Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде жамағат арасында үстел теннисінен жарыс болып өтті.
Бұл ширақтықты, ептілікті қажет ететін сайысқа мұсылман бауырларымыз тыңғылықты дайындалды. Соның нәтижесінде жамағаттар жақсы қырларымен көрінді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы аяқталды. Онда Бас имам Нұрхан Асанұлы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету жайлы балаларға ұлағатты сөзін арнады.
Сондай-ақ, спорттың бірнеше түрлері - арқан тарту, асық ату, футбол және дойбы ойындарында ерекше көзге түскен әрі белсенділік танытқан шәкірттерге мадақтау қағазы тапсырылды.
Сабақ барысында оқушылар дәріс тыңдап ғана қойған жоқ, қаншама жан дүниелерін байытып, таным көкжиектерін кеңейтетін тағылым алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысына қарасты Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен жергілікті халық Шортанды өзені жағасында 1 ірі қара мал мен 1 қойды құрбандыққа шалып, тасаттық рәсімін өткізді.
Соған байланысты жиында Құран оқылып, көпшілік Алла тағаладан жаңбыр жаууын тіледі. Діни рәсімнен кейін жамағатқа ақ дастархан жайылды. Онда беделді абыз ақсақалдар баталарын берді.
Жұртшылық осындай игі бастамаға ұйытқы болған Бас имам Айбек Қабиевке ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылғы маусым айының 5-сі мен 20-сы аралығында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» және Қостанай қалалық «Марал ишан» мешіттерінде мектеп жасындағы оқушыларға арналған «Имани-жаз» атты жазғы діни сауат ашу курсы өзінің жұмысын бастаған еді.
Екі топтан тұратын курстарда 130 ер және 80 қыз бала осы мерзім ішінде діни сауаттарын жетілдірді.
Шәкірттер білім деңгейіне және жас ерекшеліктеріне қарай әр санаттағы топтарға бөлінді. Оларға Құран кәрім, имандылық, әдептілік, салт-дәстүр бойынша дәрістер өткізілді. Сондай-ақ, исламдағы маңызы ерекше «100 сұрақ-жауап» айдары қамтылып, қазақша мақал-мәтелдер мен дастарханда берілетін баталар үйретілді.
Білім нәрін бойларына сіңірген бүлдіршіндерді күнделікті дәрістерден жалықтырып алмас үшін, талапкерлердің ой-өрісін дамытып, салауатты өмір салтына баулитын футбол, волейбол, қашықтыққа жүгіру, асық ату ойындары ұйымдастырылды. Сонымен қатар демалыс саябақтарына саяхат жасатып, заманауи үлгідегі спорт кешендеріне алып барды.
Жоғарыда аталған «Имани-жаз» жазғы сауат ашу курсы барысында білікті мешіт ұстаздарымен қатар, елімізге танымал медресе және университеттерде тәлім алып жатқан жастар іс-тәжірибелік шеберліктерін шыңдау мақсатында Қостанай облысына ат басын бұрып, шуақты жаз айында жасөспірімдерге білгені мен түйгендерінен дәріс берді.
Курста сабақ беру уақыты тәмамдалған соң, шәкірттерден білімдерін пысықтау үшін қысқаша сынақ қабылданды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, зеректік танытқан балаларға арнайы ынталандыру сертифакаттары табыс етілді.
Ал, балалардың ата-аналары мешіт ұжымдарына сапалы білім, саналы тәрбие бергені үшін дән ризашылығын білдіріп, ұстаздар қауымына шынайы алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен Арқалық қаласында болды.
Ол алдымен «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысты. Өзінің көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, имандылық ордасында бас қосқан жамағаттарға «Алланы зікір етудің пайдасы» жөнінде насихат айтты.
Сонымен қатар жергілікті № 161/12 еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесіп, тәрбиелік-тағылымдық маңызы ерекше тақырыптар бойынша әңгіме өрбітті.
Жалпы, жоғарыда аталған шаһардағы өткізілген жиындар көпшілікке үлкен әсер қалдырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек мешіт қызметкерлерімен жиналыс өткізді.
Онда алда тұрған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтатын болсақ, балалардың жазғы лагерін тиісті деңгейде ұйымдастыру. Сондай-ақ, қасиетті Құрбан айтқа да көп уақыт қалған жоқ. Сондықтан оған дейін мешіттің іші мен сыртына толық тазалау жұмыстарын жүргізу пысықталды.
Құрбан айт – мұсылмандар қауымының үлкен мерекесі екендігі белгілі. Сол себептен құрбандыққа мал шалатын орынды дайындау және сол кездегі келімді-кетімді халыққа лайықты қызмет көрсету жайы да әңгімеге арқау болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өңірге сапары кезінде Науырзым ауданына ат басын бұрды. Ол алдымен жергілікті ақсақалдар және жамағатпен кездесті.
Жүздесу барысында облыс бойынша дінге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қатысушыларды хабардар етті. Сондай-ақ, жиналған қауымды әңгімеге тартып, көкейлерінде жүрген пікірлерін тыңдады. Жұртшылықтың қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Содан кейін жергілікті мешіттегі халық игілігі үшін салынып жатқан асхана құрылысымен жан-жақты танысты. Өмір өткелдерінен өткен ардақты ақсақалдар Бахытбек қажы Нұрғабылұлына батасын беріп, мағыналы ой-толғаныстары үшін ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Имандылық ордасында 30-ға жуық балалар білім нәрімен сусындап, уақыттарын тиімді өткізуде.
Курс барысында оқушыларға «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» және «Тәлімдік тәрбиеден» дәрістер оқытылады. Шәкірттерге сабақтан бос кездерінде денсаулыққа пайдалы жеміс-жидек пен дәмді тағамдар беріледі.
Сондай-ақ, олардың ой-өрісін және дүние танымдарын кеңейту мақсатында қазақтың ұлттық ойындары - асық атудан, арқан тартудан жарыстар ұйымдастырылады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі