Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы арнайы жұмыс сапармен Жітіқара ауданына арнайы сапары кезінде «Қара бүркіт» атауымен белгілі № 39 түзету мекемесінде болды.
Ол осы мекемедегі кітапхананың діни кітап қорын қарап, ҚМДБ-ның арнайы сараптамасынан өткен қосымша әдебиеттермен толықтырды. Қазіргі таңда мекемеде 400 ден астам діни әдебиет қоры жинақталған.
Сонымен қатар мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерімен кездесіп, «Дәстүрлі ислам құндылықтары» тақырыбында, ал жазасын өтеушілермен «Ізгі қоғам» тақырыптарында әңгіме өрбітті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында қаншама тағылымды шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, таяуда Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұйымдастыруымен аймақтық мешіт жамағаты арасында футболдан турнир өткізілді. Оған жалпы, өңірден 5 команда қатысты.
Онда Рудный қаласынан «Нұр», Бейімбет Майлин ауданынан «Әйет»,, Тобыл кентінен «Ажар», Лисаков қаласынан «Әбдіхаим Саламатұлы», Денисов ауданынан «Жұма» мешіттерінің жамағаттары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Денисов аудандық «Жұма» мешітінің Бас имамы Азамат Мурзаканов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирді қорытындысында1 орынды «Нұр», 2 орынды «Әбдіхаим Саламатұлы», 3 орынды «Әйет» мешіттерінің жамағаттары иеленді.
Арнайы келген қонақтарға бесін намазынан кейін дастархан жайылды. Домбырамен күй мен терме орындалып, олар рухани ләззат алды. Әр командадан 20 000 теңгеден 100 000 теңге жарна жиналды. Бұл қаражат толығымен Бейімбет Майлин ауданындағы Новоильин ауылында бой көтеретін мешітке берілмек.
Жиын соңында Лисаков қаласының Бас имамы Әкімбек Асанов барша қауымға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты. Ал, беделді ақсақалдар баталарын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Жітіқара ауданына арнайы іс-сапармен келді. Ол жергілікті «Ержан Тәтішев» мешітінде әйел жамағатымен кездесті.
Жиында аудандағы әйел-қыздар секторының жұмысын жандандырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында асыл дініміздегі әйелдердің алатын ерекше орны жөнінде уағыз-насихат айтты.
Жүздесу өте әсерлі өтті. Қатысушылар көкейдегі жүрген сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен «Арқалық» қорының қызметкерлері бірлесіп, асыраушысы жоқ Айнұр есімді көпбалалы анаға Родина ауылынан 4 бөлмелі жер үй алып берді.
Аталған мешіттің бас имамы Нұрхан Асанұлы баспананың кілтін Айнұрға табыс ете отырып, үйге қажетті мүлік алу үшін 50 мың теңге қаражат та берді. Ізгі тілегін айтып, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ , қайырылымдылық іс-шарасына Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы қатысып, баспана алуға ұйытқы болған азаматтар мен демеушілерге алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы ғұмыр кешіп жатқан 12 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Оларға мешіт атынан сый-сияпат жасалып, құттықтау хат табыс етілді. Кешегі қанды майданды бастан кешкен аға буын өкілдерімен естелік суретке түсіп, ақсақалдардың батасын алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық мешітінде «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында қалалық «Марал ишан» мешітінің 130 жылдығына орай «Қоғамдағы әйелдің орны» атты конференция болып өтті. Оған әйел жамағаты мен студент жастар қатысты.
Бұл танымдық – тәрбиелік жағы мол жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі, ұстаз Динара Құтқожақызы елордадан арнайы келді.
Онда қалалық мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сөз сөйлеп, конференция жұмысына табыс тіледі. Жиын барысында «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы өңірлік университеттің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақжан Бахытжанқызы «Әйел – ұлттық тәрбиенің алтын қазығы», облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінің ұстазы Жансая Салауатқызы «Әйел сұлу – әдебімен», Рудный қаласындағы «Аналар» кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Күләш Әбілқызы «Ұлттық киімнің қоғамдағы маңыздылығы», есімі елімізге белгілі, руханият саласында көп еңбек сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаз Динара Құтқожақызы «Әйел бақыты деген не?» деген өзекті тақырыптарда әйелдің қоғамдағы орны, болашақта бір шаңырақтың алтын діңгегі болар қыз балалардың тәлім-тәрбиесі жайлы ғибратты баяндамалар жасады.
Мәжіліс барысында Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның әншісі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айжан Мейрамбекқызы термені шеберлікпен орындады.
Басқосудың соңында «Марал ишан» мешітінің өкілі Гүлдана Жаңабайқызы өз пікірін ортаға сала келіп, қозғалған тақырыптардың қай-қайсысы да қатысушыларға үлкен ой салғандығын айтты.
Содан кейін Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы өңірімізге келген мәртебелі қонақ, тәлімгер Динара Құтқожақызына шынайы ризашылығын білдірді. Мешіт атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Меңдіқара ауданының орталығы Боровской селосында «КБС ЖК» құрылыс компаниясының басшысы Бауыржан Карамакиннің демеушілігімен бой көтергелі отырған жаңа мешіттің құрылысы басталды.
Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы атбасын бұрып, болашақ мешіттің алғашқы кірпішін қалады. Осы айтулы оқиғаға белгілі дін қайраткерімен қатар іскер азамат Бауыржан Карамакин, Ерік Қожахметов, аудан имамы Еркебұлан Қошан, кәсіпкер Еркін Бұқанов, аудан әкімінің орынбасары Мирас Ахметов қатысты.
Мешіттің іргетасын қалау рәсімі аяқталған соң облыстың Бас имамы құрылысшыларға сәттілік тіледі. Содан кейін дұға оқып, ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің жамағаты Нұрлыбек есімді бауырымыз өзгелерге өнеге боларлықтай жомарттық мейірімін танытты.
Ол «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, аталған имандылық ордасының атынан 8 көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға азық-түліктей қайырымдылық көмек жасады.
Арамызда жүрген жүрегі ізгілікке толы, әрдайым басқаларға қолдау көрсетуге дайын тұратын Нұрлыбекке Алланың нұры жауа берсін. Көктемнің шуақты да мерекелі күндері тек қуаныш пен ырыс-береке алып келсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдің аудандары мен қалаларында іссапарын одан әрі жалғастыруда.
Ол Жітіқара ауданына ат басын бұрып, жергілікті «Ержан Тәтішев» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысып, жамағатпен жүздесті. Осынау жүздесу барысында жұртшылыққа тәрбиелік тағылымы мол уағыздар айтты.
Мәселен, әрбір бауырымыз мұсылман деген қасиетті атты қашанда жоғары ұстап, болмысымыз бен ішкі жан дүниеміз соған сай болуы керектігі жайлы құнды ой-пікірін ортаға салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі