Бұл оразаны сол айдың ішінде кез келген күні үзбей бірінен кейін бірін немесе үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айттың артынша кезекпен дереу бәрін ұстаған абзал. Пайғамбарымыз (ﷺ):
"من صام رمضان ثم أتبعه ستا من شوال كان كصيام الدهر"
«Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей»[1],-дейді. Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا
«Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі»[2] – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Міне, бұл да Жаратушы Иеміздің бізге деген шексіз мейірімі.
Шәууал айындағы оразаға қатысты кейбір мәселелер:
1. Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, мұсылманның өз еркінде. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.
2. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. Әрі оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады.
3. Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.
4. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады.
5. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (ﷺ) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – парыз. Оны ұстамау – үлкен күнә.
7. Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (Таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына дейін жалғасады.
Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.
[1] Хадисті имам Мүслім, имам Ахмад ибн Ханбал және имам Тирмизи риуаят еткен.
[2] «Әнғам» сүресі, 161 аят.
10 + 10 +10 = 30
Бір мұсылман жөн сұрады иманнан,
«Кезім болды ораза ұстап, қиналған.
Басы, ортасы, аяғында бұл айдың,
Бірнеше күн оразаға шыдаймын.
Отыз күнді түгелдемей, алайда,
Дәл осылай ниет етсем, жарай ма?!»
Иман айтты: «Онда он күн, расында,
Ауыз бекіт оразаның басында.
Оразаның көрген кезде ортасын,
Орта жолдан қайтуға да қорқасың.
Қалжырасаң, түнде сәл-пәл ал тыным,
Он күн тағы ораза ұста, жарқыным!
Соңғы он күннің Қадір түнін тосатын,
Киесі бар шөліңді де басатын.
Ай соңында тағы да он күн шыдайсың,
Сонда ғана Жаратқанға ұнайсың».
Ауызашарда туған жыр
Ауызашар – ықыласпен қарсы алып,
Қауқылдасып жататын кез барша жұрт.
Дәм татарда қара судың өзін де
Бал жұтқандай ішесің кеп тамсанып.
Өкініш көп мезгіл болса бос өткен,
Ораза ұстап молда ұсынған есеппен,
Бір ай бойы, уақытша болса да,
Тыйыласың өтірік пен өсектен.
Ден сау болса, ораза ұстау қиын ба?
Тазарады асқазан да, миың да.
Қолда барға қанағат қып, шүкір қып,
Қызықпайсың артық-ауыс тиынға.
Ауызды да, құлақты да жабасың,
Тыным алып, жанға рақат табасың.
Кеш батқан соң тәтті түстер жалғайды
Құтпан менен таң намазы арасын.
Ораза да, ойлап тұрсаң, сын бізге,
Түнгі ұйқыны ауыстырдық күндізге.
Кұн шыққанда жеңілейіп қаласың,
Әр парақты жыртқан сайын күнтізбе.
Ақылбек Шаяхмет
Құрметті бауырлар!
17 шілдеде басталатын Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша халықты мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.
Кеңпейіл, бауырмал, қонақжай, дарқан мінезді мұсылман халқымыз Ораза айтты ерекше атап өткен.
Биыл еліміздің мұсылмандары да қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарыма «Алла разы болсын» айтамын.
«Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін.
Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудың алдында құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, жылышырай танытып, тілеулестік білдіру де игі амал.
Қадірлі ағайын!
Барша отандастарымды Ораза айттың құрметі үшін бір-бірімізді кешіріп, өзара татулығымызды нығайтып, әуелі Алланың, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленуге шақырамын.
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Елбасы бастаған егемен еліміздің болашағы баянды болғай!
Ораза айт құтты болсын!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.
Рудныйда Ораза айында сауапты істер молайып тұр. Соның бірі – қалалық «Нұр» мешітінің ұйытқы болуымен өтіп жатқан «Тегін такси» атты қайырымдылық акциясы. Екі күнге созылған шара барысында қаланың 50-ден астам автокөлігі тұрғындарды тегін тасыды.
- Қадір түні қарсаңында «Дубок» такси орнының жігіттері аталмыш акцияға өз ықыластарын білдіріп, Алла ризалығы үшін халықты тілі мен дініне қарамай Қостанай қаласына дейін тегін жеткізіп жатыр. Кеше де мешітке келушілерге және жалпы халыққа таксишілер қала бойынша тегін қызмет көрсеткен болатын. Игілігі мен шарапаты мол осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ, - дейді Рудныйлық қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы.
«Қадір түні құтты болсын!» деген жазуы бар жасыл лентаны жабыстырған такси көліктері әрбір 10 минут сайын Қостанайға қарай жол тартып жатты. Акцияға үлес қосып жүрген азаматтар мен тегін таксиге мінген қарапайым тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. «Аттың жақсысын мақта, адамдың жақсысын жақта» деп жатады. Рамазан айында сауапті іске бел буған тұрғындардың ниет-тілектері қабыл болып, Алланың шапағатына бөлене берсін демекпіз.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ