Қасиетті Рамазан айының алғашқы ауызашарына ауданымыздың әкімі Мейрам Олжабайұлы және оның орынбасарлары қатысып келген барлық жамағатқа өз тілегін білдірді. Ауызашарға арнайы құттықтау ниетімен «Бренд» ЖШС басшысы Е.П. Акимович, «Алаш» ЖШС басшысы А.Н. Мұхаммеджанұлы, «АФ Тұрсын» басшысы Б.А. Борантайұлы, «АБИС» ЖШС басшысы Б.Д. Есімұлы, аудан әкімінің аппарат жетекшісі А.Н. Сагитова, аудандық маслихат басшысы М. Құдабаева және т.б. келіп ораза ұстаған барлық мұсылмандарды құттықтады.
Мешіт асханасында ораза құрметіне дастархан жайылып, ораза ұстаған барлық жамағат тамақтандырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитеті, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы арасында діни-рухани салада өзара ықпалдасып жұмыс істеу туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек қол қойған үш жақты меморандум Қазақстанда дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын, халыққа жалпы діни қағидаларды дұрыс жеткізуді көздейді.
Қабылдан келісім негізінде жоспар бойынша дін мен дәстүрдің мәнін ашатын, төл мәзһабымыздың асыл құндылықтарын насихаттайтын, діни және мемлекеттік мерекелердің мазмұнын баяндайтын арнайы бағдарламалар дайындалып, эфирден көрсетілмек.
Тараптар өзара тең құқықтарын басшылыққа ала отырып, өз құзыры шеңберінде дін саласындағы тұрақтылықты нығайту, діни экстремизмді алдын алу, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін арттыру мақсатында бірігіп жұмыс істеуге келісті.
«Баршамыздың мақсатымыз бір: халқымыздың иманын күшейту, ізгілікті, мейірімділікті насихаттау, бірлігімізді бекем ету. Біз бірігу арқылы діни, рухани салада өнімді, нәтижелі еңбек ете аламыз», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин меморандум зайырлы қоғамның ортақ құндылықтарын насихаттауға септігін тигізетінін атап өтті.
«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек арна ұжымы ортақ игі істерге ақпараттық тұрғыдан атсалысуға, қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін мәлімдеді.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
www.muftyat.kz
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Негізінде тәспі – моншақ, тас, қандай да бір жемістің сүйегі т.б. заттардан жасалады. Тәспі жақсылық жасауға дәнекер болып есептеледі. Шариғатта мынадай бір қағида бар: «Жақсылыққа негіз болған дәнекер, сол жақсылықтың үкімін алады[1]». Себебі тәспі зікірді жеңілдетеді. Демек шариғи тұрғыдан тәспі ұстау рұқсат етіледі. Әсіресе мұсылман кісі зікір санауда қателесетін болса, тәспі ұстауы лайықтырақ болады. Бұған дәлел боларлық сахих хадистер бар.
Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың (رضي الله عنه) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен(ﷺ) бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар ((ﷺ): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?»-деді.
«Көктегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ»[2], жердегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ», екеуінің арасындағыны жаратқандай «Субханаллаһ», Алланың жарататының санындай «Субханаллаһ». Дәл сондай «Әлхамду лиллаһ[3]», дәл сондай «Аллаһу акбар»[4], дәл сондай «Лә иләһа иллаллаһ»[5], дәл сондай «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ[6],-деді[7].
Мән беріп қарасаңыз Пайғамбар (ﷺ) әйелдің зікірде тас қолдануына тиым салмаған, бар болғаны зікірдің оңай жолын үйреткен.
Аллаға иман келтірген құлдардың анасы, пайғамбарымыздың (ﷺ) жұбайы Сафия(رضي الله عنها) былай дейді:
«Бір күні Алла елшісі (ﷺ) бөлмеме келді. Менің алдымда Алланы зікір ететін төрт мың құрма сүйегі жатқан болатын.
Пайғамбар (ﷺ) маған қарап: «Ей Хуайдың қызы! Алдыңда жатқан бұл не?» деп сұрады.
Мен: «(Бұл құрма сүйектері арқылы) Алланы зікір етемін»,- деп жауап бердім.
Пайғамбар (ﷺ): «Мен сенің жаныңда тұрғаннан бері сенен көбірек Алла Тағаланы зікір еттім»,-деді.
Мен: «Уа Алланың Елшісі! Оны маған үйретіңізші!,-дедім.
Пайғамбар (ﷺ): «Субханаллаһи’ адада халқиһи» (Аллаһ Тағаланы қанша жаратылысы бар болса, соншалықты тасбих етемін деп айт»,-деді[8].
Хадис мәтініне зер салып оқысаңыз Пайғамбарымыз (ﷺ) Сафия анамызға(رضي الله عنها) бұл дұрыс емес немесе бұл бидғат, болмаса тыйым салынған деп айтқан жоқ.
Қасым ибн Абдуррахман (رضي الله عنه) сахаба Абу Дарданың (رضي الله عنه) құрма сүйектерін салып жұретін бір дорбасы болғандығын, таң намазын оқыған соң, әлгі дорбадағы сүйектерді бір бірден шығарып, Алланы зікір ететіндігін риуат еткен[9].
Дәл осындай сарындағы риуаяттар Абу Сағид ал-Худридан, Сағд ибн Аби Уаққастан, Фатима бинт Хусейннан т.б. ардақты сахаба, табиғиндерден жеткен.
Ханафи мазхабының ғалымы Ибн Абидин (رحمه الله) былай дейді: «Автордың «Тәспі ұстаудың еш мәкруһтігі жоқ дегені мынадай... шариғи тұрғыдан рұқсат етілгендігінің дәлелі имам Әбу Дәуіт, имам Тирмизи, имам Нәсаий, имам Ибн Хиббан Сағд ибн Уаққастан (رضي الله عنه) риуаят еткен хадис. Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың (رضي الله عنه) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен (ﷺ) бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар(ﷺ): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?»-дейді.
Аталмыш хадисте Пайғамбар (ﷺ) зікір етуде тас немесе құрма сүйектерін қолдануда әйелге тиым салмаған. Бар болғаны абзалын және жеңілдеуін үйреткен. Егер қолдану «мәкрүһ» болса, пайғамбар (ﷺ) баян етер еді. Тәспінің осы хадисте мазмұнында айтылғаннан айырмашылығы жіпке тізілуі. Ал (тастардың жіпке түзілуі) тәспіні тартуға болмайды деген мағынаны білдірмейді»[10].
Айта кетерлік жайт Алланы зікір еткенде тәспі ұстаудың артықшылығына арнайы еңбек жазған ғалымдар да бар. Олар:
1.Хафиз Жәләлуд-дин әс-Суюти әш-Шафиғи. Еңбегі: «әл-Минхату фис-Субхати». 2. Хафиз Мұхаммед ибн Ғиллан әш-Шафиғи. Еңбегі: «Иқадул-Масабих».
3. Шейх, ғұлама Әбул-Хасанат әл-Лакнауи әл-Ханафи. Еңбегі: «Нузһатул-фикр фи субхатиз-зикр.
Міне осы жоғарыда келтірілген мағлұматтар тәспі ұстаудың шариғатқа қайшы емес екендігін көрсетеді.
Құрметпен, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.
[1] الوسائل لها حكم المقاصد
[2] Субханалла сөзінің аудармасы: «Алланы барша кемшілік атаулыдан пәктеймін!».
[3] Аллаға шүкір.
[4] Алла ең ұлық.
[5] Алладан өзге (құлшылыққа лайық) тәңір жоқ.
[6] Күш, құдірет тек Алладан.
[7] Хадисті имам Әбу Дәуіт және имам Тирмизи риуаят еткен.
[8] Хадисті имам Тиримизи риуаят еткен.
[9] Имам Ахмад ибн Ханбал «Зуһд» атты еңбегінде риуаят еткен.
[10] Хашияту ибн Абидин, 1 том, 650-651 беттер.
Д. Рағиб Сиржәни
БІРІНШІ БӨЛІМ:
Рамазанның әр күнінде жасалатын, күнделікті атқарылатын жоспар, сауап амалдардың кестесі:
Бұл жоспарға кіріспестен бұрын жоспар толық мақсатына жету үшін мынадай кеңестер ұсынылады:
<Жоспардың әр кезеңінің арасын бөлетін нәрсе ол – парыз намаздар болсын, өйткені ол намаздарды дұрыс орындауға көмектеседі.
<Егер жоспардан кейбір нәрселерді жіберіп алсаңыз, оны міндетті түрде келесі кезеңде орындаңыз, егер бір күндегі кейбір амалдарды жіберіп алсаңыз, оны қалдырмай, келесі күні міндетті түрде жасап үлгеріңіз.
<Бұл жоспар үлгі ретінде ұсынылады, сондықтанда оны өз жағдайыңызға ыңғайлап алуға болады. Тек онда көрсетілген іс-амалдарды қамтып, оны орындауға тырысыңыз.
<Бос уақыттарды пайдалы өткізуге тырысыңыз. Бұл жерде бос уақыт деп – бір іс пен басқа бір істің арасында болатын уақыттар айтылады. Мысалы, аялдамада көлік күту, көліктегі уақыт, азан мен қамат арасындағы уақыт, біреуді күтіп жатқандағы т.б. уақыттарды бос өткізбеуге тырысыңыз.
<Бұл жоспарды тек жалғыз өзіңіз емес, басқалармен қосылып орындасаңыз жалықпауға, дұрыс орындауға көмектеседі. Және олардың сауабындай сізге де сауап жазылады.
Міне осы кеңестер төмендегі жоспардың жақсы пайдалы түрде орындалуына септігін тигізеді деген ойдамыз.
Рамазан айының әр күнінде жасалатын жоспар
Бұл жоспар он кезеңнен тұрады және әр кезеңде атқарылатын істер бар.
Бірінші кезең: Сәресі уақыты.
Мұнда біз үш амалды жасаймыз:
1) Екі рәкағат намаз оқу, бұл Аллаға ықыластылықтың белгісі болып табылады. Өйткені, бұл уақытта Алладан басқа ешкім сізді бақыламайды;
2) Сәресі ішу. Оны соңғы уақытқа дейін кешіктіру сүннет;
3) Сәресі уақытынан яғни, таң намазының уақыты кірмес бұрын 5-10 минут қалдырып, сол кезде күнәларыңды еске түсіріп, истиғфар айту (Алладан кешірім сұрау).
Екінші кезең: Таң намазының уақыты.
Таң намазының уақытында біз мынадай он амалды атқарғанымыз жөн болады:
1) Азанды тыңдау мен қайталау және азан дұғасын оқу;
2) Таң намазының екі рәкағат сүннетін оқу; (бұл екі рәкағатты пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйден оқып, сосын мешітке шыққан. Ал, сіз өзіңіз таңдауыңызбен егер қаласаңыз, үйде немесе мешітте оқуға болады).
3) Мешітке бару және шығып бара жатқан кезіңізде пағамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткен дұғасын оқу;
4) Мешітке кірер алдында иғтикафқа ниет ету, өйткені, иғтикаф аз болсын, көп болсын мешітте қалумен жүзеге асады. Сондықтан қанша мешітте болсаңыз, соны иғтикәфқа ниеттеніңіз.
5) Мешітке кірерде оқылатын дұғаны оқу;
6) Мешітке кірген соң екі рәкағат мешіт ақысы намазын оқу және егер үйде оқымаған болсаңыз, таң намазының екі рәкағат сүннетін де оқу;
7) Азан мен қамат арасында уақыт болып жатса, өзіңізге және басқа да мұсылмандарға дұға қылу, өйткені азан мен қамат арасында дұға қабыл болады. Немесе Құран оқу, зікір айту т.б.
8) Қамат айтылғанда, жүрегіңізді Аллаға арнаңыз, ниетіңізді жаңартыңыз және таң намазына періштелер куәлік ететінін есіңізге түсіріңіз. Намазды қорқумен (хушуғ) оқуға тырысыңыз. Және шама келгеніше оқылатын аяттарды түсінуге тырысыңыз.
9) Парыздан кейін тұрып кетпеңіз, отырып намаздан кейін оқылатын зікірлерді оқып, дұға қылыңыз, өйткені мұның сауабы өте үлкен. Егер имам намаздан кейін дәріс өткізсе, сабыр етіп оған қатысыңыз. Өйткені, ол қысқа болса да, періштелер қатысатын ғылыми мәжіліске жатады.
Үшінші кезең: Таң намазынан кейін күн шыққанға дейінгі уақыт.
Бұл – өте маңызды кезең. Оның артықшылығын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінен көреміз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен мешітте оқыса, кейін күн шыққанша отырып Алланы зікір етсе және күн шыққаннан кейін екі рәкағат намаз оқыса, оған қажылықтың және ұмраның сауабы жазылады. Дәл сондай, дәл сондай, дәл сондай».
Бұл уақытта мына амалдар жасалғаны абзал болады:
1) Таңертеңгі дұғаларды оқу;
2) Әртүрлі дұғалар жасау өзіңізге және басқа да мұсылмандарға;
3) Құран оқу, тыңдау;
4) Білім алу, сабақ қайталау т.б.
5) Дұха намазын оқу. Бұл намазды 2 рәкағаттан 8 рәкағатқа дейін оқуға болады.
Төртінші кезең: Күн шыққаннан кейінгі кезең. Жұмыс (студент болса – сабақ) уақыты.
Бұл кезең дұха намазыны оқығанан кейін басталады. Егер жұмысыңыз кеш бастайтын болса, бір сәт ұйықтап дем алуға болады. Егер уақыт болмаса онда Аллаға тәуекел етіп, жұмысыңызға барыңыз. Және жұмыста болған кезіңізде мына амалдарды істегеніңіз жөн болар:
- Жұмысыңызға уақытында барып, уақытында қайту. Оразаны жалқаулыққа сылтау қылмау керек. Өйткені, Рамазан – күрес (жиһад), құлшылық ету, амал ету айы, жалқаулықты үйрететін ай емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және оның сахабаларының өмірбаяны бұған дәлел бола алады.
- Жұмысыңызды дұрыс, толық атқару. Өйткені, Алла жақсы істегенді жақсы көреді.
- Жұмыс кезінде ешкімге зиян тигізбеңіз, ренжітпеңіз, сіз ораза ұстап жүргеніңізді ұмытпаңыз.
- Жұмыс уақыты ғибадат жасауыңызға кедергі деп ойламаңыз, керісінше ниетіңізді жаңартып, адал еңбек ету ол да құлшылық, тіпті Алла жолында күрес болып есептеледі.
- Жұмыс кезінде парыз намаздарды жіберіп алудан сақ болыңыз, шамаңыз келгенше мешітте және өз уақытында оқуға тырысыңыз.Тым құрығанда, Рамазан айында парыз намаздарымызды мешітте өтеуге тырысуымыз керек.
Ескерту: Осы кезде әйел азаматшаларға мына істерді істеген абзал болады.
- Ауызашар тамағын осы уақытта дайындап қойған дұрыс, өйткені кешке ауызашар алдында тамақ жасаудан абзалырақ істерді істеген жөн.
- Тамақ жасап жатқанда, сол тамақпен ауыз аштыруды ниет ету, егер ол тамақты өз балалары, күйеуі жесе де, қонақтар жесе де, сол тамақты қанша адам жесе, соншама адамға ауыз аштырудың сауабын алады.
- Тамақты мүмкіндік болғанынша жасау. Яғни, түрлі-түсті тамақ жасап, ысырап жасау қажет емес. Өйткені, Рамазан тамақ ішу айы емес, тамақты шама келгенше үнемдеп, садақа берген абзал.
- Кедей-міскіндерге тамақ жасап беруге тырысу,
- Тамақ жасап жатқан уақытта бос өткізбей, Құран немесе уағыздар тыңдау, болмаса зікір, истиғфар айту сияқты амалдарды жасап уақытты пайдалы өткізу.
Бесінші кезең: Бесін мен екінті арасындағы (жұмыстан кейінгі) уақыт.
Бұл уақытта ұйықтап дем алуға тырысу керек. Өйткені, түнде тарауих оқуға және басқада маңызды істерді атқаруға күш жинау қажет. Бұл – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ол (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайлула жасаңдар (яғни, түсте бір сәт дем алыңдар), шынында, шайтандар бұл кезде ұйықтамайды», – деген.
Ескерту: Әрине, кейбір адамдардың жұмыстары екінті намазынан кейін немесе ақшам кезінде бірақ бітеді. Сондықтан да басында айтқанымыздай, бұл жоспар тек үлгі ретінде ұсынылады. Әркім өз уақытына лайықтап жасап алуына болады. Маңыздысы жоспардағы айтылған іс-амалдарды қамту.
Алтыншы кезең: Екінтіден ақшамға дейінгі уақыт.
Бұл уақытты отбасымызға арнаған жөн. Жоғарыда әйелдер тамақты ерте жасау керек деген болатынбыз. Өйткені, әйелдердің екінті намазынан кейін тамақпен айналысқаннан гөрі, отбасымен бірігіп мына істерді істегені абзал.
Бұл уақытта отбасының барлық мүшелері жинала отырып, Құран оқу және шариғатымызды үйрену, зікір дұға жасауымыз қажет. Және бұл іске балаларымызды да араластыруымыз керек. Яғни, отбасылық құлшылық деп атауға болады. Құран оқумен бастап, қиссалар, риуаяттар, хадистер айту, әке дұға жасап, балалар әмин деп айтып отыру секілді, сондай-ақ балаларға кішігірім жарыстар ұйымдастыру. Маңыздысы осы уақытты өз отбасымызға арнау керек және отбасында имани орта қалыптастыру қажет. Әрине, мұндай отырыстардың балаларды тәрбиелеуге қаншалықты әсеренің мол екені сөзсіз. Сондай-ақ, ерлі-зайыптар арасындағы байланысты да күшетіп, олардың араларында болған кейбір қайшылықтарды жоюға да әсері шексіз.
Жетінші кезең: Ақшамнан құптанға дейінгі уақыт.
Әрине, бұл уақытта ауыз ашылады, қуаныш уақыты. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылған: «Ораза ұстаушының екі қуанышы болады. Біреуі – ауыз ашқанда, біреуі – Қиямет күні Раббысына кездескенде..».
Еске түсіретін нәрсе кейбір адамдар тамаққа қызығып, ақшам намазына мешітке баруды ұмытады. Әрине, бұл сүннетке қарсы келеді. Сондықтан да, ер адамдар ауызды мешітте ашып, намазды оқып келіп, кейін тамаққа отырғаны абзал болады.
Сегізінші кезең: Құптан намазының және тарауих намазының уақыты.
Бұл уақытта мына амалдарға мән берген дұрыс:
- Үйіңізге жақын мешітті таңдау, өйткені, онда танитын адамдарыңыз болады, олар мен байланысыңызды күшейтуге, қал-жағдай сұрасуға, бауырмашылықты арттыруға ұлы мүмкіндік болады. Әрине, Хатим түсіретін мешіт болса, имамның қирааты да дұрыс тәжуидпен, әдемі дауыс пен болса нұр үстіне нұр болады.
- Мешітке жалғыз бармай, таныстарыңызды, туыстарыңызды тартуға тырысыңыздар.
- Намазды хушуғмен (қорқып) оқып, аяттардың мағыналарын ойланып оқыған абзал болады.
- Мешітке балаларды апармаған дұрыс, олар мешітте шулап, намаз оқушыларға кедерді жасағаны жақсы емес.
Тоғызыншы кезең: тарауихтен кейін ұйқыға дейінгі уақыт.
Бұл уақытта мына амалдарға назар аударған жөн болар:
- Мүмкін болғанынша ерте ұйықтауға тырысу;
- Тамақтану, шай ішу бірақ исраф болмауы керек,
- Студент болса сабақтарын қайталау;
- Құран оқуын толықтыру егер қалып қойған зикир немесе кез келген жоспардағы амал бар болса оны толықтыру;
- Үйдің қажеттіліктерін өтеу т.б. пайдалы істерді істеу.
Оныншы кезең: Ұйқы уақыты.
Бұл кезеңге мән беру өте маңызды. Өйткені жоғардағы амалдарды жақсы орындау үшін адамға күш қуат қажет. Және егер ниетті жөндесек, ұйқымызды да құлшылыққа айналдыруға болады. Ол үшін:
- Ұйықтау мен құлшылық жасауға күш жинауды ниет ету;
- Ұйықтаудың әдептерін ұстану; олар:
- Дәретпен ұйықтау
- Оң жағымен жату
- Ұйықтар алдында айтылатын дұғаларды оқу;
Егер байқаған болсаңыздар, бұл жоспарда телевизор қарауға уақыт қалмады. Және шынында да бұл ұлы айда телевизорға уақыт жоқ. Телевизор уақыты оттың отынды жегендей жейді. Сондықтан да бұл ұлы айды құлшылыққа арнайық құрметті бауырлар!
Ескерту: Әрине уатын жетіп жатса, жаңалықтар не пайдалы бағдарламаларды қарауға тыйым салынбайды. Бірақ пайдасыз фильмдер мен телехикаялар т.т. аулақ болған жөн.
Д. Рағиб Сиржәни
1.Ауыз аштырған кісі ораза ұстаған кісідей сауап алады.
Сахаба Зәйд ибн Халид әл-Жуһани (رضي الله عنه) пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқандығын жеткізеді.
مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ
«Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады»[1].
2. Ауыз аштырған кісіге періштелер дұға етеді.
Сахаба Әнас ибн Мәлік (رضي الله عنه) мынадай бір риуаят келтіреді.
«Алла елшісі (ﷺ), Сағд ибн Убаданың (رضي الله عنه) үйіне келеді. Сағд пайғамбарымызға ас ретінде нан мен зәйтүн майын әкеледі. Алла елшісі (ﷺ) алдына қойылған астан жейді. Артынша: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын! Астарыңды тақуалар жесін! Әрі періштелер сендерге (күнәларыңның кешірілуі үшін) дұға етсін!»,-деп дұға етеді[2].
3. Ауыз аштыру күнәлардың кешірілуіне себепші болады.
Сахаба Салман әл-Фариси (رضي الله عنه) пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқандығын риуаят етеді.
«من فطر فيه صائما كان له مغفرة لذنوبه وعتق رقبته من النار ، وكان له مثل أجره من غير أن ينتقص من أجره شيء ، قلنا : يا رسول الله ، ليس كلنا نجد ما نفطر به الصائم ، فقال رسول الله -صلى الله عليه وسلم- : " يعطي الله هذا الثواب من فطر صائما على مذقة لبن أو تمرة أو شربة من ماء»
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі, тозақтан азат болады. Әрі оған сауабы кеміместен ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап беріледі», – дейді. Біз: «Уа Алланың елшісі! Баршамыздың ораза ұстаған кісіге ауыз аштыратындай шамамыз жоқ»,-дедік. Алла елшісі: Алла бұл сауапты ораза ұатаған жанға бір құрмамен ауызашар аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге береді», – деді[3].
[1] Хадисті имам Тирмизи риуаят еткен.
[2] Хадисті имам Әбу Дәуіт риуаят еткен.
[3] Хадисті имам ибн Хұзайма риуаят еткен.
Бас имам медальмен марапатталды.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Ислам діні әрқашанда халықтар арасындағы достықты, ауызбірлікті, ырыс-ынтымақты қолдайды. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбек өңіріміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға елеулі еңбек сіңіруде.
Адал еңбек, шынайы ниет, төккен маңдай тер ескерілмей қоймайды. Жуырда облыс әкімі Нұралы Садуақасов өкіл имамға Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерекелік медальды салтанатты түрде тапсырды.
Бұл дін қайраткерінің қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға екендігі даусыз. Сондықтан барлық әріптестері оны осы марапатпен шын жүректен құттықтап, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, имандылық жолындағы жауапты қызметінде табыс тілейді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Достық үйіндегі рухани кеш үлкен ой салды.
Жуырда облыстық «Марал ишан» мешіті және Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Достық үйінде рухани кеш болып өтті. Бұл басқосу қасиетті Рамазан айының танымдық, тағылымдық жақтарына арналды.
Аталмыш жиынды Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы, «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Жақсылық қажы Ғайсин ашты. Ол өзінің сөзінде жылына бір келетін Рамазан айының тәрбиелік мәні мен маңызына ерекше тоқталды.
Содан кейін облыстық «Марал ишан» мешітінің жаңа тағайындалған найб имамы Абдукахар Ерматов жұртшылық алдына шығып, жиналған барша қауымды алда келе жатқан Рамазан айымен шын жүректен құттықтады.
Білімді де білікті маман көптің көкейінде жүрген әрі оларды ерекше қызықтыратын осынау киелі айдың танымдық жағына көп көңіл бөлді. Рамазан айында жұртшылықтың ерекше күтетін себебі дәл осы айда Құран түскендігін ағайындардың есіне салды.
Басқосуда облыстық Дін істер жөніндегі басқарманың бас маманы Сапарғали Әбдиев те залға жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтай келіп, жуырда ғана елордамыз Астанада әлемнің бірқатар елдерінің өкілдері бас қосқан съездің маңызы жөнінде де айтып өтті.
Сондай-ақ жиналған жұртшылық дін тақырыбына көптен бері қалам тартып жүрген көрнекті ақын Ақылбек Шаяхметтің Ораза туралы айтқан ғибратты сөздерін де ұйып тыңдады.
Біз көп ұлтты мемлекетте тұрамыз. Сол себептен де осынау жиынға өңірімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де арнайы келіп, мұсылмандарды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады.
Бұл орайда орыс қауымдастығынан арнайы келген Раиса Завгородняя және облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Александр Чернышовтардың шын жүректен шыққан игі лебіздері де жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Мұндай берері мол кештер қашанда ән-күйсіз өтпейтіндігі белгілі.
Сондықтан Әсел Жұмақұлова, Манапбек Кәдіров, Қыдырбек Қиысхан және Светлана Обухованың орындаған әндері мен толғауларын көпшілік жылы қабылдады.
Басқосудың соңында өңірдегі абыз қарттарымыздың бірі Сапар қажы ағайындарға алдағы Рамазан айына байланысты өзінің жылы лебіздерін білдіріп, өзінің ақ батасын берді.
Біз рухани кешке құрметті қонақ ретінде шақырылған ардақты ақсақалдарымызды әңгімеге тартқан едік. Облыстық мешіттің жанашыры Сайлаубай қажы Молдаш тағылымды жиыннан алған әсері жайлы былай деді:
- Мұндай кештердің ұйымдастырылғаны өте жақсы. Ол үшін облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы мен облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсинге айтар алғысымыз шексіз.
- Бұл биылғы Ораза алдындағы көпшілікке ой салар игі шара болды. Рамазан айының қадірі мен қасиеті жайлы жан-жақты айтылды. Меніңше, үлкен мен кіші басқосудан өздерінің таным көкжиектерін кеңейткендіктері даусыз.
- Жоғарыда баяндалған жиынға облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамдары Дархан Сыздықов, Асқар Қуатбекұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігініңбаспасөз қызметі
2008 жылдың қыркүйегінде медресе ресми түрде ашылды. Орал медресесі Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына қажетті дін мамандарын даярлайтындықтан 2008 жылдың 24 қыркүйегі күні аталған үш облыстан алғашқы 24 шәкірт қабылданды.
Медресенің тұңғыш директоры болып ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейітбеков тағайындалды.
Медресеге тиісті құжаттардың бәрі толықтай реттеліп, 2009 жылы 31 наурызда Әділет министрлігінен ресми түрде тіркеліп, №5089-1900-ДБ тіркеу куәлік берілді. Бизнес-сәйкестендіру нөмірі – БСН 090440006564.
Ал, 2010 жылы 29 сәуірде Орал медресесіне Білім және ғылым министрлігінен №0137381 серия АБ нөмірлі мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензия берілді.
Оқу мерзімі өзге де медреселердегідей 2 жыл 10 ай. Оқу жоспарына сай шәкірттер дәріс тыңдап, практикалық, зертхана сабақтарына қатысады, өзіндік жұмыспен айналысады. Соңынан курстық жұмыстар, сынақ, емтихан тапсырады.
2013-2014 оқу жылында медресені 12 шәкірт бітіреді.
Ғимараттың құрылымы цоколдік қабаттан, 1 және 2 қабаттан тұрады. Оқу орны орналасқан жер көлемі 0.3050 га. Оқу орнының жалпы көлемі 741,1 шаршы метр. Әкімшілік бөлімдер оқу ғимаратының 1-қабатында орналасқан және жалпы көлемі 62,8 шаршы метрді құрайды (1. Директор бөлмесі – 20,5 шаршы метр, 2. Оқу бөлімі – 15,8 шаршы метр, 3. Есепші – 13,2 шаршы метр, 4. Медициналық Пункт – 13,3 шаршы метр).
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы»
Республикалық ислами діни бірлестігінің
«Орал медресесі» жеке мекемесі
2015-2016 жаңа оқу жылына талапкерлерді оқуға
ШАҚЫРАДЫ!
Орал медресесі 2008 жылы негізін қалады. ҚР БҚО Әділет департаментіне 2012 жылдың 25-ші қазанында қайта тіркелді. Куәлік № 557-1926-01-М-е, электрондық жаңа мемлекеттік лицензия №013003435 2013 жылдың 5-ші наурызында берілген.
Сабақ қазақ және араб тілдерінде жүргізіліп, медресемізді үздік дипломмен тәмамдаған студенттерге Нұр-Мүбарак университетінде тегін оқу мүмкіндігі бар, оқу ақысыз, 2 жыл 10 ай, Шәкірттер жатақханамен және үш мезгіл тегін ас-сумен қамтамасыз етіледі.
Біліктілік:
0112013 – Имам хатиб;
0112023 – Ислам негіздерінің мұғалімі;
Құжаттар тізімі:
1. Ұсыныс;
2. Өтініш;
3. Жеке куәлік көшірмесі;
4. Аттестат немесе диплом (түпнұсқа);
5. Өмірбаян;
6. 086-У үлгісіндегі медициналық анықтама;
7. 063 үлгідегі егілу туралы анықтама;
8. Фото 3х4 (6 дана);
9. Скоросшиватель;
10. Конверт;
11. Наркологиялық, психотерапиялық диспансерден анықтама
12. Сотталмағандығы туралы куәлік талап етіледі.
Қабылдау мерзімі: Ү.ж. 1-ші шілдеден 10-шы тамызына дейін құжаттар қабылданады.
Мекен-жайымыз: Орал қаласы, Ж.Досмұхамедов көшесі, 22 үй.
(Базар аялдамасындағы Орал қалалық мешіті)
Тел: 8 (7112) 504002
Факс: 8 (7112) 504002
Ұялы тел: 8 702 480 8020, 8 701 379 6834