Жуырда облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі жастар ісі секторы «DINTELLECT» интеллектуалды білім сайысын ұйымдастырды. Оны найб имам Әлішер Балахмет басқарды.
Осынау тағылымы мол жарысқа облыс бойынша 10 команда қатысты. Әділқазылар құрамында белгілі дін қайраткерлері Дастан Құрманбаев, Бектұрсын Уәлиев, Дархан Сыздықов, Нұрбол Балахмет, Аңсаған Абдрахман, Сабыржан Есмұрзиндер болды.
Сайыс 7 кезеңнен тұрды. Оның қорытындысы бойынша І орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», ІІ орынды қалалық «Жайлаубай ата», ІІІ орынды Алтынсарин аудандық «Жанұзақ Алдиярұлы» мешіттерінің командалары иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен сертификаттар берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясындағы тапсырмасына сәйкес шаһардағы студентермен кездесу өткізді.
Арнайы жайылған дастархан басындағы әңгімеге негізінен мұсылмандар арасындағы ауызбірлік пен құрмет тақырыбы арқау болды. Онда жастарға айтылған уағызда елдің жарқын болашағы ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен сыйластыққа, Отан үшін адал еңбек етуге байланысты екендігі сөз болды.
Бас имамның айтуы бойынша, осындай тәрбиелік мәні зор жүздесу әрбір бейсенбіде жалғасын таба бермек. Қатысушылар ұйымдастырушыларға дән ризашылықтарын білдірді. Құфтан намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің қызметкерлері жергілікті №39 еңбекпен түзету мекемесінде үстел теннисінен жарыс ұйымдастырды.
Бұл сайысқа аталмыш имандылық ордасының жамағаты және мекеме қызметкерлерімен қатар жазасын өтеушілер де бағын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды мекеме қызметкерлері, екінші орынды жазасын өтеушілер, ал үшінші орынды мешіт жамағаты иеленді.
Бас имам Айбек Аманқосұлы жүлдегерлерге бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай ауданына қарасты Қостомар ауылдық намазханасының молдасы Ербол Бегалинов жергілікті кітапханада имандылық сағатын өткізді.
Онда ол адам баласына бір рет берілетін жастық шақ туралы кеңінен әңгімеледі. Сол қайталанбас кезеңнің барынша мазмұнды да мағыналы болуына айрықша көңіл бөлу керектігін сөз етті. Басты мақсат – елің мен туған жерге адал қызмет ету өзіңнің перзенттік парызың екендігін айтты.
Мұндай кездесу әрқашан да өскелең ұрпаққа тағылымы молдығын осы елді-мекендегі басқосу да көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Белгілі дін қайраткері, РАНТ мүшесі Дастан Құрманбаев Ахмет Байтұрсынов атындағы өңірлік университетіне қарасты Өмірзақ Сұлтанғазин педагогикалық институтының конференц-залында студенттермен жүздесті.
Ол мұнда «Жастарға рухани тәрбие берудің маңызы» тақырыбында әңгіме өрбітті. Әсіресе, қазіргі таңдағы өзекті ата-ананы құрметтеу, өмір талаптарына сай әдеттерге ден қою жайлы сөз етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда РАНТ мүшесі, Исламтанушы, ұстаз, Алматы қаласындағы «Орбита -3» мешітінің Бас имамы Дастан Жанасұлы Құрманбаев өңірімізге іс-сапармен келді.
Ол өңірдегі алғашқы кездесуін Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінен бастады. Мұнда жұртшылықпен жүздесіп, «Мұсылманның мінезі» тақырыбында ақшам уағызын өткізді.
Жиналған қауым оның терең мазмұнды ой-толғамдарын ұйып тыңдап, көп жайды көңілдеріне түйді
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мұхаммед Пайғамбарымызды күллі жер бетіндегі мұсылман бауырлар ерекше ардақ тұтады әрі ғұмырын өздеріне үлгі етеді. Тіршілікте оның адамгершілік, кісілік, қарапайымдылық қасиеттерін бойларына сіңіруге тырысады.
Ол әрқашан балаларды шексіз жақсы көріп, мейірімін төкті. Мүмкіндігі болғанша бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға тырысты. Тіпті олардың ойындарына да қатысқан көрінеді.
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы жамағатпен бірге осы имандылық ордасы қызметкерлерінің балаларын шаттыққа бөлеу үшін кинотеатрға алып барып, мультфильм көрсетті. Сондай-ақ, ұл мен қыздарға дәмді тағам мен тәтті сусындарды үлестірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Бейімбет Майлин аудандық Мәдениет үйінде Мұхаммед Пайғамбарымыздын туған күніне орай ғибраты мол рухани кеш болып өтті.
Оған көршілес қала және аудандардың Бас имамдары қатысты. Жиналғандар алдында аудан әкімі Қайсар Батырханұлы сөз сөйлеп, көпшілікті Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Жан-жақтан келген қонақтарға жергілікті «Сабина» кафесінде ас берілді. Оған демеушілік еткен «Қарқын құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алтай Наурызбайұлына шынайы алғыс айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңіріміздегі «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрбол қажы Балахмет басқаратын ұжым қызметкерлері қайырымдылық мақсатында акциялар өткізіп, көптеген жерлестерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Олар таяуда тағы да бір игі іске мұрындық болды. Жергілікті жанашыр және жүрегі жомарт азаматтардың тікелей қолдауымен 20 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына азық-түліктей көмек көрсетті.
Қамқорлыққа ие болған шаңырақ иелері Бас имам мен демеушілік жасаған жандарға алғысын білдіріп, қызметтерінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда «Әмит ишан» мешіті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен " Жылулық сыйла" атты қайырымдылық акциясы аясында Әулиекөл ауылының 4 көмекке мұқтаж отбасына Шұбаркөл көмірі тұсіріліп берілді.
Сөйтіп, ол әр үйге шаққанда 3-3,5 тоннадан келді. Қысқы отынмен қамтамасыз етілген шаңырақ иелеріне жергілікті жүрегі жомарт азаматтар қолдау көрсетті.
Айналамызда осындай жаны жайсаң әрі мәрт кісілер көп болса, өңіріміздегі қаншама мейірімге зәру болып отырған жанұялар алдағы қыстың аязды суық күндерінен қысылмай әрі қиналмай шығары сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі