Жуырда рухани келісім күніне байланысты Сарыкөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен жергілікті ауыл шаруашылық колледж студенттерімен дөңгелек үстел өткізілді.
Оған облыс орталығынан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ардагер ұстаз Александра Суслова, ауданның бас имамы Асылхан Түсіпбек және шіркеуден Алексей Шматко қатысты.
Жастар баяндамашыларды ұйып тыңдап, көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Кездесуде елдің тыныштығы, бейбіт өмірі мен ынтымақ-бірлігі туралы толық мәлімдеме жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Меңдіқара аудандық «Қарамақы ата» мешітінде ауданға сыйлы ақсақалдар мен аналар шақырылып, оларға Зират және зиярат мәдениеті жайлы құжат таныстырылды.
Бас имам Еркебұлан Қошан жиынды Құран оқумен бастады. Сөз барысында аға ұрпақ өкілдеріне топырақты өлімде шариғат жолын ұстану және ысырапшылыққа жол бермеу жөнінде ойын ортаға салды.
Басқосуда қатысушылар да өз пікірлерін білдірді. Кездесудің соңында абыз ақсақалдар батасын беріп, мешіт қызметкерлеріне алғысын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінде Мұхаммед Пайғамбарымызға арналып "Мәуліт-шариф" оқылды. Оның араб-парсы тілінде оқылуына жергілікті тәжік мұсылмандары диаспорасы мұрындық болды.
Жиналған жұртшылық әсерлі әуенмен оқылған салауаттардан рухани нәр алды. Жайылған дастарханнан қонақтар дәм татты. Соңында абыз ақсақалдар бата берді. Жамағат құптан намазын оқыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Меңдіқара аудандық «Қарамақы ата» мешітінде болды. Ол жұма намазына қатысып, тағылымы мол уағыз айтты.
Кездесуде дін қайраткері алдағы Республика күні мерекесіне жан-жақты тоқталды. Жалпы, тәуелсіздік біздің басты құндылығымыз, оны баянды етіп, елімізді көркейту – баршаның басты міндеті екенін тілге тиек етті.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болс,а төбедегі келеді» демекші, ынтымақ пен бірлікті сақтап, мемлекетті өркендету жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Жұма намазында Құран сүрелерінен тиләует оқылды. Бас имамның мағыналы тұжырымын және берген батасын жиналған жұртшылық ұйып тыңдады. Жастар жағы көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы "Қамқор шарапат" мекемесінің тапсырмасы бойынша еліміздегі есімдері көпке танымал әулиелер мен діни қайраткерлердің кесенелерінде зиярат ережесін ретке келтіруге баса назар аударылуда.
Жақында Арқалық қалалық “Мухтасиб Әлмұхаммед” мешітінің қызметкерлері жоғарыда аталған мәселені қолдап, осы маңдағы тарихта өшпес ізін қалдырған ата-бабаларымыз бен көрнекті тұлғалардың басына арнайы барып, олардың рухына құран бағыштады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жангелдин аудандық «Оспанқожа әулие» мешітінде Бас имам Аян Хасеновтың басшылығымен «Зират және зиярат, ас беру мәдениеті» тақырыбы бойынша жиын болып өтті.
Мұнда жергілікті жамағатқа көтеріліп отырған мәселе жөнінде насихат айтылды. Қатысушылар қозғалған жайды бір ауыздан қолдап, оның сал- дәстүрге сай келетіндігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жұртшылыққа мәлім, Сарыкөл ауданы Крылов ауылының аумағында батыр әрі әулие Барақ бабамыз жерленген.
Ол заманында қалмақ-жоңғар соғысына қатысып, елді жаудан қорғаған атақты тұлға. Терең діни сауаты болғандықтан ел арасында имандылықты насихаттауға елеулі үлес қосқан. Басқа да қасиеттерімен көпке танылған.
Әлі күнге дейін ол кісінің бейіті қойылған жерге жан-жақтан дертіне шипа іздеген ағайындар тағзым етіп, судай ағылып жатады.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дарқан дала» жобасы бойынша батыр бабамыздың кесенесінің басына «Зират және зиярат мәдениеті» жайлы баннер орнатылды. Онда аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек жиналған жамағатқа қалай зиярат ету жайында айтып берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық әкімдігі діни істер жөніндегі басқармасы аймақтың діни бірлестік басшыларымен Рухани келісім күніне орай диалог өткізді. Мекеме басшысы Ерлан Олжабайұлы қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды. Әр бірлестік басшысымен жеке-жеке танысып, ой-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, толеранттылықты дамыту, конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев те өз ойын ортаға сала келіп, «Дәстүрлі діндер арасын¬дағы ынтымақ, бұл – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық болса, негізгі – тұғырымыз. Елдің әлеу¬меттік-экономикалық көр¬сет¬кіші де халықтардың өзара татулығы негізінде дамиды» - деді.
Іс-шара соңында діни бірлестік өкілдері бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңірімізде дін саласындағы білікті мамандарымыздың өзекті тақырыпты қозғаған кездесулері жалғасуда.
Оған жарқын мысал ретінде Тобыл шаһарындағы «Маңдай батыр» және Рудный қаласындағы «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Дархан Сыздықов пен Сабыржан Есмурзиндердің Қостанай аудандық әкімдігінің жастар ресурсы орталығы мекемесі мен жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінің ұжымдарымен өткізген жиындарын айтуға болады.
Белгілі дін қайраткерлерінің бұл жүздесулері өте әсерлі ұйымдастырылды. Есімдері жұртшылыққа танымал қос имам жат ағымдардан сақтану және терроризм мәселесін тілге тиек етті.
Қатысушылар өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Қонақтарға өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Республика күні қарсаңында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің ұжымы Қостанай облысы мешіттері жамағатының арасында волейболдан жарыс өткізді.
Осы спорттық іс-шараға Қостанай қаласы және көршілес аудандардан 10 команда қатысты. Оның ашылу салтанатында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Әлішер Ертайұлы сөз сөйлеп: «Мұндай спорттық сайыстар қатысушыларды салауатты өмір салтына баулумен қатар, оларды Отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке үндеп, нағыз намысшыл азаматтар болып қалыптасуларына игі ықпал етеді», - деді.
Сонымен қатар өңіріміздегі белгілі дін қайраткері, Қарасу ауданының Бас имамы Халық қажы және Аманқарағай ауылының молдасы Серікбай қажы жастарға бата беріп, сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Әулиекөл аудандық «Әмит ишан», ІІ орынды Құсмұрын ауылдық Хақ, ІІІ орынды Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешіттерінің жамағаттары иеленді. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары, кубок, медальдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Спорттық ойындардың жоғары деңгейде өтуіне аудандық спорт бөлімінің басшысы Дәулет Айтпайұлы айтарлықтай үлес қосты.
Жоғарыда аталған мешіт асханасында қонақтарға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі