Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген құрылтай делегаттары қатысты.
Құрылтай жұмысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2013-2017 жылдар аралығында атқарған іс-шараларының есебі тыңдалды.
ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти лауазымына наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың кандидатурасын ұсынды.
«Құрметті құрылтай делегаттары, осыдан 5 жыл бұрын Бас мүфти қызметіне сайланғанымда бұл аманатты абыроймен атқарып шығуды Алладан сұрап едім. Сіздермен бірге көптеген ауқымды іс-шараларды атқардық. Бұл аманатты орынбасарым Серікбай қажы Оразға тапсыруға шешім қабылдадым. Ол 20 жылдан астам діни салада қызмет етіп келеді. Діни басқарма тарихында үш мүфтидің кезеңінде белсенділігімен көзге түсті. Оның идеясы мен іскерлігінің арқасында көптеген игі жобалар жүзеге асты. Серікбай қажы Ораз Бас мүфти қызметін жоғары деңгейде атқарады деген сенімдемін. Сіздер де бұл ойымды құптайсыздар деп ойлаймын», – деп атап өтті.
Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Оразға дауыс беріп, бірауыздан Бас мүфти лауазымына сайлады.
Серікбай Сатыбалдыұлы құрылтай делегаты алдында діни салада аянбай қызмет етуге сенім білдірді.
Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы
1975 жылы 12-сәуірде дүниеге келген.
Білімі:
1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған.
1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.
1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген.
2012-2014 жылдары "Нұр Мүбарак" Ислам мәдениеті университетінде "Дінтану" мамандығын тәмамдаған.
2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің "Менеджмент" мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолы:
Алматы мешітінің наиб имамы;
Ислам институтының ұстазы;
Ислам институтының ректоры;
Астана қаласы Ақмола облысының өкіл имамы;
ҚМДБ-төрағасының орынбасары, наиб мүфти;
Алматы әкімшілігінің діни бөлімінің сектор меңгерушісі;
ОҚО. Сарыағаш ауданының Бас имамы;
Мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері;
Астана қаласы Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы;
ҚР Президенті іс басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді. Қажылыққа барған.
2011-2013 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысының өкіл имамы қызметін атқарды.
2013 жылы наиб мүфти болып тағайындалды.
2013 жылдың қазан айында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти болып қызмет атқарды.
2017 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына сайланды:
Жанұялы 7 баласы бар.
1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні яғни өткен жұмада облыстық мешітте қайрымдылық жәрмеңкесі өткізілді.
Бұл шараның мақсаты – көмекке зәру қазақ қызы Аружан Нұржановаға қол ұшын созу еді. Өйткені, кішкентай бүлдіршінге дәрігерлер денсаулығына байланысты тездетіп емдеу керектігіне байланысты шешім шығарған. Алайда оған ота тек Германияда жасалады екен. Емдеу құны 95 000 евроны құрайды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші жұма күні мешітте барша мұсылман жамағаты Аружанға қолдарынан келгенінше қаржылай көмектерін көрсетті. Сонымен қатар әйел-қыздар жамағаты үйлерінде тәтті тоқаштары мен торттарын жасап, өздерінің үлестерін қосты.
«Көп түкірсе көл болар» дегендей жәрмеңкеде 1 милионнан аса теңге қаражат жиналды. Алайда бұл ақша әлі де аздық етеді. Егер қол ұшін берем деген жүрегі жомарт жандарға есігіміз әрқашан да ашық.
Демеушілер + 7 707-770-50-45 немесе + 7 747-513-42-89 ұялы телефон номеріне хабарласа алады.
Кішкентай әрі сүп-сүйкімді Аружан бауырымызға құдіреті күшті Алла Тағала шипасын берсін деп тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысы бойынша өкілдігі үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Өз кезегінде облыс бойынша қалалар мен аудандардың бас имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасы аясында жасалған жұмыстары бойынша баяндады.
Облыстың өкілі Бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы негізгі төрт бағыты болып табылатын, уағыз насихат, қайырымдылық, жат ағыммен күрес, сауат ашу курстарын жандандыру бойынша және дін мен дәстүр аясындағы жұмыстарды жалғастыруды имамдарға тапсырды.
Сонымен бірге, 2018 жылы Жастар ісі бойынша жасалатын іс-шаралар туралы жоспар талқыланып, әр қалалар мен аудандарға аталған бағытта жұмыс жасауға тапсырмалар берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы шейх Алсабеков Мухаммад-Хусайн қажы Усманұлы іс-сапармен Қостанайға келді.
Ол өзінің сапары барысында «Қоғамдық келісім үйінде» шешен диаспорасының және Қостанай облысы әкімдігінің дін істер басқармасының өкілдерімен кездесті.
Сонымен қатар Хусайн қажы Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын кентінде де шешен ұлты өкілдерімен жүздесіп, қазіргі таңда жат ағымнан сақтану, діни сауаттылықты көтеру, діни экстремизм және терроризм көріністерінің алдын алу мәселелері туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында әркімнің көкейдегі сауалдарына жауап беріп, діни сұрақтар туындаса тек ғана ҚМДБ-ның жергілікті жердегі өкілдеріне жүгіну керектігін ескертті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бұл қайырымдылық көмектің орташа мөлшері – 50-60 мың теңге.
«Бұл игі бастама аясында әзірге Қостанай облысы бойынша 3 діни қызметкерге қаражат бөлінді. Бұл да болса үлкен көмек және ол діни қызметкерлердің әлеуметтік мәселесін шешуге оң ықпал етеді», – дейді облыстық мешіттің бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы.
Айта кету керек бүгінгі таңда «Уақып» қоры еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған топтарды және рухани шараларды қаржыландырумен бірге діни қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты назарға алып отыр.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Науырзым аудандық ақпараттық - насихаттық тобының мүшелері аудандағы ауылшаруашылығы колледжінде «Терроризм – дінге жат ұғым» тақырыбында маңызды кездесу өткізді.
Оның құрамында Түркебай мешітінің бас имамы Н.Сыздықов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Сұлтанова, әдіскер А.Серікбай секілді өңірге белгілі кісілер қатысты.
Осынау кездесу барысында жиналғандарға бейнеролик ұсынылды. Онда жұртшылыққа кімді болсын ізгілікке, бауырмалдыққа жетелейтін кітаптар мен сайттар көрсетілді.
Жалпы, өзіміз ерекше құрмет тұтатын Ислам дінінің басты мақсаты – әлемдегі адамзат арасында бейбітшілікті нығайту. Ауызбірлік пен ынтымақты барынша арттыра түсу екені айдан анық.
Бұл басқосуда теріс ағымдар жайлы жан-жақты айтылды. Қатысушылардың қойған сауалдарына нақты жауаптар берілді. Әсіресе, жастардың ешқандай пайдасы жоқ әдеттерден аулақ болуы да тілге тиек етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басым бағытының бірі және бірегейі ол мұқтаж жандарға көмек қолын созу, қайырымдылық көрсету. Әрине, мұндай ізгі істерге өңіріміздегі мешіт жанашырлары мен жаны жомарт демеушілердің қосар үлесі зор.
Міне, осы мақсатта облыстық мешіт ұжымы да елеулі жұмыстар атқаруда. Жуырда қаладағы әлуеметтік жағдайы төмен 20 отбасына арнайы пакетке салынған азық-түлік тапсырылды. Оның ішіне күнделікті өмірде тұтынатын сұйық май, шәй, макарон мен дәнді дақыл өнімдері салынған.
Оның алдында жиналғандарға аталмыш мешіттің наиб имамы Бақытжан Икрам сөз сөйлеп, ұлағатты ойларын ортаға салды. Жалпы, Ислам дінінің адамзатты тек жақсылыққа үндейтіні жайлы айтты. Қайырымдылықтың кісі бойындағы ең ізгі қасиеттің біріне жататындығын жеткізді.
Мұндай шаралар көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, қанаттандыра түсетіндігі белгілі. Сондықтан да олар шын көңілден облыстық мешіт қызметкерлері мен демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Еліміздегі жастар тәуелсіз еліміздің болашағы. Олар оқуда да еңбекте де туған жерінің мақтанышы болып келеді. Алдағы уақытта да оларға үлкен сенім артамыз.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық мешітте өңірімізде білім алып жатқан студенттермен кездесу болып өтті.
Осы жүздесу барысында оларға дастархан жайылды. Бұл ас барысында облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет «Аллаға және Мұхаммед пайғамбарға махаббат» деген тақырыпта мазмұнды насихат айтты.
Үлкен әсер қалдырған жиын соңында студенттер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Мұндай жүздесулер болашақта да жалғасын таба бермек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық мешітте қасиетті Құранды жатқа оқудан жарысы өтті.
Жарыс талабына сәйкес қатысушылары 30 параны толық жаттаған болуы, оқу қырағаты, тәжуид білімі, жаттау қабілеті бағаланды. Аталмыш шараға облыс көлемі бойынша қалалар мен аудандардан 25 шәкірт қатысты.
Осы талаптардан мүдірмей өткен Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмухаммед» мешітінің шәкірті Абраев Амандық бас жүлдеге ие болды. Оған теледидар табысталды. Ал 1-ші орынды облыстық «Марал ишан» мешітінің шәкірті Хайрулла Абылай, 2-ші жүлделі орын Қостанай қалалық мешітінің шәкірті Абдуррахманұлы Әбілқасым иеленіп оған ұялы телефон, 3-ші орын Арқалық қалалық мешітінің шәкірті Асқар Бекбосынға бұйырды. Сонымен қатар жүлде алғандарға қаржылай да сый-сиапат жасалды.
Облыстың өкілі бас имам Б. Нұрғабылұлы шараға қатысқан барлық шәкірттерге алғысын білдіріп, қатысушыларға ынталандыру сыйлығына қасиетті Құранды тарту етіп, болашақта хафиз болуды тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі