Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған "Қамқор - Шарапат" салттық қызмет көрсету орталығының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінде семинар өткізілді.
Онда қазіргі таңдағы маңызды мәселе - «Қабір зиратының әдептері» тақырыбы әңгімеге арқау болды. Жиын барысында жамағат тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берілді.
Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, бұл өмірлік мәні зор жайды әрбір мұсылман бауырларымыз білгені абзал.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жанындағы қайырымдылық мекемесі орталығының қолдауымен өткен жылдың қарашасы мен үстіміздегі жылдың 5 қаңтары аралығында ұйымдастырылған екі айлық білімді жетілдіру курсы өз мәресіне жетті.
Онда өңірдегі қала мен аудандар, ауылдардан келіп, білім нәрімен сусындаған шәкірттер Құран, Ақида, Фиқх, Ислам тарихы, Сира және өзге де пәндерден сабақ алды. Оларға білікті ұстаздар дәріс берді.
Қасиетті жұма күні талабаларға облыс имамы атынан сертификат табыс етілді. Енді аталмыш курс осы жылдың 15 қаңтарында басталғалы отыр.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жыл Қостанай өнірінде жағымды жаңалықтармен басталды. Осы күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келген «Моя узбечка» дәмханасының ұжымы ҚМДБ-ның «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығының куәлігіне ие болды.
Маңызды құжатты алған кәсіпкер Азиз Абдисаламұлына ҚМДБ-ның «Халал даму» бөлімінің Қостанай облысы бойынша жауапты маманы Әлішер Ертайұлы арнайы табыс етті.
Ерекше атап өтер жай, енді алдағы уақытта аталмыш дәмханада арақ-шарап сатылмайды. Барлық тағамдар шариғат талаптарына сай дайындалады. Қазірге дейін аймақта мұндай сертификат куәлігіне 25 кәсіпорындар ие болғанын атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінде аптасына бір рет жамағаттың басын қосып, аудандық спорт кешінінде волейбол ойнауды дәстурге айналдырды. Содан кейін имандылық ордасында бас қосып, жайылған дастарқан басында өмірлік маңызы зор уағыз–насихаттар айтылады.
Онда Бас имам Руслан Маратұлы жиналған қауымға бірлік пен ынтымақты, алға жетелейтін тура жолды ұстану жайында кеңінен әңгімелейді.
Осындай пайдасы мол іс – шаралардың алдына қойған мақсаты - жамағатты мешітке мейлінше көп тарту, олардың арасындағы сыйластық пен ауызбіршілікті барынша күшейту.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері жыл бойы шама-шарықтары келгенше өңірдегі көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасалды.
Өткен желтоқсан айында да қыруар жұмыстар атқарылды. Нақты деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, қор жетекшісі Бақытжан қажы Икрамұлының айтуына қарағанда, облыс бойынша 38 іс-шара өткізілді. Онда 303 отбасына көмек көрсетілді.
Жалпы, жылдың соңғы айында қайырымдылық үшін 6 369 225 теңге қаражат жұмсалды. Аталған сауабы мол игілікті мақсатқа іскер азаматтар жанашырлық танытып, өздерінің қомақты үлестерін қосқандығын ерекше атап өткен жөн.
Жаңа жыл олардың шаңырақтарына қуаныш пен шаттық, жұмыстарына береке алып келсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, осыдан екі жыл бұрын елімізде қаңтар оқиғасы орын алып, онда қаншама жазықсыз жандар қаза тапты. Қазақ халқы оларды ешқашан ұмытпайды. Қасиетті жұма күні Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің бастамасымен өңірдегі барлық мешіттерде аруақтардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Біз үшін мемлекеттің беріктігі мен тыныштығы, жұртшылықтың амандығынан қымбат ештеңе жоқ. Мұны аудандар мен қалалардағы имандылық ордаларында бас қосқан үлкенді-кішілі қауым жан жүрегімен сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұма күні Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті мекеме басшыларын, кәсіпкерлерді арнайы шақырып, жиын өткізді. Оған шаһар әкімі Әмірхан Біркенұлы да қатысты.
Бас имам «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қағиданы берік ұстанып, қаланың өркендеуіне қомақты үлес қосып келе жатқан іскер басшы Әмірхан Асановқа төсбелгі тапсырып, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, ол бірқатар мешітке жанашыр азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, лайықты құрмет көрсетті.
Жайылған дастархан басында Нұрхан Бақтыбай барша қауымға ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтерінде табыс тіледі. Онда қала әкімі де өздеріне осындай ілтипат танытқаны үшін Бас имамға жылы лебізін жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінде жас шәкірттер арасында Ислам тарихы мен Сира бойынша жарыс өткізілді. Ондағы басты мақсат – білімге құштар дарынды талапкерлерді шыңдау, өздерін жан-жақты көрсетулеріне мүмкіндік туғызу.
Бір айта кетерлік жай, барлық қатысушылар әділқазылардың көңілінен шығып, белсенділік танытты. Сайыс соңында әр балаға кәмпит салынған сөмке таратылды.
Болашақта осы жоғары білім деңгейін көрсеткен шәкірттер білікті Кари, Хафиз және дінтанушылар атанып жатса бәрімізге де үлкен абырой емес пе.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісіне қатысып, ол жақтан қуанышты хабармен оралды. Онда өңірдегі мешіттердің өткен жылғы атқарылған істеріне жоғары баға берілді.
Бас имам елордадан келісімен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде алқалы жиын өткізді. Оған барша аудандар мен қалалардың имамдары шақырылды. Онда имамдар діни басқарма бекіткен бес бағыт бойынша есеп берді.
Мәжілісте былтыр халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар аз емес екендігі жан - жақты баяндалды. Алайда, «Сын түзелмей, мін түзілмейді» демекші, облыстағы кейбір аудандардың имамдарына жұмыстарын әлі де болса ширатып, жандандыра түсу қажеттігі айтылды.
Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жергілікті имамдардың алдында тұрған келер жылғы келелі міндеттерге кеңінен тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі болып өтті. Онда «Мүфтият үздігі – 2023» номинациясы бойынша таңдаулы 31 дін қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, номинация иегерлерін көпшілік алдында марапаттады. Ол өз сөзінде жеңімпаздардың жыл бойы үздік нәтижелерге қол жеткізгендігіне, халықтар арасында ынтымақ-бірлікті нығайтуға, дініміздің беделін көтеруге қосқан зор үлестеріне және басқа да ерекше қырларына тоқталды.
Мұндай айрықша ықыласқа бөленген жерлесіміз, белгілі дін қайраткері, Қостанай шаһарындағы «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов «Үздік қала имамы» атанды.
Біз Шоқан Ғазизұлын осынау мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, жауапты қызметінде толағай табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі