Жуырда елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы өткен болатиын.
Осынау маңызды жиында «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы қабылданды.
Осы ретте Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Асанов Әкімбек жергілікті мешіт жамағаты мен алқа мүшелеріне форумда қабылданған құжаттардың мазмұнымен таныстырды. Сонымен қатар алдағы уақытта тұжырымдамаларды басшылыққа ала отырып, ұйымшылдықпен жұмыс атқаруға шақырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы жанашыр ерікті жамағаттар және ұлтжанды азаматтардың демеушілігімен Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Онда 13 отбасы қамтылып, 25 балаға 430 мыңның сыйлығы тарту етілді. «Қуанса бала қуансын» демекші, өздеріне көрсетілген ілтипат пен құрметке балдырғандардың мерейі өсті. Шын мәнінде үлкен қуаныштан жүздерінен шаттықтың лебі сезілді.
Осындай игі істерде белсенділік танытып жүрген еріктілерге жанашыр азаматтарға кәсіптеріне береке тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы және жаны жайсаң жомарт жандар жергілікті жамағаттардың балаларына ойын-сауық шарасын өткізді.
Бұл тағылымы мол басқосуда жоғарыда аталған мешіттің Бас имамы Әкімбек Асанов бүлдіршіндерге сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ, оларға дәмді тағамдар мен сусындар берілді.
Балалар өздеріне қуаныш сыйлаған мешіт қызметкерлері мен жанашыр азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы «Бай дүйсенбі» күніне ерекше назар аударады. Соның жарқын айғағы ретінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен саламаты болсын) ізгі амалының бірі - Ораза ұстау жолымен жүрген жамағатқа ауызашар дастарқаны жайып, Сыздықов Ерлан имам уағыз айтты.
Түсінген адамға онда үлкен мән жатыр. Басқосудағы негізгі мақсат -намазхандар арасындағы құрмет пен сыйластықты нығайту, оларға лайықты тәлім беру, сүннет амалын бойларына сіңіру әрі қалыптастыру.
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын имандылық ордасы қызметкерлерінің ізгі ниеттері қабыл болып, Алла жолындағы жарқын істеріне береке берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері өткен мамыр айында жұмыстарын барынша жандандыра түсті.
Аталмыш қордың жетекшісі, наиб имам Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, бұл айда өңір бойынша 29 іс-шара өткізіліп, онда 266 отбасына көмек көрсетілді. Онда жанұяларға қаржылай, азық-түліктей, киім-кешектей қолдау жасалды.
Осы мақсатқа 5 млн 225 мың 795 теңге жұмсалды. Қайырымдылық шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуына облыстағы кәсіпкерлер мен басқа да демеушілер өздерінің лайықты үлесін қосты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Аққозы қажы» мешіттерінің ұжымы жергілікті «Қабдеш ата» намазханасына және «Омар ата» мешітінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш жерлердегі жұртшылық имандылыққа бет бұратын киелі орындардың айналасына ерекше сән беретін 600 түп гүл отырғызылды. Бұл игілікті істе жамағаттар қауымы ерекше белсенділік көрсетті. Өздерін жақсы қырларымен танытқан азаматтарға Алла разы болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде аймақтағы еріктілердің форумы болып өтті.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының маманы Нұрбек Хапар қатысып, онда волонтерлардың міндеті, халық үшін тындырып жатқан іргелі жұмыстары жайлы айтып өтті.
Қостанайда ұйымдастырылған бұл форум барлық қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Олардың алда тұрған мақсаттары нақты айқындалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің 130 жылдығына орай имам Науауидің қырық хадис жинағынан зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі мешіттерден 11 адам қатысты.
Аталған мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сайыстың мақсатын түсіндіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың ұлағатты өнегелері мен білім алудың маңызы жайлы тілге тиек етті.
Имандылық ордасының ұстазы Наурызбек Маратұлы сайыстың талаптары мен шарттарына жан-жақты тоқталды.
Онда облыстық мешіттің ұстазы Тимур Төребаев, қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Әсет Жарылғасын және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Әл-Фараби қазылық етті.
Сайыстың қорытындысында қалалық мешіттің жамағаты Аманбол Молдахметов І орынды, Арқалық қаласынан Қуандық Дүйсенов ІІ орынды, Зәкария Жамантай ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар Мұратхан Дәулетбай, Әлихан Еркебұлан, Салтанат Есенжоловтар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Соңында облыстың аудандары мен қалаларынан келген қонақтарға дастархан жайылып, ас берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Павлодар шаһарында «Қазақ елінің ұлы перзенттері» деп аталатын Халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Бұл көпшілікке ерекше әсер қалдырған рухани жиын дін қайраткері Ғабдылуахит хазіреттің – 170, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің – 165, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың - 130, Мұзафар Әлімбаевтың - 100 жылдық мерейтойларына айналды.
Танымдық-тағылымдық жағы мол конференцияны жергілікті Торайғыров университетінің ректоры, көрнекті ғалым Еркін Садықов кіріспе сөзбен ашты. Осы мәртебелі жиынға өңірімізден Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев қатысып, тартымды баяндама жасады.
Онда жерлесіміз «Тарихтағы жеке тұлғаның ролі» деген тақырыпта әңгіме өрбітті.
Үстіміздегі жылы 130 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қасиетті Кереку өңірінен үлкен шабытпен оралды. Ол жақтан көргені мен түйгенін әріптестерімен бөлісуде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі