Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің кітапханасында баспасөз брифингі болып өтті. Оған аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин және наиб имамы Нұрлыбек Бикишев қатысты.
Дін қайраткерлері өңірдегі мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айына байланысты сұрақтарға нақты жауап берді.Онда Рамазан айының ерекшеліктері, ораза ұстау кестесі, ҚМДБ бекіткен пітір-садақа мөлшері және басқада маңызды жайлар айтылды.
Брифинг барысында «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің халыққа арнаған үндеуі жайлы әңгімеледі.
Сондай-ақ Рамазан айының шарттары, қайырымдылық шараларын өткізу, мешіттерде ауыз-ашар ұйымдастыру, зекет, пітір садақасы мен айт намазының оқу уақыттары жөнінде жан-жақты баяндады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне «Қош келдің, Рамазан!» атты аудан жасөспірімдерінің басын қосқан шағын футболдан сайыс өткізілді.
Берекелі айдың ұлықтығын паш ететін игі шараның шымылдығын мешіттің бас имамы Төлеген Керімбаев құттықтау сөзбен ашып, салауатты өмір салты қоғам үшін қашанда үлкен маңызға ие екендігіне тоқталды.
Спорт қашанда денсаулық кепілі.Мұны әрбір адам жете түсінуге тиіс. Бұл ауданда да салауатты өмір салтына айрықша назар аударылады. Жоғарыда аталған шара осы сөзіміздін нақты дәлелі.
Сонымен Рамазан айының қарсаңында өткізілген спорттық бәсеке қызықты әрі тартысты өтті. Онда бірінші орынды №3 Қарабалық орта мектебінің, екінші орынды №1 Қарабалық орта мектебінің, ал үшінші орынды Станционный мектебінің командалары жеңіп алды.
Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен арнайы кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айының құрметіне Рудный қалалық «Нұр» мешіті мен «Социум и Я» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кезекті спорт шарасы болып өтті.
Бұл жолы жамағаттың ауыз бірлігін нығайту мақсатында Қостанай облысындағы мешіт жамағаттары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Аталмыш жарыс жоғары деңгейде өтіп, ол көптін есінде қалды. Облысымыздың түрлі өңірлерінен келген мешіт жамағаттары намысты қолдан бермеуге тырысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Азамат Серікбайұлы бастаған жамағат жеңіске жетті.
Бірінші орынға ие болған Рудный шаһарының жамағатына мақтау қағазы мен теледидар табыс етілді. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындарды иеленген Қашар кенті мен Әулиекөл мешітінің өкілдеріне шаңсорғыш пен мақтау қағаздары берілді.
Спорттық шараның соңында жамағаттар Рудный қаласының кәсіпкері Марат Ахметов мырзаның «Мулима» атты жаңадан ашылған дәмханасындағы жайылған дастарханның басына жиналды.
Жиналған қауымға Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы уағыз айтып, баршаға алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасына ырыс-береке тіледі.
Сондай-ақ әңгімеге арқау болған Рудный қалалық «Нұр» мешіті және де Рудный ішкі істер басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында күрестің дзюдо түрінен де жарыс өткізілді.
Аталмыш шара кеншілер шаһарында орналасқан «Горняк» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған өңірден келген 10-12 жас аралығындағы 110 спортшы бақтарын сынады.
Жарыс соңында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Азамат Серікбайұлы мен Рудный ішкі істер басқармасының басшысы Серік Нүртаев өздерін көрсеткен спортшыларға шынайы алғыстарын білдірді. Жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен сыйылықтарды табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы негізінде Арқалық қалалық мешіті облыстық деңгейде Құран жарысын өткізді.
Бұл сайыс 30-шы параны және 25 cүрені жатқа, сондай-ақ Құранды мәнерлеп оқу секілді номинациялардан тұрды.
Осынау жарысқа жалпы 60 шәкірт қатысып, бақтарын сынады. Облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Манарбекұлы бастаған әділ қазылар тобы қатысушылардың білім деңгейіне ерекше мән беріп, бағалады.
Жарыстың қорытындысы бойынша 30-шы параны жатқа оқуда I-орынды Арқалық қаласының шәкірті, 6-шы сынып оқушысы Дінмұхамед Сәулетұлы, II- орынды қостанайлық Ерсұлтан Аминов, III-орынды арқалықтық Сағидолла Абсадық жеңіп алды.
Сондай-ақ 25 cүрені оқуда бірінші, екінші және үшінші орындарға арқалықтық Әділхан Сұлтанов, қостанайлықтар Зейнолла Оразхан, Хайролла Абылайлар ие болды.
Ал Құранды мәнерлеп оқуда бірінші және екінші орынды арқалықтық Нұралы Әлихан мен Нұрмұхамед Қапеновтер мен қостанайлық Абдрахман Әбілқасым жеңіп алды.
Сонымен қатар осы күні Рамазан айының құрметіне әр-түрлі спорттық ойындар да ұйымдастырылды.
Жеңімпаздарға мешіт атынан қаржылай сыйлықтар мен естелік хадиялар табысталды.
Облыстық мешіттің найб имамы Дархан Манарбекұлы екі күндік сауапты да игі істерді ұйымдастырған Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев бастаған ұжым қызметкерлері мен мешіт ұстазы Арлан Бауыржанұлына шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен екі күнге созылған «Қош келдің Рамазан!» атты рухани іс-шара өткізілді.
Алғашқы күні Ә.Боранбаев атындағы театрда аталмыш мешіттің сауат ашу курсы шәкірттерінің бастамасымен рухани кеш өткізілді. Ол кеш Рамазанның келуін насихаттайтын «жарапазан жырымен» басталды.
Одан кейін діни өлең-жырлар, тағылымды сахналық қойылымдар, ораза жайлы мағлұматтар жұртшылық назарына ұсынылды. Осынау басқосуға облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы қатысып, жастарға өнеге боларлық насихат айтты.
Сондай-ақ келесі күні 62 адам қатысқан Құран оқудан жарыс болып өтті. Онда жоғарыда әңгімеге арқау болған «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті сауат ашу курсының шәкірттері жарыста ерекше көзге түсті. Онда Дінмұхаммед Сәулетұлы, Сұлтан Әділхан, Нұралы Әлихандар жүлделі бірінші орындарға ие болды.
Сонымен қатар қол күрес, өгіз тартыс, ұлттық асық ойындары да жұртшылыққа үлкен әсер қалдырды. Жеңімпаздарға лайықты сыйлықтар табыс етілді.
Облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы осы сапарында УК 161\12 түзеу мекемесінде кездесу өткізіп, Арқалық қалалық және ауылдық мешіттерде жамағатқа уағыз айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі Рамазан айы қарсаңында қалалар мен аудандардың бас имамдарына семинар өткізді.
Басты күн тәртібіндегі мәселе алдағы ораза айында дайындықты пысықтау және Рамазан айындағы өткізілетін шаралардың жоспарын талқылау.
Осыған орай облыс көлеміндегі қалалар мен аудандардың бас имамдарына және елді мекендегі намазханалардың молдаларына қайырымдылық жасау, ауызашарлар беру, тегін қоғамдық қызмет шараларын ұйымдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар көпшілік қоғамдық орындарға, көшелерге, мешіт аулаларына, автобустарға, сауда және мәдени орындарда «Ораза қабыл болсын!» «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен бірегей баннерлер, плакаттар ілуді, халықтың оразаға деген ниетін оятып, ықыласын арттыратын кітапшалар, бүктемелер (буклет), парақшалар (брошюра), ораза кестелері, оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақ-жауап кітапшалары, т.б. таратуды қолға алу керектігі айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жылда көктем келісімен абаттандыру, тазалық жасау, зираттардың айналасын тазалау жұмыстарын жүргізу облыс көлеміндегі барлық мешіттерде үрдіске айналған. Аталмыш жұмыстар быйылда өзінің жалғасын тапты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет осы шараға ерекше көңіл бөлуде.
Соның айғағы ретінде жақында Қостанай қаласында Абай көшесі бойындағы ескі қорымның тазалау жұмысы ұйымшылдықпен атқарылды.
Оған мешіттердегі Жастар бөлімі, дін қызметкерлері, шәкірттер белсене қатысып, өздерінің бойларындағы асыл қасиеттерін көрсетті.
- Дүниеден өткен ата-бабаларымызға, барша азаматтарға құрмет көрсету тірілердің парызы. Сондықтан да мұндай игі мақсаттағы шаралар барлық қалалар мен аудандарда жалғасын табады,- дейді найб имам Икрам Бақытжан.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ
қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа
ҮНДЕУІ
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті отандастар!
Баршаңызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын!
Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауырларымыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын.
Қадірлі бауырлар!
Асыл дініміз Исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, бала-бақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту, т.б игі амалдарды «садақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты амалдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуде.
Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені, рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.
Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасына үн қосу баршамыздың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.
Құрметті қазақстандықтар!
Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек. Бүгінгідей бірлігіміздің арқасында мұндай жағымсыз, жаман оқиғалардың жолын кесе аламыз.
Ардақты ағайын!
Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.
Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.
Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр.
Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!
(Ескерту: 2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!)
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.
Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Қадірлі жамағат!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.
Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!
(Ескерту: 2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!)
Өскемен қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа Мәжілісінде биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды.
Әр облыстағы бидайдың бағасы ескеріліп, ортақ мөлшермен бекітілді. Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді.
Айта кетейік, пітір садақаны құрманың, мейіздің, арпаның, бидайдың құнымен де беруге болады.
Егер пітір садақаны бидаймен беретен болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ. Ал жарты сағ 1 келі 625 граммға тең. Ақшамен есептегенде (әр аймақтың бидай бағасына қарай) 1 келі 625 граммның құнын беру керек. Құрма, мейіз, арпадан да бір сағтың (3,25 кг) құнын беру қажет.
Еске сала кетейік, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
ҚМДБ Баспасөз қызметі