Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы деп жариялағаны белгілі.
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде осы жыл аясында «Аталар мектебін» құру мақсатында ақсақалдармен алғашқы жиын болып өтті. Онда өңір бойынша аталған маңызды жобаның жылдық жұмыс жоспары таныстырылды.
Атап айтатын болсақ, «Ішімдіктен бас тарқан ауыл», «Ас беру мәдениеті», «Зират пен зиярат», «Біз – құмар ойынға қарсымыз!», «Нашақорлыққа – жол жоқ!», «Лудомания үлкен дерт!» секілді өзекті тақырыптар қамтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Федоров ауданында арнайы іс-сапармен болғанда бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Мұнда алдымен жергілікті мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен жүздесіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және дәстүр құндылықтары» тақырыбы жайлы кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар, Бас имам жергілікті салынып жатқан мешіттің құрылыс барысымен де танысты. Әрине, ол болашақта пайдалануға берілетін имандылық ордасының жай-жапсары жөнінде өзінің пікірін ортаға салып, жауапты мамандарға сәттілік тіледі.
Бұл имандылық ордасы келешекте мұсылман бауырларымыздың құлшылық орнына айналады деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстың Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет Федоров ауданына сапары кезінде алдымен аудан әкімі Тәуба Қайыржанұлымен кездесті.
Мұнда өңірдегі діни ахуал жайы айтылды. Сондай-ақ, жергілікті жерде салынып жатқан мешіттің құрылысы жөнінде сөз болып, басқа да маңызды мәселелер әңгіме арқауына айналды.
Жалпы, кездесу іскерлік жағдайда өтті. Дін қайраткерінің сапары одан әрі жалғасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің найб имамы Есдәулет Мұхтар үлкен игілікті әрі сауабы мол іске мұрындық болды.
Оның тікелей бастамасымен имандылық ордасының жамағаты Еркін есімді азаматқа 1 тонна көмір түсіріп берді. Енді, ол қыс айынан қысылмай шығатын болады.
Мұндай көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, дер кезінде қол ұшын бергенге не жетсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының наиб имамы Тимур Туребаев кезекті сапарында Бейімбет Майлин аудандық «Әйет» мешіт жамағаттарына арналған «Ислам және дәстүр құндылықтары» атты семинар өткізді.
Бұл семинардың мақсаты - жалпы әрбір мұсылман дәстүр құндылығын жете ұғынып, оны ислам дінінің қайнар көзі ретінде түсінуге ұйытқы болу. Өйткені, әлі де болса діні мен салт-дәстүрін білмейтін, Ислам діні тек Араб ұлтына ғана тән деп жүргендер кездеседі.
Сондықтан жиында дәстүрін білген кісі дінін де түсінетіндігі айтылды. Осыған ұқсас мәселелер қайталанбас үшін ондай адамдар мешіт пен медреселерде діни білімін жетілдірулеріне кеңес берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Тимур Туребаев Бейімбет Майлин ауданында болғанда № 16 төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі саласының қызметкерлеріне арналған «Діни білімді қайдан үйренеміз?» атты ашық семинар өткізді.
Семинар барысында кейінгі уақытта діни білімге тіпті қатысы жоқ кездейсоқ адамдар әлеуметтік желіде көптеген мәселелерді қозғайтындығын, алайда оған аңқау халық күмәнмен қарап, сенбеулері керектігін еске салды.
Нақты діни мағлұматтарды тек ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рұқсат еткен ресми құжаты бар мешіт пен медреселердегі ұстаздардан алу қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында арнайы келген найб имам Тимур Құрманғазыұлына Өрт сөндіру мекемесінің басшысы барша ұжымның атынан алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс-сапарында Бейімбет Майлин ауданында болып, бірқатар ұжымдарда әсерлі кездесулер өткізді.
Соның бірі – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханасында ұйымдастырылды. Оған С.Ерғалиев атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Мұндағы әңгімеге «Білім алу және кітап оқудың артықшылығы» тақырыбы арқау болды. Басқосуда адам баласына тиянақты білім алып, қалаған мамандықты игеру ерекше маңызды екендігі айтылды.
Дініміз де барша жұрттың ой-өрісі кең, білікті де білімді азамат болуларын қолдайды. Сондықтан құнды кітап ғұмыр бойы рухани азық болып қалатындығы тілге тиек етілді.
Бахытбек қажы Нұрғабылұлының тереңнен толғаған нақты пікірлері қатысушыларға үлкен ой салды. Соның жарқын айғағы ретінде мектеп басшысы оған оқушылардың атынан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сабыржан Есмурзин басқаратын Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұжымы салауатты өмір салтына да ерекше көңіл бөледі. Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде Қостанай өңіріндегі мектеп жасындағы мешіт шәкірттері арасында футболдан ойын ұйымдастырды.
Бұл жарысқа облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», Қостанай қаласындағы «Марал ишан», «Жайлаубай ата», Лисаков шаһарынан «Әбдіхайым Саламатұлы» және жергілікті «Нұр» мешіттерінің командалары қатысты.
Әділқазылардың шешімі бойынша І орынды «Әбдіхайым Саламатұлы», ІІ орынды «Жайлаубай ата», ІІІ орынды «Нұр» мешіттерінің шәкірттері иеленді.
Жеңімпаздарға мақтау грамоталары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Спорттық іс-шара соңында қатысушыларға «Ықылас» дәмханасында дастархан жайылды. Онда ұстаздар тағылымы мол уағыз-насихат айттты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Тимур Туребаев Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінде «Қажының рухани келбеті» атты тақырыбында семинар өткізіп, қажылыққа барудың мән- мағынасын түсіндірді.
Кездесу барысында мешіт жамағатына «Tawap travel» қажылық фирмасының сенімді екенін ерекше атады. Семинар соңында мешіт жамағаты имам Тимур Құрманғазыұлына мағыналы да маңызды насихаты үшін шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалық баяндамасында «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы болып бекітілді.
Осыған орай Лисаков шаһарындағы «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті ұжымы арнайы семинар ұйымдастырды. Онда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет сөз алып, аталған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлеріне ҚМДБ жариялаған жыл жөнінде жан-жақты тоқталды.
Сондай-ақ, ислам діні қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрімен біте қайнасқандығын айта келіп, үлкенді-кішілі қауымның оған айрықша аударулары қажеттігін тілге тиек етті.
Жиын соңында қатысушылар Бахытбек Нұрғабылұлына ой саларлық әңгімесі үшін ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі