Үстіміздегі жыл Қарабалық өңірі үшін айтулы мерейтойға толы. Өйткені, ауданға 95 және жергілікті имандылық ордасына айналған «Ғашура ана» мешітіне 15 жыл толды.
Жуырда Тәуелсіздік күні құрметіне және мешіттің 15 жылдығына орай жасөспірімдер арасында Қазақ күресінен жарыс өткізілді.
Аталған сайысқа аудан бойынша 100-ден аса жас спортшылар қатысты. Олар алты салмақ бойынша бақтарын сынап, боз кілемде белдесті. Әділқазылар лайықты бағаларын беріп, жеңімпаздар марапатталды.
Бас имам жүлдегерлерді құттықтап, уағыз-насихат айтты. Ауыл ақсақалы Жақсылық қажы ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнінің құрметіне Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Асанов және жомарт жандар қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Онда көмекке мұқтаж он отбасыға азық-түлік салынған 10 пакет таратылды. Содан кейін Бас имам Тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштады.
Осы игі шараға атсалысқан жанашыр азаматтардың тілектері қабыл болып, істері алға баса берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері «Жат ағымның алдын алу және оның әдістемесі» тақырыбында жамағат және екі айлық білім алып жатқан шәкірттерге дәріс ұйымдастырды.
Қазіргі таңда әңгімеге арқау болған мәселе өте өзекті екені баршаға мәлім. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар емес пе! Имандылық ордасындағы кездесу терең мазмұндылығымен жұртшылықтың есінде қалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылының тұрғындары еліміздегі ұлы мереке - Тәуелсіздік күні үлкен қуанышқа бөленді. Елді-мекенде жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Айтулы жиынға облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, өңірдің беделді азаматтары, ауыл тұрғындары, белгілі дін қайраткерлері Шоқан қажы Әмірханов, Бектұрсын қажы Уәлиев және Сабыржан қажы Есмурзиндер қатысты.
Бір тоқталар жай, басқосуда еліміздің егемендігі үшін ғасырлар бойы күресіп, тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына бағышталып, құран оқылды.
Жиналған халықтың алдында Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, барша қауымды ғибадат орнының айтулы мерекеде есігін айқара ашуымен шын жүректен құттықтады.
Аталған ауылда мұндай жұртшылықты имандылыққа ұйытатын парасат ордасы ауадай қажет-ті. Соны жете түсінген ардақты ақсақал Ертарғын Жұбанышев пен руханият саласының білікті маманы Медет Байзақов ұйытқы болды.
Олардың ұсынысын ауданның Бас имамы Дарқан Манарбекұлы дер кезінде қуаттады. Сөйтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы ізгі мақсаттағы бастамаларын қолдады.
Бұл мешіттің құрылысы ерте көктемде басталып, небәрі жарты жылдың ішінде толық аяқталды. «Көп түкірсе, көл болар» демекші, қажетті қаражат мәселесіне жанашыр кәсіпкерлер мен жергілікті халық тікелей атсалысты.
- Пайдалануға берілген киелі орын шамамен 200 адамға лайықталған. Оның бір жағы намазхана болса, екінші жағында асхана орналасқан. Сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі кімнің болсын назарын еріксіз аудартады.
Ал, жиһазбен қамтамасыз етуге облыстың Бас имамы көмек қолын созды. Қазір мешіттің бөлмелері қыс мерзіміне толық дайын, әрі жылы. Көгілдір газ тартылған, - дейді «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дарқан Сыздықов әңгіме барысында.
Халықтың игілігіне берілген мешіттің молдасы қызметін жерлестері арасында сый-құрметке бөленген Ертарғын Бимағамбетұлы атқарады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің ұжымы өзге әріптестеріне үлгі-өнеге боларлықтай жүрекке жылы ұялататын тағылымды іс-шараны жүзеге асырды. Осы жайлы қысқаша тоқталып өтелік.
Адал еңбектің дер кезінде бағаланғаны абзал. Сіңірген бейнетіңе сай құрмет көргенге не жетсін. Бұл орайда Бас имам Шоқан қажы Әмірханов әрқашан көрегендік пен парасаттылық танытып отырады.
Ол өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын бір топ шаруашылық қызметкерлеріне ілтипат көрсетіп, қайырымдылық көмек көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сабыржан Есмурзин Ұзынкөл аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі мекеменің басшылары және мамандарымен жүздесті.
Ол мұнда қатысушыларды толғандырып жүрген жайлар бойынша уағыз-насихат айтты. Сонымен қатар, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға байланысты ынтымақ пен бірлік тақырыбын қозғап, өзіне қойылған сауалдарға тиянақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізде "Ел үлесі пәтерге" жобасы бойынша көп жылдардан бері баспаналы бола алмай жүрген көптеген қандастарымыз демеушілердің арқасында тұрмысқа жайлы қонысқа көшті.
Жуырда ғана Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы, Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрам Әулиекөл ауданына арнайы барды.
Ол Құсмұрын бекетінде ғұмыр кешіп жатқан көп балалы Бағлан Мұхтархановтың отбасына үйдің кілтін табыс етті.
Бұл үстіміздегі жылы Қостанай облысы бойынша берілген 12-ші баспана.
Мына дүниеде адамдардың қуанышына ортақ болғанға не жетсін. Шаңырақ иелері жанашырлық танытқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында қаншама қамқорлыққа мұқтаж кісілерге шарапаты тиіп жатыр.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас нақты мысал келтіре кетелік. Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің қызметкерлері және демеуші азаматтардың қолдауымен жергілікті тұрғын Камил Мырзабекұлының еміне шипа болсын деген ниетпен 270 000 теңге көлемінде қаражат берілді.
«Алтын алма, алғыс ал» қағидасын берік ұстанған мейірімді жандардың тілектері қабыл болып, Алланың нұры жауа берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұзынкөл ауданының арнайы шақыруы бойынша жергілікті мешітке Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Сыздықов келді.
Дархан Манарбекұлы Жергілікті Ақпараттық Насихат тобы аясында аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Онда ол ұлттар арасындағы ауызбірлік, татулық және басқа да маңызды мәселелер жөнінде әңгімеледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің жамағаты арасында "Хадис-ғұрпымыз, сүннет-салтымыз" атты хадисті жаттаудан жарыс ұйымдастырды.
Бұл сайыстың мақсаты - Мұхаммед Пайғамбарымыздың танымдық хадистерін жаттау, оның берері мол ғибраттарымен сусындау.
Әділқазылардың шешімі бойынша бірінші орынды Ильдар Нұрқалин, екінші орынды Мейрам Нұрпейісов, үшінші орынды Бекболат Есжанов иеленді. Сөйтіп, шәкірттер терең білімдерін дәлелдеді.
Жүлдегерлерге лайықты құрмет көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі