Қостанай облысы Федоров ауданындағы Баннов жалпы білім беретін мектебінде тағылымы мол кездесу болып өтті. Оған ұстаздар және оқушылар қатысты.
Онда аудандық «Жиентай қажы» мешітінің Бас имамы Ерлан Тілегенов «Тәрбие-тал бесіктен басталады» деген тақырыпта уағыз айтты. Жиналғандар оның әңгімесін ұйып тыңдады.
Қозғалып отырған мәселе өте өзекті. Өйткені, еліміздің жарқын болашағы болып табылатын балалардың мінез-құлқы, еңбек пен білімге құштарлығы, отбасы мен мектеп қабырғасында қалыптасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұлы пайғамбарымыздың мұсылмандарды ағаш егуге ынталандыратын бірнеше хадистері бар. Мысалы, бір хадисінде: «Қайсыбір мұсылман ағаш көшетін отырғызса, немесе егін ексе, кейін оның жемісінен адам жесе де, құс шұқыса да, мал жесе де, ол үшін садақа болып жазылып тұрады» делінген.
Тіпті Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі де көзі тірісінде абаттандыруға ерекше көңіл бөлген. Оның тәлімі мол ісінен ғибрат алған азаматтардың бірі - Қостанай облыстық мешітінің жамағаты Алмат бауырымыз.
Ол жуырда Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің ауласына 27 терек отырғызды. Сөйтіп, жергілікті азаматтарға үлгі көрсетті. Қазақтың: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген мақалы да жұртшылыққа белгілі. Имандылық ордасының айналасына көшет отырғызуға мұрындық болған Алматқа Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде құрғақшылық болып тұр. Қар еріп, көктем келгелі бері жаңбыр жауған жоқ. Бұған әрине, егін өсіріп, мал бағып, содан нәпақасын айырып отырған диқандар мен малшылар қауымы алаңдаулы.
Мұндай кездері елді-мекендерде ғұмыр кешіп жатқан ағайындар қалыптасқан дәстүр бойынша мал сойып, дұға оқиды. Жуырда Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылы жамағаты бірігіп, тасаттық берді.
Аудандық «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Серік қажы Темірбекұлы жиналғандарға тасаттық жайында мол мағлұмат келтіріп, уағыз айтты. Тасаттық намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі