірілді. Ал демеуші азаматтардың қолдауымен 30 отбасына 300 мың теңгені құрайтын азық-түлік берілді.
Осы арада жоғарыда аталған азық-түліктер негізінен көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен және басқа да жәрдемге мұқтаж отбасыларына таратылды.
Қорыта айтқанда аудан бойынша 60 отбасына 1 млн 410 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінің Бас имамы Әкімбек Асановтың ұйымдастыруымен Қасиетті Рамазан айында мешіт қызметкерлерінің балаларына ойын-сауық шарасы өткізіліп, оларды үлкен қуанышқа бөледі.
Бұл қызықты басқосуда балдырғандарға "Рамазан тәттісі" қоржыны тапсырылды. Оларға басқа да дәмді сусындар берілді. Осылайша біздің болашағымыз болып табылатын бүлдіршіндер де Ораза айының қасиеті мен шапағатын айқын сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рамазан айында Науырзым ауданында «Пайғамбарыма (с.ғ.с) салауат» яғни жамағат арасында салауат шариф айтудан жарыс өткізілді. Оның қорытындысы Қасиетті қадір түні көпшілік алдында айтылып, жеңімпаздарға мадақтама қағаздар тапсырылып, сый–сияпат жасалды.
Ер балалар 28 мың салауат айтса, қыз балалар 11 206 салауат шариф оқыды. Сонымен қатар Қадір түні мешітке келген жамағаттарға Сира, сахабалар өмірінен, ислам тарихы, Оразаға қатысты сұрақтар қойылып, тиянақты жауап берген кісілерге сыйлықтар тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биылғы Қадір түні облыстық мешітте тыңғылықты дайындықтың арқасында жоғары деңгейде өтті. Сөздің орайы келгенде имандылық ордасында қызмет атқаратын барша қызметкерлердің біліктілік пен ұйымшылдық танытқандығын айтып өткеніміз лазым.
Алдын-ала жасалған бағдарламаға сәйкес Құптан, Тарауих, хатым дұғасы оқылды.
Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбеттің «Мың айдан қайырлы-Қадір түні» тақырыбындағы уағызы көпшілікке терең мазмұны және танымдық-тағылымдық жағымен ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, осынау кеште Бас имам шәкірттерге сертификат табыс етті. Қасиетті Рамазанның барысында білімділігімен жерлестерімізді баурап алған Қариға бата беріп, ежелден келе жатқан ата-дәстүріміз бойынша иығына шапан жапты. Басқа да сый-сияпат жасады.
Қадір түнінде жастардың дүниетанымын кеңейту мақсатында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Содан кейін «Рамазан - күнәларға кешірім айы» атты орыс тіліндегі уағызды да жамағат ұйып тыңдады.
Кештің соңында «Қаза және Тасбих» намазы оқылып, сәресі ішілді. Үлкенді-кішілі қауым таң намазына жығылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізде біраз жылдан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасы қолға алынып, қаншама баспанаға мұқтаж адамдар үйлі-жайлы болды. Бұл аса маңызды қайырымды іс біздің өңірде де нақты жүзеге асырылуда.
Мәселен, осы қасиетті Рамазан айында екі үй көмекке мұқтаж жандарға тапсырылып, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері олардың қуаныштарына ортақтасты.
Мысалы, 638-ші үй Әуликөл ауданына қарасты Қазанбасы бекетінде тұратын жалғыз басты мүгедек әйел Күлпаш Балғабаеваға тапсырылды.
Ал, 639-шы үй Қарасу ауданының Қойбағар бекетінде ғұмыр кешіп жатқан бауырымыз Нұрбол Құрманғалиға берілді.
Баспанаға зәру кісілерге дер кезінде қол ұшын созып, жомарттық танытқан демеушілерге Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі