ҚМДБ-ның бастамасы аясындағы ұйымдастырылып жатқан жұмыстар аясында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы, Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрамұлы Жітіқара қаласында қуанышты жәйтке куә болды.
Ол үлкен жоба аясында 63 жастағы жалғыз басты азамат Есенғали Саматұлына шаһардағы үш қабатты үйден 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Бұл осымен елімізде қолға алынған "Ел үлесі - пәтерге" жобасы бойынша жерлестерімізді үстіміздегі жылы қуанышқа бөлеген № 709-шы баспана.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде мектеп жасындағы қыздар арасында діни-танымды викториналық сайыс ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың аяқталуына байланысты шәкірттер өздерінің білімдерін сарапқа салды. Әділқазылардың шешімімен І орынды “Фирдаус”, ІІ орынды “Кәусар”, ІІІ орынды “Раян” топтары иеленді.
Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен мадақтама табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы, Ербол және Азамат есімді бауырларымыздың қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және ізгі қоғам» жобасы аясында бейсенбі күндері жергілікті студентер және жамағаттар арнайы шақырылып, берекелі дастархан жайылды.
Бұл іс-шараларда Бас имам «Сабырлық — асыл қазына», «Имандылық айнасы» тақырыптарында уағыз айтып, жұртшылықты әрдайым тіршілікте сабырлы, иманды болуға шақырды. Содан кейін құптан намаздары оқылды.
Нұрхан қажы Асанұлы қос азаматқа ізгі лебізін білдіріп, отбастарына шадыман шаттық және баянды бақыт тіледі.
Алдағы уақытта да жамағаттың ауыз бірлігі мен ынтымағын нығайту мақсатында әр бейсенбі сайын осындай дастархан басындағы маңызды әңгіме жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде «Қайырымды жұма» шарасы өткізілді. Онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған 12 отбасыға азық-түлік берілді.
Осы мақсатқа 144 000 теңге жұмсалды. Қуанышқа бөленген жанұялар өздеріне жасалған қамқорлық үшін жүрегі жомарт жандарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күніне арналған Мәуліт мерекесі өткізілді.
Онда дін қызметкерлері араб және қазақ тілдерінде Пайғамбарымыздың өмір жолдарын баяндайтын Мәуліт жырларын оқыды. Сондай-ақ, дастархан жайылып, түрлі викториналық сайыстар ұйымдастырылды.
Жиында дініміздің өркендеуіне қомақты үлес қосып, мешітке тұрақты демеушілік жасап жүрген азаматтарға Алғыс хат тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық полиция басқармасының бастығы, полковник Орал Баймурзиннің бастамасымен кейінгілерге тағылым болар жиын өткізілді.
Оған жергілікті “Мухтасиб Әлмұхаммед” мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы арнайы шақырылды. Кездесу барысында ол арақтың адам баласына зияндылығы, оның қоғамдағы болып жатқан қылмыстардың орын алуына ықпал ететіндігін, жастардың ішімдіктен аулақ болулары жөнінде әңгіме өрбітті.
Басқосуға қатысушылар дін қайраткеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Полиция басқармасының басшысы Бас имамға өзекті мәселені арқау еткен ой-толғаныстары үшін шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұйымдастыруымен шәкірттер арасында қасиетті Құранның 20 парасын жатқа оқудан жарыс өткізілді.
Оған мектеп жасындағы ер балалар қатысып бақтарын сынады. Өз кезегінде олар қасиетті Құранан алған ілімі мен қабілетіне қарай жаттаған, білгенін аянбай ортаға салды. Осылайша жүзден жүйріктері әділ-қазылардың шешімімен анықталды. Атап айтқанда:
Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынды жеңіп алған Арсен Ермағанбетке, ІІ орынды иеленген Ералы Ибраевқа және ІІІ орындағы Ғалинұр Нұрғазиевке қаржылай марапат жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізге танымал дін қайраткері, қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы басқаратын имандылық ордасының қызметкерлері өскелең ұрпаққа рухани, адамгершілік бағытындағы тәлім-тәрбиені жандандыру мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.
Қазір де қыруар істер тындырылып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде. Олардың келешекте де жүзеге асырсақ деген жоспарлары ауқымды. Мәселен, бұқара халыққа және жастарға пайдалы ақыл-кеңес беретін «Аталар мектебі» құрылып, өңірлерде арнайы семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақ.
Қалалық мешіт қызметкерлеріне қолға алғалы отырған ізгі жұмыстарыңызда табыстан - табысқа жете беріңіздер демекпіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор – бас редакторы Кенжеш Аманованы қабылдады.
Онда белгілі дін қайраткері мен басылым басшысы алдағы уақытта Ислам дінін өркендету, теріс діни ағымдардың алдын алу, жалпы руханият саласын жандандыру жайлы пікірлесіп, ойларын ортаға салды.
Өкілдіктегі кездесу өте әсерлі де мазмұнды өтті. Болашақта да осындай жүздесулер жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қоғам шағын отбасылардан құралады. Ал жанұялардың берік болуы мен ұрпақтардың тәрбиесі ақ жаулықты аналардың таным-түсінігіне, білім-білігіне, ибалылығы мен инабаттылығына әбден байланысты.
Жуырда аудандық мешітте өткізілген шараның да айтары мол. Имандылық ордасындағы басқосудан нәзік жанды қыз-келіншектер көп жайды көңіліне түйді. Мұнда «Ана болудың діндегі орны» атты тақырып әңгіме арқауына айналды. Айтылған уағыз-насихаттар қатысушылардың көңілінен шықты.
Бұл кездесу шаңырақтың шырайын келтіріп отырған қазақ қыздарын терең ойға қалдырды. Өздерін толғандырған сауалдарға тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі